Жылу маусымы: 2 млн-нан астам тұрғын үй иесіне өрт қауіпсіздігі түсіндіріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда өрт салдарынан адамның мерт болу көрсеткіші өскен. Бұл туралы ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының басшысы Ерлан Төрегелдиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылу беру маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігі акциясының 1-ші кезеңі ұйымдастырылды. Аталған шара барлық өңірде 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өтті. Акцияға біздің мамандармен қатар әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау органдарының өкілдері де атсалысты. Бүгінде ТЖМ қызметкерлері еліміз бойынша 66 000-нан астам тұрғын үйді аралап шықты. Осы орайда 2000 үйдің тұрғыны өрт қауіпсіздігі тексерісі мен кеңестен бас тартты. Жалпы 195 000 азаматқа өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқау берілді. Одан бөлек, 18 мыңға жуық тұрғын үйден 41 000 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі анықталып, оның 12 000-нан астамы сол жерде жойылды»,- деді Е. Төрегелдиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әлеуметтік осал топқа жататын 107 мыңан астам отбасының тұрғын үйі есепке қойылды.

«15 қыркүйек 15 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі акциясының II кезеңі өткізіледі. Өткен жылыту маусымы кезіндегі тәжірибе көрсеткендей, өрт қауіпсіздігі шарасы алдымен автономды жылыту жүйесіне қосылған тұрғын үй иелеріне түсіндіріледі. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың тұрғын үйлеріне бару жұмысы жалғасады. Осы орайда өрт қаупінің алдын алу шарасы үйлерді аралап, үгіт-насихат материалдарын таратумен ғана шектелмейді. Өрт қауіпсіздігін бұзып отырған тұрғын үйлері анықталып, тиісті шара қолданылатын болады. Жалпы жыл соңына дейін 2 млн-нан астам жеке тұрғын үйді аралауды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.

ТЖМ өкілі берген мәліметке сүйенсек, жаз мезгілінде жеке тұрғын үйлерде 2 мыңнан астам датчик орнатылды.

Бұған дейін Е. Төрегелдиев елімізде өрт кезінде қаза тапқандар қатары 20 пайызға артқанын айтты.



Соңғы жаңалықтар