Жүрегіңді сақта: Жүрек аурулары, ота жасау және кардиолог кеңестері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жүрегіңнің ауыратынын сезбей жүре берудің себебі неде? Жүрегіне ота жасатқан адам кімнің бейнесін жадында жаттап қалады? Ота жасату барысында қайтыс болған адамның жақындары ең алдымен кімге ренжиді? Науқастың диагнозын ЭКГ-дан да жақсы анықтайтын не нәрсе? Дүниежүзілік жүрек күніне орай осы және басқа да сұрақтарға №2 Нұр-Сұлтан қалалық көпбейінді аурухананың кардиологы Айнұр Үркімбаева жауап берді.

ДЕРЕУ 103-КЕ ХАБАРЛАСУҒА ҮШ СЕБЕП

- Айнұр ханым, адамның ең аяулы жері – жүрек. Ол не үшін аяулы? Жүректің қызметі қандай?

- Жүрек – адам ағзасындағы мотор. Қанайналым жүйесіне жүрек жауап береді. Ол күретамыр арқылы іске асады. Күретамырдан шыққан қан бүкіл ағзаға тарайды. Жүректің маңызы осында. Жүректің тоқтағаны – өмірдің тоқтағаны. Жүрек сол үшін аяулы.

- Қазақстанда жүрек ауруларының қандай түрлері жиі кездеседі?

- Жүрек қан-тамыр аурулары қазір дүние жүзінде кез келген жарақат ауруларынан озып, бірінші орынға шығып кетті. Ең жиі кездесетіні – артериялық қан қысымының жоғарылауы. Екінші орында – миокард инфарктісі, яғни жүрек талмасы.

- Адам бойында қандай белгілер болған кезде шұғыл дәрігерге қаралу керек? Негізгі 3 себепті айта аласыз ба?

- Қорқуға тұрарлық ең басты белгі– жүрек, кеуде тұсының қысып, күйдіріп ауыруы. Ауырсыну сол қол, жауырын асты, жақ асты, сол жақ мойын тұсына беріледі. Екінші белгі – ауа жетпей қалу, ентікпе. Үшінші белгі – денеден суық тер шығу. Бойыңызда осындай белгілер болса міндетті түрде 103-ке хабарласуыңыз керек. Кейде жүрек ауруы мен басқа дертті шатастырып келетіндер болады. Мысалы, жүрек ауруына шағымданып келген адамның өзін нашар сезінуіне тұмау, дене қызуының жоғарылауы себеп болуы мүмкін. Инфаркт кезінде адамның дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілмейді. Өкпенің қабынуы, асқазан жарасы немесе қабырға сынған кездегі ауру белгілері мен жүрек ауырған кездегі белгілер ұқсас болады. Жалпы, жүрек талмасына ұқсас белгілері бар 25-27 түрлі ауру бар.

БАТЫРЛАР НАЙЗА ТИГЕННЕН ЕМЕС, ЖҮРЕГІ ҰСТАП ӨЛГЕН ШЫҒАР?

- Жүрегі ауырған адам не себепті дәрігерге қаралуды кейінге қалдыра береді?

- Бірінші себеп – науқас жүрегі ауыратынын білмеуі, сезбеуі мүмкін. Мысалы, қант диабетімен ауыратын адамдардың жүйке жүйесі «желініп» кетеді, яғни науқас ауырып тұрғанын сезбей қалады. Екіншіден, адамдардың көбі денсаулық жағдайына салғырт қарайды. Кеуде тұсы қысып, біраз уақыт өткеннен кейін басылып қалса – ол да дәрігерге барып қаралу туралы ұмытып кетеді.

- Көбінесе науқастар жүрегі ауыратынын дерттің қай сатысында біледі?

- Біздің қоғамда дертін асқындырып келетіндер көп. Жүректі 40 жастан бастап тексерткен дұрыс, бірақ қазір 20 жастағы адамдар да инфаркт алып жатады. Демек, ешкімде бұл дертке шалдықпау туралы кепілдік жоқ.

- Демек, қазіргі уақытта бұл дерт «жасарып» бара ма?

- Иә, солай болып тұр. Негізі бұрынғы уақытта да болған деп ойлаймын. Мүмкін бүгінгідей көп емес шығар, дегенмен әлі ешкім жоққа шығара қоймады. Үлкен кісілеріміз «Біздің ата-бабаларымызда жүрек талмасы деген болмаған» деп айтып отырады. Мен бұған күмәнмен қараймын, себебі ол кезде ешкім зерттеу жасап, статистика жүргізген жоқ. Мүмкін соғыс алаңындағы батыр кеудесіне найза тигеннен емес, найза тимес бұрын жүрегі ұстап өліп кеткен шығар? Бар айырмашылық сол – ол кезде дертті ерте анықтайтын медициналық құралдар болған жоқ, ал қазір ондай құралдар мен сондай ақпаратты жылдам тарататын ғаламтор бар.

ҚАН АЙНАЛЫМЫН ЖАҚСАРТАТЫН СПОРТ ТҮРІ – ВЕЛОСИПЕД ТЕБУ

- Жүректі дәрінің көмегімен ғана емдеу қаншалықты мүмкін?

- Ол науқас дерттің қай сатысында келгеніне байланысты. Нақты көрсетілімдер болмаса біз ота жасауға жібере бермейміз. Егер асқынбаған болса дәрі-дәрмекпен ғана емдейміз.

- Дертке шалдыққаннан кейін өмір сүру салтын өзгерту арқылы жүрек ауруларын жеңуге бола ма?

- Миокард инфарктісіне шалдыққан, жүрегіне ота жасалған адамның темекі шегуді қоюы, майлы тамақты шектеп, өмір салтын өзгертуі оның өмір жасын ұзартуға септігін тигізуі мүмкін, бірақ ол әрдайым дәрігердің жіті бақылауында болып, дәрі-дәрмек қабылдауын тоқтатпайды. Ал ауруға шалдықпай тұрып салауатты өмір салтын ұстанатындар, әрине, аурудың алдын алуға мүмкіндігі көп. Қан айналымын жақсартатын спорт түрлері көп-ақ, ең пайдалысы– велосипед тебу деуші едім.

ЕМДЕЛГЕН АДАМ АҚ ТІЛЕГІН АЙТСА, КҮНІМНІҢ ЗАЯ КЕТПЕГЕНІ

- Науқасқа ота жасау керек екенін айту, түсіндіру қаншалықты қиын?

- Бізде «дәрігерлік құпия» деген бар, сондықтан кез келген туысына диагноз туралы айта бермейміз. Әдетте заңды некедегі жұбайы, ата-анасы, балалары сияқты ең жақын туыстарына айтамыз. Ең бастысы – науқасқа ота жасау қаншалықты маңызды екенін түсіндіру. Бұрын қалай болғанын білмедім, қазір барлығын ашық айтамыз. Ота барысы қалай болатынын жазып-сызып тұрып көрсетіп, қандай тәуекелдер болатынын айтамыз. Кейбір науқас тәуекел етуге қорқып, кетіп қалуы мүмкін. Ал ол кетіп қалған жағдайда қайтып оралмайтынын біліп отырамыз, сол себепті оған ота жасаудың қаншалықты маңызды екенін дұрыстап түсіндіруіміз керек.

- Ота жасағаннан кейін науқаспен кездесуде қандай әсерде боласыздар?

- Мен жедел қызмет көрсететін кардиолог дәрігерімін. Қабылдау бөлімшесінде бірінші болып науқасты қабылдап, дертін анықтап, ары қарай ота жасауға жіберемін. Қабылдау бөлімшесінде уақытым шектеулі, әр минут қымбат. Сондықтан қысқа уақыт арасында науқас аты-жөнім тұрмақ, бет-бейнемді жаттап үлгірмейді. Ота жасау барысында да науқас дәрігерлердің түрін дұрыс көрмейді, себебі бетімізде медициналық бетперде, үстімізде қорғаныс киімі болады. Ота жасалған соң науқас кардио-жансақтау бөліміне жатқызылады. Одан кейін бір тәуліктен кейін бөлімшеге ауыстырылып, 5-7 күн аралығында жатады. Ол жерде науқасқа дәрі-дәрмегін беріп, бақылайтын басқа кардиолог болады. Науқас басқа емес, дәл сол дәрігердің бейнесін жаттап қалады. Себебі ондағы дәрігер науқаспен бірнеше күн айналысады. Ауруханадан шыққан кезде шағым және ұсыныс дәптеріне көп жағдайда емдеуші палаталық дәрігерге алғыс айтып, тілек жазып кетеді. Бастапқыда маған да осылай жазатын күн бола ма екен деп қызығатынмын, қазір Аллаға шүкір, параққа болмаса да, өзімді іздеп , алғыс айтып жатады. Мен үшін емделген адамның ақ тілегі – бәрінен қымбат. Бұл – менің бір күнім, өмірім зая кетіп жатпағанын білдіреді.

20 МИНУТ ЖЫЛАДЫМ. ОДАН КЕЙІН ҚАЙТАЛАНБАДЫ

- Ота сәтсіз аяқталғанда қандай сезімде боласыз?

- Ота жасар алдында жағдай немен аяқталатынын алдын ала болжай аламыз және науқасқа міндетті түрде ескертеміз. Әдетте біздің ауруханада науқастың ота үстінде көз жұмып кетуі қазір сирек десем де болады. Дегенмен қайғылы жағдай орын алғанда ең жақын туысын шақырып, хабар айтамыз, көңіл айтамыз. Ең бастысы көз жұмған науқастың туысына қайғысына ортақ екніңді сездіру, көрсете білу. Эмоция үстінде бізді жерден алып-жерге салып, балағат сөз айтып, кейін кешірім сұрайтындары болады. Бізге эмоцияға берілуге болмайды. Алғаш осындай жағдай болғанда 20 минут тоқтай алмай жыладым. Ал ол кезде менде ота жасауға мұқтаж тағы 6 науқас күтіп тұрған еді... Сол кезде менің орнымды басқа дәрігер шұғыл алмастырды. Одан кейін мұндай жағдай қайталанған жоқ.

- «Жүрегім ауырмасын десеңіз...» Оқырманға қандай кеңес бересіз?

- Жүрегім ауырмасың десеңіз, күнделікті жаттығу жасап, қандай тағам жеп жүргеніңізге мән беріңіз және күйзеліске бой алдырмаңыз. Дәл қазіргі қоғамда жүрек қан-тамыр дертіне ең көп себеп болатын нәрсе – күйзеліс. Күйзеліске жол бермеуге тырысу керек.

- Жұмысыңызда қандай қызықты жағдайлар болып тұрады?

- Қызықты жағдайлар көп болып тұрады. Дәл қазір есіме түспей тұрғаны...Бір айтарым, алдымызға әртүрлі науқастар келеді. Кейбір науқас өте тұйық, кейбірі өте ашушаң болады. Қандай сұрақ қойсаң да «Мен қайдан білем?», «Дәрігерсің ғой, өзің біліп ал» деп отырады. Диагноздың дұрыс қойылуы ЭКГ-дан бұрын науқас неге шағымданатынын дұрыс жеткізгеніне байланысты. Ең қызықтысы – алдыма келген апа-аталармен сөйлесу. Үлкен кісілер қай жері ауырып тұрғанын ұмытып, өмір жолы туралы айтып, әңгімесін бөлмей тыңдауыңды өтінеді.

АРЫ КЕТСЕ ЕКІ АДАМНЫҢ ӨМІРІН ҚҰТҚАРСАМ...

- Не себепті басқа емес, осы саланы таңдадыңыз?

- Мен бала кезден журналист болғым келетін, бірақ атам менің кардиолог болуымды қалады. Оның тілегін орындау мақсатында осы саланы таңдадым. Мен екінші курста оқып жүргенде атам жүрек талмасынан өмірден озды. Бір қызығы – жақында төртінші сыныпта жазған шығармамды тауып алдым. Онда дәрігер болғым келетінін жазыппын. Олай жазғаным өзімнің де есімде жоқ, демек түпсана деңгейінде мен дәрігер болуды қалағанмын. Негізі біздің ауруханаға өте көп науқастар келеді. Кезекшілік кезінде аурухана ішінде күні-түні толассыз адамдар жүреді. Алғаш жұмысқа орналасқан кезімде «Ары кетсе екі адамның өмірін құтқарамын, сонымен болды. Атам маған о дүниеде рахмет айтар» деп жұмысқа кіріскенмін. Одан бері қалай алты жыл өтіп, өз мамандығымды қалайша жан-тәніммен жақсы көріп кеткенімді білмеймін.

- Әлеуметтік желіде блог жүргізетініңізді білем. Оған не түрткі болды?

- Әлеуметтік желіні тиімді пайдаланғым келеді. Өнер адамы күнделікті өмірімен бөлісіп, оқырманға жақсы көңіл-күй сыйлайды. Ал маған әлеуметтік желілер арқылы неге пайдалы ақпарат бермеске? Қазір оқырманның көзі ашық. Олар әлдекімнің ішкен-жегенін қарағанша, пайдалы ақпарат оқығысы келеді деп ойлаймын. Өз ісіне адалдығы сондай, еңбек демалысында демала алмай, жұмысқа қайтып келетін дәрігерлер бар. Олар туралы жазып, неге дәріптемеске? Қазіргі уақытта дәрігерлерді қаралайтындар көбейіп барады. Тіпті, темір тордың ар жағында отырған дәрігерлер бар. Ешбір дәрігер науқасқа ота жасар алдында, емдеу кезінде денсаулығына қасақана зиян келтіру, өлтіруді ойламайды. Біздің мемлекетте дәрігерлер құқығы қажетті деңгейде қорғалмаған. Заңгер, адвокаттар медицина саласын тереңірек білмеген соң ба, сот барысында оларды қорғай алмай жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру керек.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан: Зарина Қаһарман

Соңғы жаңалықтар