Жылыту маусымына дайындық қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режимде өткен отырысы барысында еліміздің күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындығы қаралды. Жиында аталған мәселеге қатысты ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, бірқатар өңірдің әкімдері есеп берді.

Карантиннің электр стансаларын жөндеуге кесірі тиді

Алдымен сөз алған Энергетика министрінің айтуынша, еліміздің Біртұтас электр энергетика жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен сенімді жабдықтау мақсатында энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы жалғасуда. Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр стансаларындағы 5 энергоблок, 31 қазан, 22 турбина жөнделді. Ал 3 энергоблок, 28 қазан мен 22 турбинаны жөндеу жұмыстары әлі де жүргізілуде.

«Аталған электр станцияларындағы жөндеу жұмыстары биылғы жылыту маусымының уақтылы басталуына әсер етпейді. Жөндеу жұмыстарын кешіктіру, негізінен төтенше жағдай мен карантин кезеңінде шетелден қосалқы бөлшектерді жеткізу кідірісімен және жөндеу жүргізетін мамандардың басқа елдерден Қазақстан Республикасының аумағына келуіне қойылған шектеулермен байланысты», - деді Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 25 828 шақырым электр беру желілерін, сондай-ақ 439 бірлік жоғары вольтты кіші стансаларды жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 25 152 шақырым электр беру желілері мен 428 кіші станса жөнделді. Бұл жылдық жоспардың 97 пайызын құрайды. Электр желілерін жөндеу бекітілген кестелерге сәйкес аяқталады. 457 орталықтандырылған жылумен жабдықтау қазандықтарын жылыту маусымына дайындық үшін 1149 қазанның 1132-сі жөнделді. Электр стансаларында қажетті отын жинақтау жалғасуда. Энергия көздері қоймаларындағы көмір қоры 4,5 млн тоннаны, мазут 104 мың тоннаны құрайды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі қазандықтардың отын қоймаларында 1 млн 41 мың тонна көмір, 35,5 мың тонна мазут жинақталған. Бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Жылыту кезеңіне ұсынылатын «әлеуметтік мазут» бағасы МӨЗ зауыттарында 1 тоннасы үшін қосымша құн салығын қоса алғанда 58 000 теңге деңгейінде болады.

«Қазіргі күн тәртібіндегі маңызды мәселе энергия өндіруші кәсіпорындардың отын үшін кредиторлық берешегі болып отыр. Себебі 28 қыркүйектегі жағдайға сәйкес, энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 4 млрд 600 млн теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» серіктестігі алдында жалпы сомасы 3 млрд 562 млн теңге берешегі бар», - деді министр.

Жылыту маусымында ерекше назар аударатын өңірлер бар

Еліміздің Энергетика министрлігі жылыту маусымына дайындыққа талдау жүргізіп, ерекше назар аударуды қажет өтетін өңірлерді анықтап отыр. Олардың қатарында елордамыздан бастап Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары бар. Мәселен, БатысҚазЭЖТК өңірлік электр желілік компаниясының электр желілерінің техникалық жағдайына ерекше көңіл бөлу қажеттігі анықталған. Нақты айтқанда, кәсіпорынды қаржыландыру проблемалары Батыс Қазақстан облысының электр желілерін толық көлемді жөндеуге, жаңғыртуға және реконструкциялауға мүмкіндік бермейді. Желілер тозған. Электр желілерін сенімді басқаруға алған компания міндеттемелерін іс жүзінде қажетті деңгейде орындамай отыр. Ал Қарағанды облысы Шет ауданының тұтынушыларына электр энергиясын беруді және таратуды жүзеге асыратын «Шет Энерго» серіктестігі қызметіне қатысты Энергетика министрлігіне тұрғындардан көптеген шағымдар келіп түсуде.

«Шет Энерго» серіктестігін тексеру нәтижелері бойынша, электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын электр желілерін пайдалану және олардың техникалық жағдайы бөлігінде бұзушылық анықталды. Бұған қоса, Серіктестік энергия беруші ұйымдарға қойылатын заңнама талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты, тексеріс материалдары құзыреті бойынша шаралар қабылдау үшін Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша Департаментіне және Қарағанды облысының прокуратурасына жолданды. Соңғы бірнеше жыл қатарынан қанағаттанарлықсыз техникалық жағдайына байланысты «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының 2-ші жылу электр орталығының қазандықтары апаттық жиі ажыратылып отырды. Соның салдарынан Теміртау қаласының тұрғындарын жылумен жабдықтау кестесі бұзылды. Өткен жылыту маусымында осы 2-ші жылу электр орталығында температуралық режимді сақтамау бойынша 17 жағдай тіркелді», - деді Нұрлан Ноғаев.

Министрдің айтуынша, 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымында елорданың жылумен жабдықтау жүйесі жұмысының режимдік картасына талдау жүргізілген. Талдау қорытындысы жылу энергиясының тапшылығын жабу үшін 2020 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған №8 қазандық агрегаты және 2-ші жылу электр орталығы №6 ст. турбинасын пайдалануға беру қажет екенін көрсеткен. Жоғарыда көрсетілген агрегаттар уақтылы пайдалануға берілмеген жағдайда, жылу энергиясының тапшылығы болуы ықтимал.

«Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне тұтынушыларды энергиямен сенімді және үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында 1-ші және 2-ші жылу электр орталықтарындағы 1-ші іске қосу кешендерін пайдалануға беруді жеделдету қажет деп санаймыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Сонымен қатар ол Түркістан облысындағы «Кентаусервис» кәсіпорны Кентау жылу электр орталығының жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға көңіл бөлу қажеттігін айтады.

«Орталықты жөндеу жұмыстарына жалпы 1 млрд 844 млн теңге жоспарланған болатын. Оның ішінде тек 479 млн теңге бөлінді. Бұл жөндеуге талап етілетін қаржы қаражатының 26 пайызын ғана құрайды. Облыс әкімдігінің қажет қаражат бөлуіне назарын аударамыз», - деді министр.

Энергия кәсіпорындарына айыппұл артуы мүмкін

Айта кетерлігі, биыл ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдарға коронавирус инфекциясы жағдайына байланысты жылыту маусымын алдын ала бастау туралы ұсыныс енгізген болатын. Осыған орай ағымдағы жылыту маусымы Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Батыс Қазақстан , Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында басталды. Осы жылдың 1 қазанынан бастап Ақтөбе және Атырау облыстарында жылыту маусымын бастау жоспарланып отыр. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жылыту маусымы 15 қазаннан басталмақ.

Дегенмен, еліміздің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын алуға міндетті энергетикалық кәсіпорындары аталған құжатты алуға асығар емес. Мәселен, паспорт алуға міндетті 293 энергетикалық кәсіпорынның 136-сына ғана министрлікке материал келіп түскен. Әзірлік паспортын қарау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері бойынша 67 энергия кәсіпорны әзірлік паспортын алды, 69 материал қаралуда. Ал бүгін әзірлік паспорттарын алуға арналған өтініштерді қабылдаудың соңғы күні. Энергия кәсіпорындарының әзірлік паспорттарын алуға арналған материалдарды ұсынбауының негізгі себептерінің бірі – әкімшілік айыппұл мөлшерінің төмендігі. Энергетикалық кәсіпорындар күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық шараларына шығындалғанша, айыппұл төлеген жеңіл де және ыңғайлы деп санайды.

«Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы жағдайларда жұмыс істеуге әзірлік паспортын алу мерзімін бұзуы – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осыған байланысты Энергетика және Әділет министрліктеріне энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын алмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату мәселесін пысықтауды тапсыруыңызды сұраймыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Көмір тапшылығы жоқ

Алдағы жылу беру маусымына сапалы және уақтылы дайындалу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен 2020-2021 жылдардағы жұмыс жоспарын бекіткен. Бекітілген жоспарға сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне: 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің 100 пайыздық дайындығын қамтамасыз ету; 2020 жылғы 15 қазанға дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала объектілерін, тұрғын үйлерді дайындауды аяқтау және барлық автономды жылу көздерін нормативтік отын қорымен қамтамасыз ету міндеті қойылған. Бүгінде еліміздегі 11 158 білім беру нысанының 99,6 пайызы, денсаулық сақтау нысандарының 99,2 пайызы дайын.

Жергілікті атқарушы органдар 10 662 қазандықты дайындыққа келтірген. Қалған 143 автономды қазандық бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы кезеңге жоспарланған 5038 шақырым жылу желілерінің 5 024 шақырымы жөнделді. Жөндеуге жоспарланған 14 213 шақырым сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымының 14 089 шақырымы дайын.

«Алдағы жылыту маусымына отын қажеттілігі 1237 мың тонна көмір мен 214 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінгі күні 1 139 мың тонна көмір және 144 мың тонна мазут дайындалды. Қазандықтар үшін мазутты сатып алудың қарқыны Ақмола, Жамбыл облыстарында төмен екені байқалады. Әкімдіктер автономды қазандықтар үшін отынды уақтылы сатып алу және әкелу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауы қажет», - деді осы мәселе бойынша сөз алған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның дерегінше, көмір өндіруші компаниялар 2020 жылдың 8 айында 69 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне сәйкес келеді. Көмірді экспорттау 18,5 млн тоннаны құрады. 2020-2021 жылдардағы кезеңде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтар мен халыққа арналған көмір тұтыну көлемі шамамен 10 млн тонна деп межеленген. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға 2,8 млн тонна, тұрғындарға 7,2 млн тонна болады. 28 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы жоспарға сәйкес көмір қорымен коммуналдық-тұрмыстық сектор 76 тұрғындар 65 пайыз қамтамасыз етілді.

«Барлық аймақтарда көмір қоры дайындалған және тапшылық жоқ. Өңірлер көмірді кестеге сәйкес жеткізіп жатыр. Жылу беру маусымына дайындық басталғаннан бастап осы жылдың 1 мамырынан осы күнге дейін теміржол көлігімен 22,1 млн тонна көмір тасымалданды. Темір жол көлігінің паркі қажеттілікті толық қамтамасыз етеді», - деді министр.

Коммуналдық қызмет тұтынушыларының берешегі артып тұр

Үкімет отырысы барысында Бейбіт Атамқұлов коммуналдық қызмет бойынша берешек өсіп кеткеніне көңіл аударған болатын. Мәселен, оның айтуынша, бүгінде коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 17 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылдың өзінде дебиторлық берешек 3,4 млрд теңгеге артты. 5 аймақта өсім байқалады. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары – 1 952 млн теңге, Алматы қаласы – 4 516 млн теңге, Шымкент қаласы – 2 523 млн теңге, Маңғыстау облысы – 1 438 млн теңге, Қызылорда облысы – 1 500 млн теңге берешек. Ал бұл монополистердің сапалы және уақытылы қызмет көрсетуіне әсер етеді.

«Жалпы жылу беру маусымына дайындық бекітілген жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатыр және тұрақты бақылауда», - деп сендіреді министр.

Дегенмен, ол алдағы жылу беру маусымына уақытылы дайындалу мақсатында әкімдіктер: осы жылдың 1 қазанына дейін барлық объектілерді дайындауды толығымен аяқтауы, барлық автономды жылу көздерін нормативтік отын қорымен қамтамасыз етуі; коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешекті азайтуы және ағымдағы берешектің өсуіне жол бермеу бойынша жұмысты жандандыруы және шаралар қабылдауы; халықтың арасында әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында өңірлерде көмір жеткізушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасауы; тұрақты негізде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтар үшін және халыққа көмір жеткізу бойынша мониторинг жүргізуі қажеттігін баса айтты.

Өңір әкімдерінің өз айтары бар

Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық жұмыстарын дұрыс жүргізе алмай отырған өңір ретінде жиі аталған өңірдің бірі – Батыс Қазақстан облысы болатын. Елордадан Үкімет мүшелері баяндама жасап болғаннан кейін сөз тізгіні тиген аталған өңірдің әкімі Ғали Есқалиев Индустрия министрлігінде көрсетілген мәлімет өткен аптаның басында болған жағдайға сәйкес берілгендігін алға тартады.

«Қазіргі таңда жағдай өзгерді. Соңғы аптада жұмысты жандандырып, келесі нәтижелерге қол жеткіздік. Біз қазандықтарды, электр қосалқы стансаларды және су құбырларын күрделі жөндеу бойынша жоспарлы жұмыстарды өткіздік. Автономды қазандықтардың дайындығы 95,7 пайызды құрайды. Сумен қамту және су бұру желілері 95 пайызға, жылыту желілері 100 пайызға дайын. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласының нысандары жылыту маусымына 100, білім беру нысандары 95,2 пайыз дайын болды», - деді ол.

Өңір басшысының айтуынша, бірқатар әлеуметтік нысан 25 қыркүйекте жылыту жүйесіне қосылды. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің 95 пайызы гидравликалық сынақтан өтті. Көппәтерлі тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар 5 қазанға 100 пайыз дайын болады.

«Тұрғындар және әлеуметтік нысандар отынмен толық қамтылды. Ауа райының болжамына сәйкес, алдағы 10 күнде орташа ауа температурасы +10 градустан жоғары болады. Облыс аудандары мен Орал қаласында электрмен жабдықтаудың автономды резервтік көздерін дайындау қамтамасыз етілді. Тәулік бойы жұмыс істейтін 72 апаттық бригада құрылды. Коммуналдық кешен нысандарында материалдық-техникалық ресурстардың азаймайтын резерві жинақталды. Алдағы жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда», - деді Ғани Есқалиев.

Ал Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бүгінде өңірдегі жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталғанын алға тартады.

«Барлық энергия көздерінде негізгі жөндеу жұмыстары аяқталып, стансалар штаттық режимде жұмыс істеуде. Отын қоры бар. Оны жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Инженерлік желілерде, оқшау қазандықтарды, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысандарды және көппәтерлі тұрғын үйлерді дайындау бойынша барлық жоспарланған жұмыстар аяқталды. Сыртқы ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты және маусымаралық ЖРВИ-мен сырқаттанудың артуына жол бермеу мақсатында биыл 25 қыркүйектен бастап облыстың солтүстік өңірлерінде жылыту маусымы басталды. Бүгінде жылуға 3 481 тұрғын үй және 775 әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысан қосылған», - деді өңір басшысы.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ауа райының қолайлы болуына байланысты облыстың оңтүстік өңірлерінде жылыту маусымы 1-15 қазан аралығында басталады.

«Министр көтерген мәселелерге қатысты айтар болсам, Теміртау қаласының 2-жылу электр орталығына жаңа 7-ші қазандықты салу бойынша бүгінгі таңда қазандықтың құрылысына арналған алаң дайын. Подольск машина жасау зауыты 907 тонна көлемдегі қажетті жабдықтар мен металл құрылғыларының бір бөлігін жеткізді. Ал «АрселорМиталл Теміртау» қазандық жабдықтарын дайындау және қажетті тораптар мен агрегаттарды жеткізу жұмысын жандандыру үшін комбинат басшыларымен кездесу өткіздік. Жоспар бойынша келесі жылдың күзіне дейін жұмыстардың бәрі аяқталады. Екінші мәселе, көмірмен қамтамасыз етуге қатысты өңірде көмір сататын 35 пункт бар. Автономды жылыту желілеріне 854 мың тонна және тұрмыстық қажеттілікке 558 мың тонна көмір жөнелтілді. Аталған нысандарға алдағы аптаның соңына дейін көмір толық көлемде жеткізіледі. Көмірдің орташа бағасы өткен жылдың деңгейінде қалды», - деді облыс әкімі.

Премьер жүктеген міндеттер

Тұтынушыларды сапалы жылумен қамтамасыз етуге әкім жауапты

Отырыста талқыланған мәселені қорытындылаған еліміздің Үкмет басшысы Асқар Мамин жалпы өңірлердің әкімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік салаларды, жылу және энергия нысандарын жылыту маусымына дайындау бойынша жақсы жұмыс жүргізгендігін атап өтті. Мысалы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша жоспарды 100 пайыз орындағанына баса назар аударды. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы автономды қазандықтар үшін көмір дайындау жөніндегі жоспарлы көрсеткіштерді аяқтағанын айтты.

«Сонымен қатар, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында коммуналдық қажеттіліктер мен халық үшін отын дайындау деңгейі жеткіліксіз. Осыған орай мынадай тапсырма беремін. Бірінші. Әкімдер белгіленген мерзімдерде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын (көмір, мазут, газ) жеткізуді аяқтасын. Энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдармен бірлесіп, жылыту маусымын жүргізуге дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етсін. Тұтынушыларды сапалы жылумен қамтамасыз етуге жеке жауап бересіздер», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы екіншіден, өңірлердің әкімдері екі апта мерзімде белгіленген тәртіппен көмір дайындау және сату пункттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізу кестесін, бағалардың негізділігі мен сатылатын көмірдің сапасын тексеруді жүргізуі тиістігін баса айтты.

«Бізде өндірілетін көмірдің көлемі жеткілікті, сондықтан көмірмен қиындықтар болмауы керек», - деді ол.

Сонымен қатар Асқар Мамин еліміздің Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігіне Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Үшінші. Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін өтеу жөніндегі жұмыстар күшейтілсін. Жалпы Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері өңірлер әкімдіктерінің барлық объектілерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын аяқтауын бақылауға алып, мониторингтеуді қамтамасыз етсін. Бұл мәселені Үкімет үнемі бақылауда ұстайды», - деп қорытындылады сөзін Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар