ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 2015 жылғы мерекелер аса зор патриоттық өрлеу туғызды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін айшықты оқиғаларға толы болды. Олар негізінен ұлттық рухты, еліміздің бірлігі мен қоғамдық келісімді көтеруге бағытталған шаралар. Елбасының шешіміне орай, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын, Ата Заңымыздың 20 жылдығын елдік деңгейде мерекелеу қамтылды. Бұл мерейтойлардың жалпыұлттық құндылықтарды сіңіруде орасан зор рөл атқарғандығы анық.

Біз Ұлы Даланың ұрпақтарымыз!

Қазақстан бойынша биыл Қазақ хандығының құрылу мерейтойына арналған көптеген аса ірі шаралар өтті. Жыл басынан бері республика көлемінде халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Ел ішінде мәдени-спорттық шаралар да мерейтой айшығына айналған. Ал айтулы оқиғаның негізгі бөлігі қыркүйектің 11-інде Астанада бастау алып, елордада үш күнге ұласқан той өтті. Осы орайда барша Қазақстан халқы Қазақ хандығының 550 жылдығын ресми тойлауға кірісті.

Атап айтқанда, бұл шараның шымылдығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Салтанатты жиынмен ашылған еді. Осы шараға Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия парламентінің төрағасы Исмет Йылмаз қатысқанын еске салып өткен жөн.

«Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр. Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын»,-деді Елбасы.

Осы орайда Президент Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілткенін қадап айтты. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді-мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынының арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты.

Бір айдан кейін, яғни қазанның басында 2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда Елбасының қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылды. «Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған. Керей мен Жәнібек артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде, қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүниежүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп осыны жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық», - деді ҚР Президенті Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсімінде.

Ата Заңның өзінің жоғары мәртебесі бар

Қазақстан Конституциясының әлеуеті өте зор. Осы тұрғыда еліміз зор жетістіктерге жетіп, Тәуелсіздігімізді мығымдай түстік. Биыл Қазақстан халқы Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өтуде. Осы 20 жылдың ішіндегі тарихымызға зер салатын болсақ, 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған қазіргі Ата Заңымыз барлық мәселелерді ескеріп, биліктің үш тармағына, яғни атқарушы билік, заң шығарушы билік және сот билігінің әрқайсысының қызметін анықтап, бекітті. Конституциямыздың біздегі мемлекеттік басқару институтын, қоғамдағы тұрақтылықты, сондай-ақ жалпы мемлекет ретінде қалыптасуымыздың барлық алғышарттарын дұрыс айқындауы арқасында Қазақстан өркендеудің даңғыл жолында.

Жалпы Қазақстан Конституциясын әрбір отбасы жете түсінуі маңызды. Негізінде Қазақстан Ата Заңы дегеніміз, бұл тұрғыда құқықтың бірінші орында тұрғанын білдіреді. Яғни, адамның өмірі мен бостандығының қорғалуына айрықша мән беріліп отырғандығын меңзейді. Сондықтан мемлекетіміздің өркендеуі мен ары қарай дамуы осы Ата Заңға байланысты.

Биылғы тамыздың аяғында Конституцияның қабылдануының 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

«Біз барын бағалап, қымбатын қадірлей білген елміз. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң - тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылықтар жинағы. Мемлекеттігіміздің алтын қазығын қастерлеу - әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Конституцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтасақ, алар асуымыз әрдайым асқақ болады. Сол арқылы Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсеміз. Ата Заңымыздың мерейлі белесі құтты болсын! Елдігіміздің тұмары болып асқақтай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алар асуларымыз әрқашан биік болсын!»,-деді Президент.

Ұлы Жеңісті мәңгілік ұлықтап өтетін боламыз

Биыл да Қазақстанда 7 мамырда Отан қорғаушылар күні айрықша тойланды. Оның ерекшелігі - Астанада Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадта болып отыр.

«Қазақ Елi» алаңындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған парадқа әскери қызметшілер мен әскери техника рекордтық көлемде тартылды. Парадқа 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200 дана шамасында қару жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысуда. Сонымен қатар, ҚР Қарулы күштерінің техникасынан тыс, Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері де көрсетіледі.

Осы орайда ту ұстаушы топтар ҚР Мемлекеттік туы мен осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі - Жеңістің қызыл туын алаңға алып шығу рәсімі болды. Парадтағы жаяу тізбектер шеруін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебінің барабаншылары ротасы ашты. Олардың соңына ілесе Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери киім үлгісіндегі үш парадтық топ жүріп өтті. Бұл ретте, бірінші топ Ұлы Отан соғысы кезінде құрамында біздің жерлестеріміз соғысқан 72 гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесін ұстап өтті.

Салтанатты сапты ҚР Қорғаныс министрлігінің, Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің офицерлерінен құралған парадтық топтар жалғастырды. Аэроұтқыр әскерлерінің, теңіз жаяу әскерлерінің, бітімгершілік күштерінің, арнайы мақсаттағы роталар, әскери қыз-келіншектерден құралған роталар, әскери полиция роталары да парадта сап түзеп өтті.

Сонымен қатар, парадқа қатысатын әскери техникаларға тоқталсақ, тарихи әскери техникалардың тізбегін өздігінен жүріп өтетін Т-34 танкі, ЗиЛ-157 сүйреткен ЗИС-2 зеңбіректері және М-30 гаубицалары, аты аңызға айналған БИ13 РС-30 "Катюша" техникалары бастады. Сонымен қатар, "Максим" пулеметі, РПД (Дегтяреа қол пулеметі), ППШ (Шпагин тапанша-пулеметі) де парадқа қатысушылар назарына ұсынылды.

Парадқа қатысқан қазіргі техникаларға тоқталсақ, заманауи техникалар шеруін басқарылатын қарумен жарақтандырылған Т-72Б танкі бастады. Бұдан өзге, алаңда танктерді қолдау жауынгерлік машиналары, соңғы жылдары қазақстандық армияның сапына қосылған жауынгерлік машиналар, "Солнцепек" жаяу әскер жауынгерлік машиналары, БТР-82 бронетранспортерлер, Д-30, "МСТА" гаубицалары, КамАЗ, автокөліктері "Тигр" бронды көліктері, жауынгерлік барлау көліктері және басқа да заманауи әскери техникалар жүріп өтті.

Мұнымен қоса, парадта авиашоу ерекше болды. Әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ құрамында жоғарғы пилотаж фигураларын орындап, өз шеберліктерін көрсете білді, сондай-ақ әуеде Ұлы Жеңістің мерейтойын білдіретін «70» санын жазды.

Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өткен Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадта сөз сөйлеген ҚР Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Ұлы Жеңісті мәңгілік ұлықтап өтетінін баса айтты.

«Екі күннен соң Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толады. Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 млн 200 мың жерлестеріміздің тең жартысы соғыста ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысында жұмылып, Жеңіске өз еңбегін сіңірді. Қас дұшпанға атылған әрбір оқта қазақ жерінің үлесі зор», -деді Жоғарғы Бас Қолбасшы.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әскерлердің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы - тұрақтылық темірқазығы

Биыл ел өмірінде өзіндік маңызы бар ұйым - Қазақстан халқы Ассемблеясының құрылғанына 20 жыл толды. Бүгінде әлемдік сарапшылар Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының жұмысы - бұл бірегей тәжірибе екенін, ондай тәжірибе басқа мемлекеттер тарапынан зерттеуді қажет ететінін алға тартуда. Атап айтқанда, ұлтаралық келісім бұл мағынасыз мәселе емес. Мемлекет басшысының шешіміне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы бүкіл жыл бойы аталып өтті.

2015 жылдың аяғына қарай Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтіп, ҚХА Төрағасының орынбасары - Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов биыл атқарылған игі істер жайында баяндап берді.

«2015 жыл ҚХА жылы ғана емес, ол ең алдымен бірліктің, елдіктің, Тәуелсіздігімізді нығайтатын ерекше жыл болды. ҚХА жылы шараларын өткізуді ұйымдастыруға барша ел азаматтарын, азаматтық қоғам институттарын, барлық мекемелерді, мемлекеттік органдарды жұмылдыру қамтамасыз етілді. 5426 елді мекенде өткізілген 30 мыңнан астам шараларға 9 миллионға жуық адам қатысып, бұл шараларда ауылдық жерлер де қамтылды»,-деді Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар ол биыл Қазақстандағы этностар үшін мемлекеттік тілді меңгеру жылы болғанын атап өтті. Жалпыұлттық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясында 235 мың баланың қатысуымен 7 863 шара өткізілді. 43 мыңнан астам бала мемлекеттік тілді толық меңгеріп шықты.

Оның сөзіне қарағанда, ҚХА жылы мақсаттарына қол жеткізу үшін 16 жалпыұлттық жобалар жүзеге асырылып, олардың барлығы нақты нәтижелерге бағытталды.

Ассамблея жылында қайырымдылық акцияларына ерекше мән берілді. «Тайқазан. ҚХА -20 ізгі іс» басты жобасы аясында 6 953 шара өткізіліп, ел халқына 1 млрд. 790 млн. теңге сомасында көмек көрсетілді. Сонымен қатар «Қамқор» акциясы барысында аз қамтылған отбасылар 413 млн. теңгеге көмек алды. «Менің Қазақстаным» акциясында 920 мыңнан астам адам қатысып, медициналық көмекті 50 мыңнан астам алды.

Соңғы жаңалықтар