Жүніс Емре – түркі әлеміне ортақ тұлға

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ЮНЕСКО ұйымы 2021 жылды белгілі діни қайраткерлер, сопылық ілімді таратушылар Қажы Бекташ, Жүніс Емре және Ахи Эвран жылы деп жариялады.

Жүніс Емре мен Ахи Эвран Қажы Бекташтың ізін жалғаған шәкірттері болып саналады. Біз осы үштіктің ішінде Жүніс Емре туралы аз-кем мағлұмат бермекпіз.

Дін қайраткері сопылықты насихаттаумен қатар, түрік және жалпы түркі әдебиетінің дамуында жарқын із қалдырды. ЮНЕСКО көрнекті тұлғаның туғанына 750 жыл толуына байланысты 1991 жылды Халықаралық Жүніс Емре жылы деп жариялаған болатын. Ал биыл 2021 жылды оның қайтыс болғанына 700 жыл толуына орай Жүніс Емре жылы деп жариялап отыр.

Жүніс Әл Ғаріп деген лақап аты бар Жүніс Емре 1240 жылы (кейбір мәліметтер бойынша, 1238 жылы) Ескишехир (Түркиядағы қала) маңындағы Сарыкөй қонысында дүниеге келген. Түркияның ең танымал халық ақындарының бірі болып саналады. Ол сондай-ақ әйгілі сопы болды, оның өлеңдері жасырын мағына мен көптеген нұсқауларға толы. Ақын 1321 жылы көз жұмды.

Жүніс Емре 13-ғасырдағы көрнекті парсы ақыны және теолог Джалаладдин Руми сияқты әйгілі сопылардың шығармашылығына қатты қызықты. Ол сонымен бірге, Анадолыдағы сопылықтың жетекші өкілі болды. Бірақ үлкен танымалдық пен даңққа қайтыс болғаннан кейін ғана қол жеткізді. Халық оны бұл кезде әулие деп атай бастады.

Оның әсіресе ескі түрік тілінде немесе анадолы түрікшесінде жазуы ұлты үшін үлкен еңбек еді. Ақынның өлеңдерінен оның өз уақытында жақсы білім алғанын, сол ғасырдың ғылыми жетістіктерін түсінгенін, парсы және араб тілдерін ана тілімен қатар меңгергенін көруге болады.

Жоғарыда айтылғандай, Жүніс Емре «бейтаныс» деген лақап атқа ие болды және мұны жас кезінен бастап терең ойлауға ықпал ететін жалғыздықты қалайтындығымен түсіндіреді. Оның дүниетанымына сол кездегі оқиғалар – Анадолыға жасалған моңғол шапқыншылығы, түріктер мен моңғолдар арасындағы шайқастар, ол шайқастардан келген ашаршылық пен күйреу әсер етсе керек. Жүніс Емренің өлеңдерінде адамның Құдаймен қарым-қатынасы, жалпыадамзаттық құндылықтар, адамдар мен әлеуметтік әлем арасындағы қарым-қатынас туралы жиі айтылады. Ал бұл тақырыптың бәрі сопылық ойдың негізі болып саналады.

Түріктерде Жүніс Емренің Бекташи сопылық орденінің негізін қалаушы Қажы Бекташпен қалай танысқаны туралы әйгілі аңыз бар. Бірде Жүністің туған ауылында егін қурап, адамдар аштыққа ұшырай бастайды, ақын жергілікті дәруішке азық-түлік сұрай келеді. Оған жолыққан Қажы Бекташке азық-түліктің орнына бата береді. Бірақ Жүніс Емре оған бата емес астық керек екенін айтады. Бұл оқиға үш рет қайталанады. Ақыры оған бидай беріп, үйіне қайтарады. Қайтып келе жатып Жүніс Емре өзінің қателігін түсініп, дәруішке қайтып келіп, бата сұрайды. Қажы Бекташ оған мүмкіндікті жіберіп алғанын, бірақ өзінің Таптук Емреден бата алуға болатынын айтады. Осылайша Жүніс 40 жыл Таптуктан ілім үйреніп, сопылықты игереді және сопылық мазмұндағы туындыларын дүниеге әкеледі.

Ол ілім үйренуде де, шығармашылықта да үлкен жетістіктерге жетті. Соның арқасында оның еңбектері кең таралып, кейінгі түрік сопыларына үлкен әсер етті. Сонымен қатар, Ж. Емренің өлеңдері түрік ақындарын жылдар бойы, әсіресе 20-шы ғасырдағы Түркінің жандануы кезінде қатты шабыттандырды.

Жүніс Емре әлі күнге дейін әртүрлі елдерде танымал. Әзербайжаннан Балқанға дейінгі бірнеше мемлекет ақынның қабірі өз аумағында жатқанын айтып таласады.

Жүніс Емренің өлеңдері, әдетте, «Диван» деп аталады. Оның өлеңдері Әл-Фатих көшірмесі, Осман империясының Нұр көшірмесі, Яхия Эфендидің көшірмесі, Карман көшірмесі, Баликесир көшірмесі, Мысырдың Ниязи көшірмесі, Бурса көшірмесі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды. Жүніс Емре түрік әдебиетіне мистицизм стилін әкелді. Терең сезімдерді қарапайым көріністермен бейнелейтін бұл стиль қиын және терең мәнді сопылық ұғымдарды тұжырымдауға мүмкіндік берді. Әсіресе оның өлеңдері ескі түрік тілінде жазылғандықтан сопылық ілімді өз замандастарына түсінікті етіп жеткізді. Жүніс Емре өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі – музыкамен жақсы үйлеседі. Яғни бір естігеннен есте жақсы сақталады. Ақын өлеңдеріне арналған әндер интернетте толып тұр.

1208 жылы ол діни кеңестер мен нұсқауларға құрылған 573 бөлімнен тұратын «Рисала ан-Насих» кітабын жазды.

Бүгінде қоғам қайраткерінің шығармашылығы мен тұлғасы кеңінен танымал. Оның өлеңдері көптеген тілге аударылған. 2015 жылы көгілдір экранға алғаш рет шыққан режиссер Куршат Рызбаздың «Жүніс Емре: махаббат жолы» атты топтама ақынның өміріне арналған. Сериал түрлі тілде дыбысталған және интернетте де қолжетімді.

2007 жылы Жүніс Емре атындағы қор құрылды. Ол бүгінде түрік тілі мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін насихаттау, түрік тілін үйренгісі келетіндерге шетелдіктерге көмектесу, Түркия мен басқа елдер арасындағы достықты нығайту істеріне елеулі үлес қосып отыр.

Қордың құрамындағы Жүніс Емре институты Түркия мәдениетін ілгерілету үшін түрлі елдердегі өкілдіктерінде тіл курстарын, мәдени және көркемдік іс-шараларды ұйымдастырады. Сондай-ақ, осы бағыттағы ғылыми жұмыстарды қолдайды. Осындай 60-қа жуық өкілдіктің бірі Қазақстанда жұмыс істеп тұр.


Соңғы жаңалықтар