Жұмыстан өз еркімен кететін судьялар саны азайды – Жақып Асанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылы тәртіптік құқықбұзушылыққа жол берген 70 судья жазаланды. Бұл туралы қазақстандық соттардың 2019 жылғы жұмысы қорытындыланған кеңейтілген отырыста ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақын Асанов толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кадрлардың жұмыс ауыстыруы жағынан қызықты мәліметтер бар. 2018 және 2019 жылдары қайтадан тағайындалған судьялардың саны аз болды. Неліктен? Себебі бұл уақытта біз бүкіл іріктеу жүйесі мен кадрларды жылжыту жүйесіне өзгерістерді енгіздік. Сол себепті жаңадан тағайындалған судьялардың саны аз болды», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Жақып Асановтың айтуына қарағанда, өз талап-тілегі бойынша жұмыстан босатуға өтініш берген соттардың саны азайып келеді.

«2017 жыл – өздігімен қызметінен кету үрдісінің шырқау кезеңі болды. Мұнда екі себеп бар: төмен мөлшердегі айлық пен аса ауыр жұмыс жүктемесі. Өз еркімен жұмысынан кеткен көп судьямен әңгімелестім. Тіке өздеріне қоңырау шалып, жағдайдың мән-жайын сұрап білдім. Ал 2019 жылы бар-жоғы 26 судья өз еркімен жұмысынан кетті», - дейді ол.

Сонымен бірге, Жақып Асанов тәртіптік жауапкершілікке тартылған турасында да айтып өтті.

«2019 жылы жұмысынан шығару жазасынсыз 72 судья жазаланды. Біз бір жағынан соттардың тәуелсіздігін көтеруді ойладық. Сол себепті оларға тәуелсіздік бердік. Соттардың құзіретінен көп қызметті алып тастадық. Сонымен қатар, олардың жауапкершілігі де ұмыт қалдырылған жоқ», - деді Жақып Асанов.


Соңғы жаңалықтар