Жылыту маусымына дайын емес кәсіпорындарға жауапкершілікті күшейту керек- Ноғаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика кәсіпорындарына күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын алмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылыту маусымы Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында басталды. Осы жылдың 1 қазанынан бастап Ақтөбе және Атырау облыстарында жылыту маусымын бастау жоспарланып отыр. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жылыту маусымын 15 қазаннан бастап жоспарланып отыр. Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдарға коронавирус инфекциясы жағдайына байланысты жылыту маусымын алдын ала бастау туралы ұсыныс енгізді», - деді ол.

Министрдің дерегінше, 28 қыркүйектегі жағдай бойынша, күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын алуға міндетті 293 энергетикалық кәсіпорынның 136-сынан материал келіп түсті. Әзірлік паспортын қарау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері бойынша 67 энергия кәсіпорны әзірлік паспортын алды, 69 материал қаралуда.

«Бүгін әзірлік паспорттарын алуға арналған өтініштерді қабылдаудың соңғы күні екенін әріптестерімнің қаперіне саламын. Энергия кәсіпорындарының әзірлік паспорттарын алуға арналған материалдарды ұсынбауының негізгі себептерінің бірі – әкімшілік айыппұл мөлшерінің төмендігі. Энергетикалық кәсіпорындар күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық шараларына шығындалғанша, айыппұл төлеген жеңіл де және ыңғайлы деп санайды», - деді Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы жағдайларда жұмыс істеуге әзірлік паспортын алу мерзімін бұзуы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

«Осыған байланысты Энергетика және Әділет министрліктеріне энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын алмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату мәселесін пысықтауды тапсыруыңызды сұраймыз», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар