Жүректің ишемиялық ауруына 40-50 жастағы ер адамдар жиі шалдығады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жүректің ишемиялық сырқатына шалдыққандар саны артып келеді. Соңғы бір жылда диспансерлік есепке қойылғандар 1 мың адамға артып, 24 155 адамды құраған. Облыстық көпсалалы аурухананың кардиологиялық орталық дәрігері Марина Митенко ҚазАқпарат тілшісіне жүректің ишемиялық ауруы туралы, одан қалай сақтануға болатындығы жайлы сұхбат берді.

- Марина Серғазықызы, жүректің ишемиялық ауруы дегеніміз не? Ол қаншалықты қауіпті дерт?

- Жүректің ишемиялық ауруы – бұл миокардтың жүрек бұлшықеттерінің қанмен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігі. Артерияның ішкі жағында холестерин ошақтары пайда болып, тамырды тарылтады, яғни атеросклероз себеп болады. Қан тамырларының қабырғасындағы холестерин түйіншектері үлкейіп, тамырды 90-95 %-ға тарылтқанда – бұл өте қауіпті болып есептеледі. Коронарлық қан ағысын баяулатады, тіпті сырқат қозғалмағанның өзінде өзін нашар сезінеді. Қазіргі уақытта жүректің ишемиялық ауруы емделеді, сондықтан қорқудың қажеті жоқ. Алайда ол бүгінде кең таралған. Әлем бойынша жүрек аурулары ішінде өлім-жітімнен бірінші орында тұр, сондай-ақ барлық жүрек ауруларының 40 %-ын осы жүректің ишемиялық аурулары құрайды.

- Аталған сырқаттың пайда болуына, дамуына не себеп?

- Бұл ауру холестерин деңгейінің жоғарылауы секілді факторға тәуелді, холестерин атеросклероздың дамуына әсер етеді және жүректің ишемиялық ауруының болу қаупін 2-5 есеге арттырады. Артериялық қан қысымының жоғарылауы да ауру даму ықтималдығын 2-6 есеге арттырады. Темекі шегу де дертті 1,5-6 есеге жақындатады. Сондай-ақ артық салмағы бар адамдардың да жүректің ишемиялық ауруына шалдығуы 3 есеге жоғары болады. Ал қант диабеті ишемиялық ауруға шалдығу қаупін 2-4 есеге арттырады.

- Жүректің ишемиялық ауруы бар науқастардың ортақ портретін жасап көріңізші...

- Негізінен 40-50 жастағы ер адам, оның ата-анасы ауырған болуы мүмкін. Сондай-ақ соңғы 5 жыл бойы күніне 10 және одан да көп мөлшерде темекі тартады. Холестерин көрсеткіші жоғары, қант диабетімен ауырады, аз қозғалады – гиподинамия және соның салдарынан семіздік бар.

- Бұл аурудың белгілері қандай, қай уақытта дәрігерге жүгінген жөн?

- Әдетте әлсін-әлсін қол, жауырын немесе мойынға берілетін кеуде тұсында, кеуденің сол жағында ауыру сезімі пайда болады. Кеуде қысып, ауаның жетіспеушілігін сезінесіз. Ол 30 секундтан 5-15 минутқа дейін созылуы мүмкін. Нитроглицерин тез әсер етіп, ауруды тыяды. Жалпы әлсіздік, сондай-ақ кеуденің сыздап ауыруы немесе ауырлық пайда болады, жүрек айнып, құсуыңыз мүмкін.

- Бұл дерттің емі барын айттыңыз, қалай емделеді?

- Оны кешенді түрде емдеу керек. Жәй ғана симптомдарды жою жеткіліксіз. Барлық ишемиялық ауруларды толық емдеп жазу мүмкін емес. Бұған қазіргі медицина қауқарсыз. Бірақ, ауруды жеңілдететін, асқынудың алдын алатын, өмір сапасын жақсартатын ем-домның түрлері бар. Негізгі мақсат миокардты қанмен дұрыс қамту. Алайда терапевтік әдістер нәтиже бере бермейді. Сондықтан хирургиялық тәсілдер қолданылып, аорта-коронарлық шунттау сияқты бірқатар ота жасалады. Бүгінде жүректің коронарлық артерияларын тексеру үшін коронаграфия жүргізіледі. Ол арқылы қандай тамырдың қаншаға тарылғанын, қандай артериялардың зақымдалғанын, қай жерде және қанша аумақты алып жатқанын білуге болады.

- Көп ауру – тамақтан деп жатамыз. Жүректің ишемиялық ауруы кезінде қалай дұрыс тамақтанған жөн?

- Ия, дұрыс айтасыз, ішкен тағамға мән берген жөн. Тағамның құрамында ақуыз, майлар, көмірсу, микроэлементтер, дәрумендер жеткілікті болуы тиіс және холестерин, май мен тұзы аз өнімдерді пайдаланған жөн. Сондықтан теңіз тағамдары мен көксерке, нәлім, алабұға сияқты балық түрлерін, өсімдік майы қосылған кез келген көкөніс салаттарын, майсыз ет түрлері –тауық, иыр, қоян еттерін, ашыған сүт өнімдері – май пайызы төмен айран, қаймақ, ірімшікті, кез келген жеміс-жидектерді және олардан жасалған тағамдарды, тауық жұмыртқасының сарысын – аптасына кемінде 4 данадан асырмай, жарма және күріштен басқа, кез келген ботқа түрлерін тұтынуды ұсынамын. Ал ет және балықты, оның ішінде сорпаны, кондитер өнімдерін, қант, жарма мен күріштен жасалған тағамдарды, ащы және тұздалған тағамдарды, сондай-ақ шоколад пен кофе, какаоны пайдаланбауға немесе оларды тұтынуды азайтуға кеңес берер едім. Жүректің ишемиялық ауруы болған жағдайда аз-аздан күніне 5-7 рет тамақтанған жөн.

- Өңірде бұл дертпен ауыратындар көп пе?

- Диспансерлік есепке алынғандар саны соңғы бір жылда мың адамға артқан. Мәселен 2020 жылы 23 138 адам есепте тұрса, былтыр олардың саны 24 155 науқасқа жетті. Сондай-ақ екі жыл бұрын 2,5 мың адамда дерт жаңадан анықталса, былтырғы көрсеткіш те дәл осындай.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар