Жыл басынан бері Қазақстан өндірістерінде 564 адам зардап шекті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері еліміздегі өндірісте жазатайым оқиға салдарынан 564 адам зардап шекті. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді, бұл жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудың маңызды талабы болып табылады. Қазақстанда жыл сайын 400-ден астам кәсіптік аурулар тіркеледі. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірістік жарақат алғандардың саны 10%-ға азайып отыр. Оның ішінде қаза тапқандардың саны 16%-ға төмендеді. Ал мың адамға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін түсті», - деді Серік Шәпкенов Үкімет отырысында.

Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша жазатайым оқиғаның салдарынан 564 адам зардап шекті. Олардың 19,5%-ы тау-кен, металлургия кәсіпорындарында, 10%-ы құрылыс саласында және 4,5%-ы коммуналдық шаруашылығында жарақат алды.

«Ресми статистикаға сәйкес 2020 жылы кәсіпорындарда зерттелген 1,6 миллион жұмыскердің 367 мыңы немесе 22% зиянды еңбек орнында жұмыс істеген. Олардың басым көпшілігі өнеркәсіптік өңірлерде, яғни Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында қызмет еткен. Әрбір екінші адам шу мен дірілдің, ал әрбір үшіншісі жұмыс аймағында газдың ластануы мен шаңданудың жоғары жағдайында еңбек етеді. Экономика салалары бойынша зиянды еңбек жағдайында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне тиесілі», - дейді Еңбек министрі.


Соңғы жаңалықтар