«Жыр мұра» жобасы ұрпақты ұлттық өнерге баулиды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде «Жыр мұра» жобасы аясында жас ұрпақты жыр-терме мен қобыз тартуға баулуға мән беріліп отыр. Қазір 50-ден аса үйірмеде 500-ден аса шәкірт тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі белгілі жыр жампоздарымен кездесті. Еркін форматта әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесу алдында ұлттық өнерді айшықтайтын арнайы көрме тамашаланды. Онда ұлттық аспаптар мен бірнеше жыр-жинақтар ел назарына ұсынылды.

Келелі басқосуда Гүлшара Әбдіқалықова дәстүрлі өнер өкілдерінің өңірдің рухани-мәдени дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Ұлттық өнер жанашырларына құрметін жеткізді.

«Қорқыт бабадан бастау алған жәдігер өнерді жалғастырып келе жатқан Сыр сүлейлерінің әрбірі - бір-бір жеке философиялық мектеп, дүниетанушы ұлттық тәлімгер. Қастерлі өлке ұлт руханиятының алтын діңгегі. Қасиетті де киелі Сыр бойы - біріне-бірі өмірде жол, өнерде қол берген атақты Сыр сүлейлері шыққан өңір. Дәстүрлі өнердің дарабоз жанашырлары ретінде бүгінгі өздеріңізбен жүздесіп, руханият саласының өткені, бүгіні, келешегі жөнінде келелі ойлар айтып, емен-жарқын пікірлесу үшін жиналдық», - деді облыс әкімі.

Кездесу барысында белгілі жырау Алмас Алматов облыс әкіміне дәстүрлі өнерге көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдірді.

Осы кезге дейін ұсыныс ретінде айтылған Түркітілдес халықтарының дәстүрлі өнер академиясында ән-күй, жыр, айтыс, би бағыты бойынша жастарға грант бөлуді ұсынды.

Ал, жыршы, Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері Берік Саймағамбетов Қызылорда қаласында «Сыр сүлейлері музейін» ашу туралы ұсыныс айтса, дәстүрлі әнші Ақмарал Ноғайбаева облыс әкімінен Нартайдың шығармашылығына экспедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етуін сұрады.

Сондай-ақ, жыршы, Қорқыт мұрасын насихаттаушы Марат Сүгірбай дәстүрлі өнер кеңінен насихатталуына, өзге өңірлерде Сыр елінің еріктілерінің өнер көрсетуге қолғабыс етуді ұсынды.

Жыраулық өнерді жалғастырушы азаматтардың пікірлерін саралаған облыс әкімі ұлттық өнерді дамытуға оң серпін беретін әрбір ұсыныстың байыпты түрде қаралатынын қаперге салды.

Кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова жыршы, жырау Алмас Алматов пен Жиенбай жыраудың ұрпағы Бидас Рүстембековты мерейтойымен құттықтап, Сыр елі жұртының атынан қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Сондай-ақ, бірқатар өнер саңлақтарына құрмет төрінен көрінді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Шолпан Бимбетова, Серік Жақсығұлов, Айбек Тәңірбергенов марапатталды.

Ал, министрліктің Құрмет грамотасын Марат Сүгірбай мен Нұртілек Ахтаев иеленді.

Сондай-ақ, бірнеше өнер жанашыры облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Өңірдегі «Жыр мұра» жобасы аясында ашылған жыр-терме, қобыз сынды 50-ден аса үйірмеде 500-ден аса шәкірт тәрбиеленуде.

Үйірмелерден шыққан өнерпаздар республикалық, халықаралық деңгейдегі жыр додаларында жүлделі орындарды иеленумен қатар, дәстүрлі өнер мамандықтары бойынша арнаулы, жоғары оқу орындарында білім алып жүр.

Биыл да Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Дәстүрлі өнер» институтына дарынды жастарды оқытуға облыстық бюджеттен 6 грант бөлінді.

Келер жылы Сыр шайырлары Базар Жырау Оңдасұлының

180 жылдығы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығын атап өтіледі. Сондай-ақ, дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада ауыл әйелдерінің облыстық слеті өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар