Жүрсін Ерман айтыс ақындарының рейтингі қалай жасалатынын айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман әр айтыс алдында ақындар рейтингі қалай жасалатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Айтысқа қомақты жүлде тігу үрдісі 1997 жылдың қазан айында басталды. Осы уақытқа дейін 300-дей көліктің не өзі, не құны ақындарға берілді. Бестен, оннан, отыздан көлік мінген ақындар бар. Біз әркімге қол жайып, атқа мінген әкімнің қайсысының ұлттық өнерге жаны ашиды – соған байланысты жүлде тағайындап келе жатқан болатынбыз. Ендігі жерде біздің басымыз ауырмайтын болды. «Nur Otan» партиясы айтысты қаржыландыруды қамқорлыққа алды. Өткен жылдың қазан айында өткен айтысты, «Алтын домбыраны» да Мәдениет және спорт министрлігі қаржыландырып отыр. Оның құпия-сыры жоқ. Мысалы, «Алтын домбыра» додасына 30 миллион теңге көлемінде шығын шықты. Ол тек жүлде ғана емес. Ақындардың жолпұлы, жатын орыны, ішетін тамағы, сахнаның безендірілуі – бәріне ақша шығады», - деді Жүрсін Ерман.

Оның айтуынша, қазылар алқасының еңбегі де орасан. Оларға да 200-300 мың теңге көлемінде ақы төленеді.

«Жақында біздің айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының елордадағы филиалы ашылып, соған кірдік. Сол жердегі одақтың белсенді қызметкерлерінің бірі – ақын Еркебұлан Қайназаров. Бұрын да «Nur Otan» партиясымен бірігіп, ақындардың жыл бойғы айтысқа қатысып, алған орындарына байланысты орын беріледі. Бас жүлде алған ақынға 100 ұпай, бірінші орын алғанға 75 ұпай, одан кейінгілерге 50 ұпай, қатысқаны үшін 5 ұпай беріліп, рейтинг түзіледі. Рейтинг осылай қалыптасады. Ертеңгі Абай бабамыздың құрметіне орай өткізілгелі отырған айтыстың ақындары солай анықталды. Рейтингті сайтымыз арқылы жариялап отырамыз», - деді Жүрсін Ерман.

Жүрсін Ерман ақындардың арасында өте қуатты жастар легі қосылып жатқанын қосып өтті.

Еске сала кетсек, ертең елорданың Астана-концерт залында «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» республикалық айтысы ұйымдастырылады .

Айтыстың жалпы жүлде қоры – 10 миллион 400 мың теңге.


Соңғы жаңалықтар