Жұлдыздарды шақырып, үйлену тойын жасаған Қуандық Рахым айыппұл төлейді

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында мейрамханалардың бірінде қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен дүркіреген үйлену тойы ұйымдастырылды. Енді мекеме басшылығы және той иелері карантин шараларын сақтамағаны үшін ірі көлемде айыппұл төлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлім болғандай, Жезқазғанда демалыс күндері танымал қазақстандық әнші Қуандық Рахымның үйлену тойы өтті. Мерекеге 70-тен астам адам жиналды. Олардың ішінде қалыңдық пен күйеу жігіттің туыстары ғана емес, сонымен қатар басқа да танымал сахна әртістері бар. Олардың арасында Төреғали Төреәлі, Дидар Қамиев, Нұрболат Абдуллин және басқалары болған.

Эстрада жұлдыздары салтанатты жиыннан фото және видеожазбаларды өздерінің Іnstagram-парақшаларына салып қойған. Бұл, өз кезегінде тек оқырмандардың ғана емес, сонымен қатар жергілікті мобильді топтың да назарын аударған. Топ құрамына кіретін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен полиция қызметкерлері заң бұзушылықты тіркеді. Енді мейрамхананың басшылығы мен той иесіне айыппұл салынады.

«Жезқазған қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы 19 қазанда «Ұлытау» мейрамханасында 70-ке жуық адамның қатысуымен үйлену тойы өткенін хабарлайды. Материал Жезқазған қаласының полиция басқармасында тіркелген. Жеке кәсіпкер мен іс-шараның иесі жауапкершілікке тартылады», - деді Жезқазған қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының маманы Әнел Бегімбаева.


Соңғы жаңалықтар