Жолдау: Ақтөбеде 500-ден астам мекеме жұмысшыларының еңбекақысын көтерді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 500-ден астам кәсіпорын, шағын шаруашылық жұмысшыларының еңбекақысын 7-20 пайызға өсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімдігі, кәсіподақ пен жұмыс берушілер жыл басында үшжақты меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес жұмыс берушілер жалақыны инфляция деңгейіне сай өсіруі тиіс. 

«Ақтөбедегі ірі кәсіпорындар мен шағын шаруашылықтар облыс әкімдігі, кәсіподақпен бірге 4 700-ден астам меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес жұмыс берушілер жыл ішінде еңбекақыны инфляция деңгейіне сай көтеруі тиіс. Біз қала, аудан әкімдерінің есебін алып, жалақының 7-20 пайызға көтерілгенін көріп отырмыз. Ақтөбе облысы бойынша барлығы 523 мекеме жалақыны көтерді. Ірі кәсіпорындар қатарында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы» ЖШС, «Көктас-Ақтөбе» АҚ, «Восток - Нефть» ЖШС, «Ұлы Қабырға» секілді мұнай, тау-кен кәсіпорындары мен аудандардағы шағын шаруашылықтар бар. Бұл жұмыс 2019 жылы жалғасады», - деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Ерекеев.

Компаниялар әкімшілік қызметкерлерінен гөрі қарайым жұмысшыларына жалақы көтеруді басты міндет санайды. Мәселен, Ақтөбені ауыз суымен қамтамасыз етіп отырған «Ақбұлақ» АҚ-ы соңғы жылдары жыл сайын еңбекақы көтеруді өз міндетіне алды.

«Ақтөбеде коммуналдық мекемелер де жұмысшыларының жалақысын жыл сайын көтеріп отыр. Жылу, ыстық су тарату компаниясы 7-20 пайызға, ауыз сумен қамтамасыз ететін «Ақбұлақ» АҚ 10-15 пайызға арттырды. Бұл жерде басшылардың жалақысы 7-10 пайызға, ал қарапайым еңбек адамның жалақысы 15-20 пайыз өсіп тұр. Әрдайым жұмысшыларға басымдық беріледі», - деді Нұрлан Ерекеев.

Соңғы жаңалықтар