Зорлық-зомбылық актілері мақсатына жете алмайды – Сенат спикері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экстремизм, терроризм мәселелері және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырысы барысында Сенат спикері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезі әлемді толық дерлік конфессияаралық сенімнің дағдарысы жайлап алған кезеңде өткенін еске салды. Өкінішке қарай, экстремизм, терроризм мәселелері және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері әлі күнге дейін күн тәртібінен түспегеніне назар аудартты. Оның айтуынша, осы жылдар ішінде ғибадатханалары мен діндарларына экстремистер қастандық жасамаған конфессия жоқ деуге болады.

«Алайда біз бүгінгі күні мұндай зорлық-зомбылық актілері қоғамға іріткі салуды көздеген мақсатына жете алмайды деп сенімді түрде айта аламыз. Керісінше, олар планетамыздың барша тұрғындарының бейбіт өмір мен қауіпсіздік үшін ынтымақтасуына ықпал ете отырып, адамзатты біріктіретініне күмәніміз жоқ. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Жер бетіндегі бітімгершілік процесіне, адамдарды төзімділік мен сыйластық рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты деп санаймын», - деді Дариға Назарбаева.

Оның сөзіне қарағанда, съездің алғашқы декларациясының өзінде қатысушылар «діни ерекшеліктерді өшпенділік пен алауыздық құралы ретінде пайдалануға жол бермеуге барынша күш салып, адамзатты діндер мен мәдениеттердің жаһандық қақтығысынан қорғауға» дайын екендігі туралы, сондай-ақ «төзімділік, шындық, әділдік пен сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды кез келген уағыздың негізгі мақсаты ретінде ілгерілету» туралы мәлімдеді.

«Бүгін 2015 жылғы маусымдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші съезіне қатысушылар қабылдаған Декларацияның: «Әскери жанжалдар тараптарын қақтығыстарды тоқтатуға, бітімгершілік жариялауға және келіссөздер арқылы зорлық-зомбылықты тоқтатуға, бейбіт өмір сүріп жатқан азаматтарды қорғауға, барлық қарама-қайшылықтарды бейбіт түрде шешуге шақыру туралы» қағидаттарының бірін еске алған орынды сияқты», - деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съез қорытындылары мен Хатшылық қызметінің келешегі бойынша пікір алмасылады. Содан кейін 2021 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізу бойынша ұсыныстар талқыланады.



Соңғы жаңалықтар