Жүкті әйелдерде коронавирус ауыр өтеді – дәрігер

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат - Жүкті әйелдерде коронавирус және басқа респираторлық аурулар анағұрлым ауыр өтеді және асқынуы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы Перинаталдық орталығының акушер-гинеколог дәрігері Әсел Омарқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жүкті әйелдерді емдеу тәсілі әртүрлі. Сонымен қатар, олардың ағзасы суық тиюге, жұқпалы ауруларға, оның ішінде коронавируске аса сезімтал болады.

«Жүкті әйелдер арасында коронавиурстың таралуына келсем, ол ағзаға ауа арқылы және тұрмыстық жағдайда ауырған адамнан жұғады. Вирус ағзаға түскен соң көптеген өзгерістер шақырады, яғни жергілікті және иммундық. Жергілікті бұл қан құрамындағы гемостаздың қалыпты жағдайын бұзады. Қан тамырлары қабырғасының өткізгіштігін жоғарылатады. Ағзаға оттегінің толыққанды жетпеуіне байланысты көптеген қан тамырларында макро және микро тромптар түзіледі, оның арты асқынуға әкеледі»,-дейді дәрігер.

Жүкті әйелде инкубациялық мерзім 2-14 күн аралығында дамуы мүмкін. Вирус жұққанда кейде белгісі білінбейді, ол тек тест алғанда ғана анықталады. Ал, сиптомды кезде жоғары тыныс алу жолдарын зақымдап фарангит, ренит белгілерімен көрінеді. Ал, төменгі тыныс алу жолдарымен өкпе қабынса ол пневмония белгісімен басқа да мүшелерді зақымдайды. Асқазан жолдарын зақымдаса, онда гастрит, жүйке жүйеде неврит, миды зақымдаса – менингит белгілерімен көрінуі мүмкін.

Сонымен қатар ол Алматының перинаталдық орталығында биыл КВИ жұқтырған 279 жүкті әйел дәрігерлердің бақылауында болғанын жеткізді.

«Орталықтың инфекциялық бөлімінде 279 жүкті әйел мен 8 жаңа туған нәресте емделді, 191 әйел босанды. Дәрігерлер жүктілігі 22-ден 33-ші аптаға дейінгі босану қаупі жоғары әйелдерді бақылауда ұстап, емдеді»,- дейді Әсел Омарқұлова.

Спикер сондай-ақ жүкті және бала емізетін аналарды коронавирустан емдеу ерекшеліктері туралы айтты.

«Жүктілік кезінде өсіп келе жатқан нәресте әйелдің өкпесі мен жүрегіне қысым жасай бастайды, бұл қан айналымын қиындатады. Егер болашақ ана COVID-19-бен қатты ауырса, бұл оның жағдайын нашарлатып, тыныс алуын қиындатады. Мұндай жағдайларда дәрігерлер әйелді ауруханада өте мұқият бақылайды. Әдетте, мұндай науқастарда тыныс жетіспеушілігінің тез дамуы, мерзімінен бұрын босану қаупінің жоғарылауы байқалады. Перинатальды асқынулардың өршу қаупі өте жоғары», - деді гинеколог.

Оның айтуынша, жедел түрде ауруханаға жатқызудың негізгі көрсеткіші – дене қызуы мен 5 күн бойы 38 С және одан жоғары температура, қызу түсіретін препараттарға төзімді, қалыпты тұрмыстық жүктеме кезінде ентігіп сөйлеу, ауру сипаты үдеуі, сатурацияның төмендеуі.

«COVID-19-бен ауыр және өте ауыр жағдайдағы жүкті әйелдерді, босанған және жаңа босанған әйелдерді Алматы қаласының перинаталдық орталығының акушер-гинекологы, перинатальды, неонатальды және реанимациялық терапия мамандарынан тұратын көпсалалы топ бақылап, олардың тез сауығуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар