Жылу беру маусымы: Әкімнің қарым-қабілеті сынға түсер сәт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы жылу беру маусымы Үкіметке де, жергілікті атқарушы органдарға да үлкен сын болатын түрі бар. Олай деуімізге қазірдің өзінде Теміртау тұрғындарының қақаған қыста жылусыз қалу қаупінің қоюланып, оңтүстіктегі Кентау тұрғындарының да төбесінен осы кепті кию қатерінің сейілмей тұрғандығында болып отыр. Тіпті, елорда іргесіндегі Ақмола облысына қарасты Талапкер тұрғындарының да күн суытқанда жарықсыз қалуы, батысқазақстандықтардың тозығы жеткен электр желілерінің апаттық ажырауы салдарынан электр энергиясына мұқтаж болуы да ықимал болып тұр. Дегенмен, бүгін Үкімет мүшелерінің басын қосып отырыс өткізген Премьер-Министр Асқар Мамин жылу беру маусымында келеңсіздіктерге жол бермеу қажеттігін баса айтып, министрлер мен әкімдер алдына нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Жылу беру маусымы немқұрайлықты кешірмейді

Сонымен, жоғарыда аталған мәселелер бойынша негізгі баяндама жасаған Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің дерегінше, энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы жалғасып жатыр. Бекітілген кестеге сәйкес электр станциялардағы 4 энергоблок, 18 қазан, 19 турбина жөнделді. 2 энергоблок, 25 қазан мен 16 турбинаны жөндеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Жоспар бойынша 20 464 шақырым электр тарату желісі жөнделу керек болса, оның 13 773 шақырымы жөнделді. 462 қосалқы станцияның 316-сы қалпына келтірілді. Аталған стансаларға қажетті отын қорын жинақтау жұмысы да қарқынды жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде олардың қоймаларында 3,5 млн тонна көмір және 90 мың тонна мазут бар. Бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Бірақ, энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін ауқымды кредиторлық берешегі маңызды мәселеге айналатын түрі бар.

«Осы жылдың 10 қыркүйегіне «ҚазТрансГаз-Аймақ» мекемесі алдындағы берешек 757 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» кәсіпорны алдында жалпы сомасы 2, 629 млрд теңге берешегі бар»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.

Осы орайда министр жылыту маусымына дайындыққа жүргізілген талдау ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар өңір бар екендігін анықтағанын айтады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында нарық субъектілері арасында төлемақы жүргізбей, берешек жинақтау проблемасы қалыптасқан. Бұл энергия өндіруші ұйымдар тарапынан тұтынылған газ үшін төлемге де әсер етеді. Сонымен қатар өңірдегі 83 электр желісінің ескіріп тозуына байланысты апаттық ажыраудың өсу қаупі байқалады.

«Батыс Қазақстан Өңірлік электр желілік компаниясының меншік иесі – Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне шұғыл іс-шаралар қабылдау ұсынылады», - деді ол.

Мағзұм Мырзағалиев алдағы жылу беру маусымында Қарағанды облысында да түйткілді жайттардың орын алуы ықтималдығы жоғары екенін баса айта келе өңір әкімдігіне Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетімен бірлесіп, Теміртау қаласында күзгі-қысқы кезеңнің өтуін ерекше бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының екінші жылыту электр орталығындағы негізгі жабдықтың техникалық нашар жағдайы және жөндеудің төмен қарқыны Теміртау қаласының жылумен жабдықтау тапшылығына әкелуі мүмкін», - деді министр.

Сонымен қатар ол «BASSEL GROUP LLS» кәсіпорнының ГРЭС-1 электр станциясындағы жұмысы ерекше назар аударуды талап ететінін айтты. Өйткені, осы жылдың басынан бастап аталған электр станциясы толық тоқтатылып, 4 апаттық ажырату болған.

«Энергетика министрлігіне Қарағанды облысы Шет ауданының тұтынушыларына электр энергиясын беруді және таратуды жүзеге асыратын «Шет энерго» кәсіпорны қызметіне халықтан көптеген шағым түсуде. Министрлік «Шет энерго» кәсіпорнына қатысты бақылау жұмысының нәтижесі бойынша өз құзыреті шегінде тиісті іс-шаралар қабылдады. Бұдан басқа, Ұлттық экономика министрлігіне және Қарағанды облысының прокуратурасына табиғи монополиялар субъектісі – «Шет Энерго» кәсіпорнына ден қою іс-шараларын қабылдау жөнінде хат жолданды», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, Түркістан облысына кіретін Кентау жылу электр орталығы - «Кентаусервис» жылу желілерінің жөндеу жұмыстарын қаржыландыру проблемасы бар. Жөндеу жұмыстары жалпы сомасы 1 млрд 980 млн теңгеге жоспарланған. Сондай-ақ алдағы жылу беру маусымын өткізу үшін отын сатып алуға 1 млрд 273 млн теңге қажет. Ал бүгінгі таңда Түркістан облысының әкімдігі 646 млн теңге ғана бөліп отыр. Ақмола облысында да жылу беру маусымына дайындық барысында проблемалар бар. Мәселен, 2021 жылдың 10 шілдесінде болған ірі апат салдарынан өңірдің Талапкер кентінің әуе электр желілеріндегі сымның 4 аралығы күйіп кеткен. Иә, жөндеу жүргізілген. Бірақ, ол уақытша ғана іс-шара. Демек, Ақмола облысының әкімдігі зақымдалған электр желілерін қалпына келтіруге қажетті қаржы мәселесін шұғыл шешуі тиіс.

Энергетика министрі сөзін түйіндей келе күзгі-қысқы кезеңді сәтті өткізу іс-шараларын атады.

«Жалпы, 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңді сәтті өткізу үшін келесі іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Бірінші - электр станцияларындағы, электр желілеріндегі барлық жөндеу жұмыстарын толық көлемде орындау. Екінші - отын жеткізушілер алдындағы берешекті азайту, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың жеткізушілер алдындағы дебиторлық берешегін төмендету», - деді министр.

Үшіншіден, ол елді мекендердің білім, денсаулық сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын, әлеуметтік және мәдени сала объектілерін жылумен жабдықтау жүйесіне уақтылы қосуды қамтамасыз ету керектігін айтты.

Төртінші - еліміздің тіршілік үшін өте маңызды коммуналдық нысандарын, әсіресе денсаулық сақтау нысандарын дербес электрмен жабдықтаудың резервтік көздерімен қамтамасыз ету. Бесінші, жылыту кезеңінде электр станцияларына, қазандықтарға және өңір халқының қажеттіліктеріне көмір мен мазуттың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету қажет, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Көмір тапшы болмайды

Кей жылдары жылу беру маусымы басталған сәтте көмір сататын база маңында отын іздеген халықтың арасында кикілжің туындап, тіпті соңы қайғылы оқиғаға ұласқан оқиғалар да болғаны белгілі. Ал биыл мұндай келеңсіздіктің болмайтынын, жұрт дүрлігетіндей жайттың, яғни көмірдің тапшылығы орын алмайтынын еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып отыр.

«Алдағы 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына сапалы және уақтылы дайындалу мақсатында министрлік жұмыс жоспарын бекітті. Оған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының 100 пайыздық дайындығын қамтамасыз етуі және 2021 жылғы 15 қазанға дейін барлық коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала нысандарын, тұрғын үйлерді дайындауды аяқтауы және барлық дербес жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет болды. Осы жылдың 6 қыркүйегінен бастап Президент Әкімшілігімен бірлесіп, өңірлердің алдағы жылу беру маусымына дайындығын тексеру жүргізіліп жатыр», - деді министр.

Оның айтуынша, дербес қазандықтар үшін алдағы жылу беру маусымына отынға деген қажеттілік шамамен 3 млн тонна көмір мен 68 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінгі күні 2,6 млн тонна көмір және 60 мың тонна мазут дайындалды. Ал коммуналдық-тұрмыстық және тұрғындар үшін қажетті көмір көлемі шамамен 9,2 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға - 2,8 млн тонна, халыққа 6,4 млн тонна көмір қажет.

«Көмір бағасы нарықтық қатынаста қалыптасатынын және мемлекет тарапынан реттелмейтінін айта кету қажет. Әкімдіктердің ақпараты бойынша өңірлердегі көмірдің құны тоннасына 5 мың теңгеден 19 мың теңгеге дейін өзгереді. Бұл ең алдымен көмірдің маркасына, өндіру шығындары мен жеткізу қашықтығына байланысты», - деді министр.

Жалпы, Индустрия министрлігінің дерегінше, 2021 жылғы қаңтар-тамызда шамамен 68 млн тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 98,5 пайызды құрайды. Айта кетерлігі, «Богатырь көмір» «Шұбаркөл көмір» және «Қаражыра» сынды ірі көмір компаниялары да көмір өндіруді арттыра түскен.

«Жалпы, барлық өңірлерде жеткілікті мөлшерде көмір қоры жинақталған, дүрлікпе мен тапшылық болмайды. Теміржол көлігі паркі көмірді толық көлемде тасымалдауды қамтамасыз етеді», - деді ол.

Бейбіт Атамқұлов жылу беру маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүріп жатқанын және министрліктің тұрақты бақылауында тұрғанын айтады.

Алдағы жылу беру маусымына уақтылы дайындалу мақсатында әкімдіктер белгіленген мерзімде білім, денсаулық сақтау объектілерін, тұрғын үйлерді және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дайындау бойынша барлық жөндеу жұмыстарының орындалуына бақылауды қамтамасыз етуі қажет», - деді ол.

Сонымен қатар министр жергілікті атқарушы билік көмір тапшылығын болдырмау мақсатында көмір жеткізушілерімен белсенді өзара іс-қимыл жасауы тиістігін де ескертіп отыр.

«Монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін тарту арқылы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір бағасының заңсыз өсуін болдырмау керек. Дербес қазандықтар үшін отынды уақтылы дайындау және қолда бар дебиторлық берешекті өтеу бойынша іс-шаралар қабылдауы тиіс»,- деді Бейбіт Атамқұлов.

Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірлердің әкімдіктері автономды жылу көздерінің бәрін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі тиістігін баса айтты.

«Жалпы өңірлер әкімдіктерімен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік сала объектілері мен жылу-энергия көздерін жылыту маусымына дайындау бойынша жұмыс жүргізілді. Өңірлерде жылыту маусымы жоспар бойынша басталады. Әкімдіктер инженерлік желілерде, білім беру, денсаулық сақтау объектілері мен үйлерде жоспарланған жөндеу жұмыстарының бәрін белгіленген мерзімде аяқтасын. Энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдармен бірге аса қысқа мерзімде жылыту маусымын өткізуге әзірлік паспорттарын алуды қамтамасыз етсін. Өңірлердің әкімдіктері автономды жылу көздерінің бәрін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етсін», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы көмір тапшылығына жол бермеу үшін өңірлерде көмір жеткізушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасауды және коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік үшін әрі тұрғынға отын жеткізуді ұдайы мониторинглеуді тапсырды.

«Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және де тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін жабу жұмысын күшейту керек. Бұл мәселе Үкіметтің ұдайы бақылауында болады», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар