Жұмыс берушінің айлықтан қанша салық ұстап қалғанын қайдан көруге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар жұмыс берушінің қанша жалақы, табыс салығы мен әлеуметтік төлем аударғанын тексере алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында «Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу» сервисі іске қосылған.

Ол қызметкерге есептелген жеке табыс салығының, зейнетақы жарналарының, міндетті әлеуметтік аударымдардың және медициналық сақтандыруға әлеуметтік аударымдардың сомаларын қарап шығуға мүмкіндік береді.

Сервисте 2020 жылдың барлық кезеңдерін қарауға болады.

Деректерді көру үшін электронды цифрлық қолтаңба немесе SMS құпия сөзі арқылы сәйкестендіруден өту қажет.

SMS хабарлама мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөміріне түседі.

Деректерді қарау үшін «Салық әмияны», «Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу» қосымша бетіне кіріп, жыл мен кезеңді таңдау қажет.

Бастапқы кезеңде жұмыс берушісі бюджетпен есеп айырысу кезінде жалпыға бірдей белгіленген режимді немесе оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын жеке тұлғалар деректерді қарай алады.

Мәліметтер болмаған немесе деректер сәйкес келмеген жағдайда салық есебін түзету үшін жұмыс берушіге жүгіну қажет.

«E-Salyq Azamat» тегін мобильді қосымшасын App Store немесе Play Market-тен жүктеуге болады.


Соңғы жаңалықтар