Жылқышылар құрықпен жылқы ұстаудан өнер көрсетті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Туристер жылқышылардың құрықпен жылқыны қалай ұстайтынын тамашалады - Тяньшаньнет


ҚХР Ішкі Моңғол автономиялық өлкесінің Шижумучин ауданындағы моңғол жылқышылар туристерге жылқыны қалай құрықтайтынын көрсетті, - деп жазады «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

«Туристерге арналған мәдени іс-шара Байынқошур сұмынындағы ақбоз жылқы тұқымын өсіру базасының жайлауында өтті. Жылқышылардың жылқыға құрық салып ұстау өнері туристерді ерекше қызықтырған. Сонымен бірге аталған шарда қонақтарға жергілікті халықтың басқада дәстүрлі мәдениетті көрсетілді. Оқырманға осы думанды іс-шараның фоторепортажын ұсынамыз», - деп жазады Тяньшаньнет.


Еске сала кетейік, желмен жарысқан жүйрікті қолға үйретіп, ұстауы қазақ халқының да дәстүрлі шаруашылығының бір саласы. Қазақтардың да жылқы ұстауда ең жиі пайдаланылатын құралы - құрық. Құрық 5-6 метрлік жіңішке қайыңға қылдан есілген арқан тағу арқылы дайындалады. Құрықты асауға ат үстінен де, жаяу да салады. Жылқыға құрық салу жігіттің күш-қайратын, ептілігін сынайтын өнер. Ал құрық тимеген асауды құлақтан басу - жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін дүние. Бұдан басқа асау жылқыларды ұстау үшін бұғалық салу, шалма түсіру, тұзақ құру әдістері де қолданылады.


Самарқант әуежайы 62 млн долларға қайта жаңартылады - - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Самарқант әуежайының жаңа көрінісі «кітапқа» ұқсас болады. Оның құрылыс жобасын Түркияның «Kiklop» және Өзбекстанның «Primetime Group» компаниялары жүзеге асырады, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Жоба жетекшілерінің мәліметінше жаңа әуежай 2021 жылда пайдалануға беріліп, оның аумағында 22 ұшақ үшін тұрақ пен ұшу қону жолағын салу жоспарланған. Толықтай іске асқаннан соң әуежай өзінің өткізу қабілеттілігін сағатына 600-ден 1 200 адамға дейін арттыра алады және ол «Ашық аспан» режимінде жұмыс бастайды», - деп жазады «ӨзА» агенттігі.


Қазақстан қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығын атап өтті - «Жэньминь жибао» (People Daily)


Қазақстан халқы 10 тамызда жаңа ресми мереке «Абай күнін» атап өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты «Синьхуа » ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.


«Қазақстан мемлекеті 10-шы тамыз күні тұңғыш рет «Абай күнін» қарсы алып, қазақтың ұлы тұлғасы, философ, ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуын атап өтті», - деп жазады «Жэньминь жибао» сайты.


Еске сала кетейік, 30 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың туғанына 175 жыл толуын атап өту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Қазақстанда алғаш рет жаңа ресми мереке «10 тамыз – Абай күні» болып бекітілді.



Моңғолияның Хүннү Эйр әуе компаниясы Қазақстанға рейс ашады - - KAZNEWS


Моңғолияның Хүннү Эйр (Күнну эйр деп оқылады - ред) әуе компаниясы Қазақстан Республикасына тұрақты рейс ашады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Шекара ашылып, ұшуға мүмкіндік берілген кезде біз Ұланбатыр-Алматы-Ұланбатыр бағытына тікелей жолаушы тасымалдауды бастаймыз. Сондықтан қазірден бастап дайындық жұмысына кірістік» - делінген компания хабарламасында. Хүннү Эйр әуе компаниясы Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен шетелдік тасымалдаушыны тіркеу туралы куәлігін алған», - деп жазады KAZNEWS порталы.


Түркі кеңесі елдерінің денсаулық сақтау қызметкерлері жиналыс өткізді - TRT


Түркі кеңесі Денсаулық ғылыми кеңесінің жиналысы екінші рет ұйымдастырылды. Жиналыста коронавирустың жаңа түріне байланысты жаңалықтар талқыланды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасына қарағанда, жиналыс Түркі кеңесі бас хатшысы Бағдат Әміреев басшылығында өтті. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары және Түркі кеңесі Денсаулық ғылыми кеңесінің төрағасы профессор Емине Алп Меше басқарған жиналыста COVID-19 пандемиясындағы соңғы мәліметтер бөлісілді. Жиналысқа Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан өкілдер қатысқан. Министр орынбасары Проф. Алп Меше жиналыста Ковид-19-бен күрес шеңберінде Түркияның Түркі кеңесіне мүше елдермен жүргізген ынтымақтастығы және көмек жұмыстары жөнінде мәлімет берді», - деп жазады TRT.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, шарада ТР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылыми кеңесінің мүшесі Проф. Хакан Түрікчапар «Ковид-19 эпидемиясымен күресте жеке адам және қоғам психологиясын басқару» атты баяндамасын оқыған. Жинлыста сонымен бірге Түркі кеңесіне мүше елдер арасында ортақ дерек қоры қалыптастыруды, вакцина жұмыстары және мүше елдердің медициналық қызметкерлеріне онлайн білім беру бағдарламалары талқыланып, 23-28 тамыз күндерінде Измирде болатын «Вакцина семинары» жөнінде де мәселелер қарастырылған.


Қазақстанда 17 тамыздан бастап халықаралық рейстер ашылады - «Фарс» ақпарат агенттігі


Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 17 тамыздан бастап халықаралық рейстердің қайта ашылатынын хабарлады, деп жазады «Фарс » ақпарат агенттігі.

«Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанда коронавирустың алдын алу саласындағы ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын, эпидемиологиялық жағдайдың деңгейін ескере отырып, ДДСҰ картасына сәйкес 17-ші тамыздан бастап Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь, Германия, Нидерланд, Египет, Украина және Ресей елдерімен арадағы халықаралық рейстер кезең-кезеңімен қайта ашылады. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер негізінде тұрақты рейстерді қайта ашу мәселесі Қазақстанның тиісті министрлігі мен аталмыш елдердің әуе тасымалы басшыларымен талқыланды», - деп жазады Рarstoday.



Соңғы жаңалықтар