Жүздеген шәкіртім жолымды қуды – қолөнерші Дәуей Шатырбайұлы

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Келлеровка елді мекенінің тұрғыны Дәуей Шатырбайұлы отбасы мүшелерімен бірге қазақтың қолданбалы қолөнерімен айналысады. 45 жыл ұстаздық еткен қарттың алдынан мыңдаған шәкірт өтіп, олардан жүздеген қолөнерші, дизайнер, суретші, архитектор шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тайынша ауданы Келлеровка елді мекеніне Дәуей Шатырбайұлы 1990 жылдары Моңғолиядан қоныс аударды. Көпшілік қарияны он саусағынан өнер тамған шебер ретінде біледі. Қазақтың ұлттық қолөнеріне балаларын да баулып, бай мұраны атадан балаға мирас етіп келеді.

«Жастайымнан қолөнермен шұғылдануды армандадым. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді ғой. Әкеміз қолы месекерлі, бір рудың шебері атанған сыйлы адам еді. Арғы аталарымыз да зергерлік өнермен шұғылданыпты.

Кішкентайымнан әкемнің және ауыл ұсталарының бұйымды жасау технологиясын қызыға қарап, тезірек есейіп, қолөнерші болуды асыға күттім. 10 жасқа келгенде әкеме етіктің қалыбын жасауға көмектесіп, оқтау сияқты тұрмыс бұйымдарын өз үйіме ғана емес, ауылдастарыма жасап беріп, қолымнан іс келетіндігі жайында маңайға таныла бастадым», - дейді Дәуей Шатырбайұлы.

Шебердің негізгі мамандығы – бастауыш сынып және конструкциялық еңбек пәнінің мұғалімі.

«Ұстаздық еткен 45 жылдың 30 жылында еңбек пәнінің мұғалімі болып, оқушыларыма конструкциялық еңбек пен ұлттық қолөнерді ұштастырып үйреттім. Ол кезде еңбек пәнінің бағдарламасы сан-салалы болды да, оны мұғалім өзі жете меңгермесе, баланың алдында мамандығының босаңдығын танытып қалатын. Сондықтан бос уақытымда өзім үнемі талпынып, атақты зергерлермен, ағаш шеберлерімен кездесіп, олардан зейін қойып үйрендім де, өз білгенімді оқушыға үйреттім. Кейін еңбегім ақтала бастады, аймақтағы озат ұстаздардың қатарына қосылдым», - дейді қолөнерші.

1970 жылы Моңғолияда ұстаздықтан бөлек отбасылық қолөнершілер тобын құрып, тері илеп, тон, тымақ тігіп, былғарыдан белбеу, күміс белбеу жасап, ата-бабадан қалған кәсіпке ұлдарын да баули бастайды.

«Жұбайым Сейілхан Тоқырқызы, қыздарым мен келіндерім де жіп иіріп, терме тоқып, тұскиіз, төсекжапқыш, кимешек сияқты ұлттық киімдерді тігеді. Осылайша, аймақ-ауылға қолдары месекерлі отбасы ретінде танылдық. Бұл еңбегімізді Моңғолия елі ерекше бағалап, маған «Отбасылық үлгілі ұстаз - асыл іс иегері» деген төсбелгімен марапаттады.

Мен өзім жарты ғасыр қолөнермен айналысып, балаларымды, немерелерімді қолөнерге баулыдым. Ұстаздық еткен жылдары алдымнан мыңдаған шәкірт өтіп, олардан жүздеген қолөнерші, дизайнер, суретші, архитектор шықты. Бұл – менің еңбегімнің нақты жемісі. Ұлттық қолөнердің ізбасарларын жалғастыруға белгілі дәрежеде үлес қостым деп есептеймін. Моңғолда мынадай бір нақыл сөз бар: «Ісмер адам ой-саналы болады» дейді, шындығында қолөнермен шұғылдану дегеніміз ой-санамен қауышып, төзімділікпен нәтижеге жету. Ол үшін көп ойлап, көп еңбектену қажет», - дейді қария.

Моңғолияда көптеген өнер фестивалі, көрмелерге қатысып, алтын-күміс медальдарға ие болған Дәуей Шатырбайұлы Қазақстанға, атамекенге қоныс аударғалы да аудандық, облыстық, республикалық көрмелерге қатысып, отбасылық музей ашып, ұлттық өнерді насихаттап, көрерменнің зор ықыласына бөленіп жүр.

«Менің қолымнан шыққан бұйымдардың басты ерекшелігі – электр-механикалық саймансыз, нақты ертеден келе жатқан қол саймандар – негізінен қашау, пышақ, түрпі арқылы жасалады. Жасайтын бұйымдарымыз – киіз үй, аң-құстар бейнеленген кәдесыйлар. Ағаш ыдыс-аяқтар: табақ, саптыаяқ, ожау, шелек, тостаған, бүркіт, ат әбзелдері, теріден жасалған жанторсық.

Оларды жасауға қолданатын материалдарым, ағаш, сүйек, мүйіз, тұяқ, киіз, тері, мыс, қағаз.

Бұйымдарымның бір бөлігін Моңғолияға мұражайға сыйға тартып кеттім. Және осындағы жергілікті мектепке сыйладым. Менің еңбегім шетелде жоғары бағаланды. Елге келісімен СҚО әкімінің, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, мақтау қағаздарымен марапатталдым. 2019 жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атандық.

Өз қолыммен жасалған бұйымдарымның барлығы – өзіме қымбат. Ұлттық қолөнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!», - дейді Дәуей Шатырбайұлы.


Соңғы жаңалықтар