Жошы ұлысының тарихын нумизматика тұрғысынан зерттеудің маңызы зор – Айболат Көшкімбаев

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев Жошы ұлысының тарихын зерттеуде нумизматиканы қосалқы пән ретінде пайдалануды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарихшы «Атырауда өтіп жатқан «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның панельдік отырысында «Алтын Орда тарихы жөніндегі жалпылама басылымдар» атты баяндама оқыды.

«КСРО ыдырағаннан кейін Алтын Орда тарихына деген қызығушылық әлсіремеді, керісінше күшейе түсті. Жеке очерктер, кітап бөлімдері, журналдағы мақалалар, материалдар жинақтары жазылды.

Татарстан Республикасында 2000 жылдары «Ежелгі татарлардың тарихы» атты үлкен мегажоба аясында Алтын Орданың тарихына арналған жеке том жазу туралы шешім қабылданды.

Жошы әулеті империясының тарихы туралы келесі жалпылама жұмыс қайтадан тарих институтында жазылды. «Әлем тарихындағы Алтын Орда» деп аталалатын бұл еңбек ағылшын тілінде қайта басылды.

Оны жазуға қатысқан авторлық ұжым өте мықты болды. «Татарлар тарихынан» айырмашылығы, оған Польша, Украина, АҚШ, Франция, Венгрия, Молдова, Финляндия, Сербия, Израиль, Қытай сияқты елдердің ғалымдары қатысты», - деп бастаған ғалым қазіргі Батыс тарихнамасында Шыңғыс ұрпақтары мен Моңғол империясының үстемдік ету дәуіріне де көп көңіл бөліне бастағанын атады.

«2009 жылы Кембридж университетінің баспасы «The Cambridge History of Inner Asia: the Chinggisid Age» атты үлкен ұжымдық монография шығарды. Бұл том Шыңғыс хан мен оның ұлдары негізін қалаған Моңғол әлемдік империясының тарихы мен мұрасына, оның қазіргі әлемге әсеріне арналған. Географиялық тұрғыдан ол Шығыс Азиядан Шығыс Еуропаға дейінгі аймақты қамтиды.

Қорытындылай келе, Жошы ұлысын зерттеуде Алтын Орда тарихы туралы жалпылама академиялық басылымды дайындау тәжірибесі бар деп айту керек.

Үлкен тарихи кезеңді қамтитын барлық мұқият өңделген көлемді академиялық жұмыстар сияқты, олардың да кемшіліктері бар. Өйткені мәтін жазылған кезде барлық бөлімдер терең зерттелмеген», - дейді Айболат Көшкімбаев.

Оның айтуы бойынша, «Әлем тарихындағы Алтын Орда» ұжымдық монографиясы Жошы ұлысы империясының тарихындағы ең жақсы жұмыс деп саналуы керек.

«Сондай-ақ, нумизматиканың қосалқы тарихи пән ретіндегі соңғы жетістіктеріне, Жошы ұлысы империясындағы ақша материалдары мен ақша айналымының тарихын талдауға және жаңаша түсіндіруге көп көңіл бөлу керек. Алдыңғы жалпылама еңбектерден айырмашылығы, Алтын Орда дәуіріндегі түркі тілдес халықтардың бай тарихи-эпикалық циклын зерттеуге және тартуға ерекше назар аудару қажет», - деді тарих ғылымдарының докторы.


Соңғы жаңалықтар