Жүргізуші куәлігінен айырылған Тараз тұрғыны 1 жылдай қоғамдық көлікті айдап келген
Анықталған жүргізуші 2018 жылдың соңында қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол ережесін бұзғаны үшін көлік жүргізу құқығынан айрылған. Алайда ол туралы жұмыс орнына хабарламаған.
Жүргізуші куәлігінсіз жүрген азамат күнделікті тасымал барысында сыртқы жарығы жоқ көлікті басқарып жүргендігі белгілі болған. Сонымен қатар, ол осыған дейін жол ережесін бұзғаны үшін сегіз рет әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
«Осы жүргізушіге қатысты екі хаттама толтырылды. Ол бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне орай 3 айлық және 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Оның басқаруындағы қоғамдық көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды», - деді Тараз қаласы ІІБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Нұржан Керебаев.
Сондай-ақ, жол-техникалық инспекция бөлімінің мамандары осы маршруттық автобустың техникалық жағдайы мен пайдаланылуына, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерін орындамағаны үшін жауапты жеке кәсіпкер де әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығын айтады.