Жолдауда аталған мәселелердің нәтижелі орындалуын асыға күтеміз - Аманжол Әлтай

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақынның айтуынша, Президенттің биылғы Жолдауы халықты толғандырған біраз маңызды мәселелердің шешілуіне жол ашты, Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

«Өзім өнер адамы болғандықтан да мәдениет саласындағы кітапханашы, музей қызметкері секілді мамандардың жалақысы 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға көтерілетіндігін жылы қабылдадым. Сапалы білім беру, ғылымды дамыту, сол арқылы озық технологияны игеру - ең негізгі мемлекеттік стратегиялық мақсатымыз болуға тиіс. Ұлт болашағы - тәрбиелі, білімді ұрпақ»,- деді ол. Ақын Жолдауда айтылған білім беру саласын дамыту мәселесіне қатысты өз ойын былай жеткізді: «Президенттің 2022 - 2025 жылдар аралығында мың мектеп салуды тапсыруы да ұрпақ болашағына жасалған қамқорлық. Ауылдық жерлерде мектептер мен қоса мәдениет ошақтарын, спорт залдарын салу мәселесін де өкімет пен жергілікті билік кешенді қолға алса ауыл жастарының қанаттануына жол ашар едік. Президент Жолдауында халықаралық олимпиада жүлдегерлері болған оқушыларды материалдық, рухани ынталандыруды, ғылым саласын қаржыландыру мерзімін бес жылға ұзартуды ұсынды. Бұл да дарынды балаларға, ғалымдарға серпін беретін игілікті бастама», - деді ол. Ауылды өркендету - ұлттың мерейін көтеру, деп санайды Аманжол Әлтай. «Бұл тұрғыда да Жолдауда біраз мәселенің шешілуіне тапсырма берді. Атап айтқанда: жем - шөп дайындайтын жерлерді кеңейту, ауыл маңында жайылым жерлердің жоқтығы, ауыл - шаруашылық техникасын жаңарту, ғарыштық мориторинг және зондтау мүмкіндігін қолдану, субсидия мәселесін жетілдіру, мал дәрігері мамандарының жалақысы мен статусын көтеру секілді мәселелерді қадап айтты. Ендігі жерде үкіметтің тиянақты орындауын тілейміз», - деді Аманжол Әлтай. «Дүрбелеңге толы, әлем аласапыран күйге түскен, пандемия алқымнан алған бүгінгідей күрделі кезеңде сабырға шақыру, татулыққа, парасаттылыққа, мемлекетшілдік пен отансүйгіштікке, еңбекқорлық пен білімділікке, отбасы құндылығын сақтауға үндеуде ұлттың интелектуалдық көрсеткіші болып табылатын зиялы қауым өкілдерінің міндеті мен парызы үлкен екендігіне Президент Жолдауда тоқталып өтті. Бұл тұрғыда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Президент Жолдауы туралы «Егемен Қазақстан» басылымында жариялаған «Зиялы жүгі - зіл батпан» мақаласында жан - жақты, терең ашып жазған болатын. Зиялы қауым өкілдері қоғамның барометрі секілді болып, ақыл кеңесін, өз идеясын айтып отыруы тиіс. Президенттің Жолдауда атап көрсеткен нақты тапсырмаларды, қозғалған мәселелердің нәтижелі орындалуын асыға күтеміз», деп қорытындылады Аманжол Әлтай.
Соңғы жаңалықтар