«Жусан» гуманитарлық операциясының кезеңдері аяқталды - ҰҚК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков «Жусан» гуманитарлық операциясы кезеңдеріне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жусан» операциясының барлық кезеңдері аяқталғанына тоқталған ол, «Өздеріңіз білесіздер, Ирактан 14 баланы алып келдік. Әзірге, осы тектес шаралар жоспарланып отырған жоқ, себебі қақтығыс аймақтарында жүрген біздің азаматтар бойынша тиісті жұмыстарды жүргізудеміз. Яғни оларға қатысты бізде толық ақпарат болмай тұр», - деді Н. Білісбеков Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Бұдан бөлек ол жүзден астам Қазақстан азаматы қақтығыс аймақтарында жүргенін, олар негізінен Сирия аумағында екенін айтты.

«Бұл тұрғыда 36 ер адам, 80-ге жуық әйел қалып отыр, ал балалар бойынша нақты айта алмаймын», - деді ҰҚК өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Жусан» гуманитарлық операциясының төрт кезеңін қорытындылады.

«2019 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен Сириядан 595 Қазақстан азаматы қайтарылды. Операцияның бірінші кезеңінде 47 адам, оның ішінде 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала, екінші кезеңінде 231 адам, оның ішінде 16 ер адам, 59 әйел және 156 бала (18 жетім), үшінші кезеңінде 246 адам, оның ішінде 8 ер адам, 67 әйел және 171 бала (9 жетім), төртінші кезеңінде 71 адам, оның ішінде 3 ер адам, 19 әйел және 49 бала (5 жетім) елге жеткізілді. Осылайша, жалпы Сириядан қайтарылғандар саны – 595 азамат (33 ер адам, 156 әйел, 406 бала (32 жетім)», - деп хабарланды ҰҚК Youtube парақшасынан.


Соңғы жаңалықтар