Жұмыс берушілер қызметкерлерді қысқартатынын онлайн ескерте алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жұмыс берушілерге ыңғайлы болуы үшін enbek.kzэлектронды еңбек биржасында мемлекеттік органдарды «қызметкерлердің қысқартылатыны жайлы» хабардар ететін функционал іске қосылды. Бұл жөнінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 28-бабына сәйкес барлық ұйымдардың кадрлық бөлімдері «қызметкерлерді жұмыстан босататыны» туралы ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарына алдын ала беруге міндетті.

Осы уақытқа дейін кадр бөлімінің қызметкерлері арнайы қағаз құжаттарды толтырып, оны өздері барып тапсыруға мәжбүр болатын.

Енді бұл рәсім барынша жеңілдетіліп, жеделдетілді. Жұмыс беруші электронды еңбек биржасы порталындағы жеке кабинетінде қызметкерлердің санын, олардың жалақы мөлшерін, лауазымын, мамандықтарын, біліктілігін, жұмыстан шығу себептерін, сондай-ақ босатылатын мерзімді көрсете отырып «алдағы уақытта қызметкерлерді қысқартатыны» туралы мәліметтерді толтыра алады.

Қызметкерлерді қысқарту туралы деректерді беруді автоматтандыру – жұмыссыз қалған азаматтарға уақтылы жаңа жұмыс орындарын табуға септігін тигізеді.


Соңғы жаңалықтар