Жолдамамен жұмысқа бармаған 100-ге жуық дәрігер грант шығынын өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 91 жас дәрігер жолдамамен жұмысқа бармағаны үшін грант шығынын өтеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабына айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық кадрларды ауылдық елді мекендерге тарту жұмыстары үш бағытта жүргізіледі: өңір қажеттілігіне сәйкес түлектерді жұмысқа орналастыру, әлеуметтік пакет ұсыну, мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу. 2019 жылдан бастап түлектерді өңірлік қажеттіліктерге сәйкес жолдауды Денсаулық сақтау министрлігінің түлектерді/жас мамандарды бөлу жөніндегі комиссиясы жүргізеді»,- деп атап өтеді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, соңғы 3 жылда Комиссия жұмысқа жіберген түлектердің арасында дәлелсіз себептермен жолдама берілген елді мекенге жұмысқа бармау фактілері орта есеппен шамамен 8 пайызды құрайды. Нақтырақ айтқанда, 2019 жылы – 2561 маманның 228-і, 2020 жылы – 2326 маманның 155-і, биыл 3160 маманның 255-і жолдамамен жұмыс орнына бармаған.

«Мұндай түлектерге қатысты оқыту шығындарын қайтару іс-шаралары қолданылады. Қаржы орталығының ақпараты бойынша, білім беру гранты бойынша медициналық мамандықтарда оқуды бітірген және жұмыс орындарына шықпаған 91 жас маман оқыту шығындарын (республикалық бюджетке 200 млн теңге) өтеген. Міндеттемені орындамаған басқа түлектерге қатысты жұмыстар жалғасуда. Биылдан бастап білім беру гранты бойынша оқуға түскен түлектерді жұмысқа орналастыру шарттары жеңілдетілді. Енді түлектер мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жеке ұйымдарда да жұмыс істей алады», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар