Жылжымайтын мүлікті тіркеу процестері цифрлық форматқа ауыстырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жылжымайтын мүлікті тіркеуге байланысты процестердің бәрін жыл соңына дейін цифрлық форматқа ауыстырмақшы. Бұл туралы акционерлік қоғам төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдин Astana Hub алаңында өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтарына халық өте көп келеді. Ең танымал қызметтердің бірі жылжымайтын мүлікті тіркеуге байланысты. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 1 млн 600 мыңнан астам тіркеу жүргізілді. Әр рәсімді тіркеу үшін олар бірнеше рет келеді. Мұның бәрі біздің орталықтардың жүктемесін көбейтеді. Осы мәселені шешу үшін біз блокчейн технологиясы арқылы цифрлық инфрақұрылым түзіп бастадық. Бұл бізге деректерді сенімді алмасуға мүмкіндік береді. Оны әуелі ипотекалық кепілді рәсімдеу қызметіне кіріктірдік. Қыркүйек айында «Отбасы банк» осы процеске қосылып, ипотеканы онлайн рәсімдеуге көшті. Енд сол тәжірибені өзге банктер интеграциялап жатыр», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» өкілі.

Оның мәліметі бойынша, жыл соңына дейін жылжымайтын мүлікті тіркеу процестері цифрлық форматқа ауыстырылады.

«Клиент ипотеканы толық өтеген кезде, оған банкке барып, ипотеканы толық өтегені туралы құжатты алу қажет, одан әрі пәтерді кепілдіктен шығару үшін ХҚО-ға немесе нотариусқа баруы тиіс. Бұл процесті енді онлайн режимде істеуге болады. Банктен келген ақпарат бойынша біз ипотекасы толық өтелген үйді автоматты түрде кепілдіктен шығарамыз», - деді Сүйеніш Әбділдин.


Соңғы жаңалықтар