Жылуға қатысты Жаңатастағы оқиға: Аудан әкімі қызметінен кетті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімі қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес, Жақсылықов Бақытжан Алпысұлы Сарысу ауданы әкімінің қызметінен босатылды.

Бақытжан Жақсылықов бұл лауазымға өткен жылдың 4 шілдесінде тағайындалған еді.

Еске сала кетсек, 9 ақпанда Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласында орталық қазандық істен шығып, 20 мыңнан астам адам үш күн бойы жылусыз және ыстық сусыз қалған болатын. Нақтырақ айтқанда, барлығы 92 көпқабатты үй және 40-тан астам бюджеттік мекеме жылудан ажырады.

Кейін бұл жағдай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты талқыланып, апатқа кінәлілер тиісті жазасыз қалмайтындығы айтылды.

Төтенше жағдайға қатысты арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, жуырда ғана облыстағы Меркі және Жуалы аудандарының әкімдері ауысқан еді.


Соңғы жаңалықтар