Жыл соңына дейін азық-түлік тауарлары бағасы қанша көлемде өседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі жыл соңына дейін 6 пайыздан аспайды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің бағалауымызша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі тұрақтанады және жыл соңына дейін 6 пайыздан аспайды. Бұл болжам барлық қолданыстағы факторларды және бағаны тұрақтандыру бойынша жоғарыда аталған мемлекет қабылдаған шараларды ескере отырып жасалды. Тұтастай алғанда, өркениетті бөлшек сауда мен сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс, айналым схемасын қаржыландыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тежеу жөніндегі жол картасы аясындағы жұмыстардың мониторингі мен үйлестірілуін күшейту, «Азық-түлік корпорациясы» ресурстарын ұтымды бөлуді қамтамасыз ету бағаны тұрақтандырудың негізгі факторлары болып саналады», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, нарық тарапынан бағаның төмендеуіне бірінші кезекте ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемінің өсуі мен өркениетті бөлшек сауда дамуы оң әсер етеді.

«Бағаларды онлайн режимде мониторингілеу үшін министрліктің аумақтық бөлімшелері мен әкімдіктер dosmart.kz онлайн жүйесін пайдаланады. Бұл жүйе ML технологияларымен өңдеуге және 1% кэш-бэк алуға арналған фото чектерді қоса, жеке тұлғалардан өзекті деректерді жинауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ дүкендерде бағалар мен өнімдердің бар-жоғын мониторингілеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп тоқталды Б. Сұлтанов.

Қазіргі уақытта бағаны тұрақтандыру шеңберінде Министрлік мынадай жүйелі жұмыстар жүргізуде: стационарлық емес сауда базарларын жаңғырту және сауда жабдықтарын сатып алу үшін ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ету; электрондық сауданы дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу; Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылдың басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4 пайызға өсті.


Соңғы жаңалықтар