ЖОО-лар жан басын қаржыландыруға бөлінген ақшаның 50 пайызын жалақыға жұмсауы тиіс - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Университеттер жан басына қаржыландыруға бөлінген ақшаның 50 пайызын оқытушылардың жалақысына жұмсауы тиіс. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында оқытушылардың жалақысын көтеру бойынша нақты тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма нақты қаржымен бекітілді. Сондықтан осы жұмысты одан ары жалғастыруымыз керек. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысын көтеру тапсырмасы орындалды. Шекті баллды көтеру мен докторанттардың шәкіртақысын арттыру тапсырмасын да орындадық деп айта аламыз. Ең бастысы, бұл - декларативті тапсырма емес. Өйткені нақты қаражатпен қамтамасыз етілген», - деді министр ведомствоның аппарат жиналысында.

Оның айтуынша, оқытушылардың жалақысын көтеру жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

«Жан басына қаржыландыру әдістемесі бар. Сол әдістемеге өзгеріс енгізетін боламыз. Тапсырма бердім. Әдістемеге «Білім және ғылым министрлігіне қарасты ведомстволық университеттер жан басына қаржыландыруға берілген қаражаттың кем дегенде 50 пайызын жалақыға жұмсау керек» деген норма енгізіп жатырмыз. Өйткені, білім сапасын көтереміз десек, онда оның ең басты шарты - оқытушылардың жалақысы. Сондықтан бұл мәселе ары қарай да біздің дербес бақылауымызда болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің дерегінше, 2019 жылдың тамызымен салыстырғанда қазіргі уақытта оқытушылардың жалақысы 40-50 пайызға өскен.


Соңғы жаңалықтар