Жолда шөптің тамырын қазып жеген – елінен кетуге мәжбүр болған Дания қазақтарының оқиғасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ХХ ғасырдың басындағы саяси-қуғын сүргінге ұшыраған қазақтардың бір тобы еліміздегі Сыр өңірінен үдере көшіп, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы өтіп, Ауғанстанға барып тұрақтаған. Бұл елде 50 жылдай тұрып, сіңісе бастағанда тағы да Кеңес әскері Ауғанстанға баса-көктеп кіріп, берекелерін кетірген. Амалы таусылған қазақтар бұдан соң, Иранға барып, бой тасалаған. Ол жақтан халықаралық ұйымдар арқылы көмек сұрап, Еуропаға, оның ішінде Данияға көшіп баруға мүмкіндік алады. Біз бүгін сол қандастарымыздың бүгінгі ұрпағы, Даниядағы қазақ мәдени орталығын құрушылардың бірі Әкбар Аюби қажымен журналист Еркін Байғабылұлының эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Әкбар мырза, Дания қазақтары бұл елге қалай келді? Көшіп келу тарихтарыңыз қандай? Еуропа қазақтарының көбі Түркияда тұрып, әрі қарай Еуропа елдеріне де тұрақтана бастағаны белгілі. Бірақ сіздердің ата-бабаларыңыз Ауғанстан, Иран елдерінен дат еліне бірден көшіп келген екен...

- Аты-жөнім - Әкбар қажы Аюби. Қазір Дания мемлекетінде тұрамын. Қуғын-сүргіннің азабын, ұлы көштің қиындығын көрген өзімнің естелігімді және барша туыстардан естіген деректерді айтып берейін.

Біздің әулеттің ата мекені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы немесе осы жерге жақын орналасқан ауылдардың бірі болуы мүмкін. Әжемнің айтуынша: «Ауылдың ер азаматтары Орынбор базарына мал, тері, жүн апарып, ауылға шай, қант сияқты керекті заттар әкеледі екен».


Атамның аты - Базарбай, руы - Кіші жүз Аю. Бұқара қаласынан діни білім алған. Ел ішінде Молда Базар атымен танылған екен. Әжем Ханшагүл, руы Әлім, ішінде Шекті. 1930 жылдың бастапқы кезеңінде қазақ даласында байлар мен молдаларды қызыл коммунистердің қудалауы басталады. Ел ішінен шыққан қызыл белсенділер анау бай, мынау молда деп барлығын айтып береді. Десе де бір күні атам сенімді досынан «Молла Базар, сен тезірек қашып құтыл, бүгін кешке сені ұстайды» деген хабар алады. Сол күні атам ауыл шетіндегі қалың жыңғыл ішіне жасырынады. Бұл жерді тек әжем ғана біледі екен. Күнде кешкісін ел көзіне түспей атама тамақ әкеліп береді. Атам осы жерде бір айдай жасырынып жатады. Атам үйде жоқ уақытта туыстас інісі «Сендер байсыңдар!» деп әжемнің төркінінен әкелген жасауының бірін күштеп алып кетіпті. Атам әжем арқылы ең сенімді достары мен туыстарына хабар жібереді. Атама бұл уақытта өте қиын болғаны айтпаса да түсінікті. Хабар берген бір адамы сенімсіз болса, коммунистерге айтып қоюы да мүмкін еді ғой. Уәделескен уақытта атам хабар берген жақындары үйінің шырағын да сөндірмей ауылдан қашып шығады. Осы жолда атамның ағасы немесе інісі (есімде жоқ) Тақан деген кіші атам бірге сапарлас болады. Атам ұрпақ сүймеген Тақанға менің әкемді асырап береді. Атамның бір ұл, бір қызы болған. Тақан атам көштің соңынан қуғыншы түсерін біледі. Көш жүргеннен екі-үш күннен кейін, соңынан келер қуғыншыларды күтіп жатады. Үш адам қуғыншыны өлтіріп, жерлеп, қару-жарағын алып көшке оралады. Осындай тарихи оқиға болған екен...

Көш ел көзіне түспей күндіз демалып, түнде жүріп отырады. Жолдағы қарауылдардан өтерде дыбыс шығармай өтуге тура келеді. Сондықтан жолда талай баланың етегіне құм-тас толтырып тастап кетіп отырған. Ол кезде менің әкем үш-төрт жаста, ал қарындасы алты айлық нәресте екен. Кішкене баланың аузын басса да бір амал табар еді. Атам менің балам елдің баласынан артық емес деп әкемнің етегіне тас толтырып тастап кетеді. Бірақ, әжем «мен жалғыз ұлымды тастамаймын» деп отырып алыпты. Әжеміз өте мінезді, айтқанынан қайтпайтын адам еді. Мен өзім де әжемді көзіммен көрдім... Қазақстанға барған сапарымда Өзбекстаннан келген қандас ағамызбен сұқбаттасқан едім. Ол кісі менің әжемнің атын айтып, біздің көш туралы білетінін жеткізген еді. Әжемнің ат үстінде ер адамдардан кем емес мықты болғанын сол ағамыздан сұрап-білдім.


Әжем өткен күндерді есіне алып, Әмудария өзенінен өтерде бірнеше адам суға кетті дейтін күрсініп. Әжем 1987 жылы Иранда қайтыс болды. Ол кезде мен 14 жастамын. Әжемнен бөлек, әкем мен шешемнен де көш қиындығын естіп өстім. Әкем ауырғаннан кейін Қазақстанға қайтты. Бізге «мені ешқайда қозғамаңдар, сүйегіме топырақ туған жерден бұйырсын» деген тілегін айтты. Әкеме қазақ даласының, туған жерінің топырағы бұйырды.

Көшке оралар болсақ, жолы өте ауыр болды. Жолда адамдар ашығып шөптің тамырын қазып жеді. Тіпті, сол шөп тамырынан бірнеше адам уланып өліпті. Көш жүріп отырып Өзбекстанның Үшқұдық деген жеріне келеді. Осы жерде көш бір-екі жыл тұрақтап тұрып қалады. Кейіннен мұнда да қызыл әскердің қысымына шыдамай Тәжікстан арқылы Ауғанстанға жетеді. Аспан, Аю, Сырым, Кете, Сарқасқа руларынан құралған бес жүздей отбасының уәкілдері Ауғанстан елінің басшыларымен кездесуге барады. «Дініміз - мұсылман, советтерден қашып келдік, мекендейтін жер, тұратын үй бер» деген тілегін айтады. Ауғанстан басшылары «Пәкістан мен Ауғанстан арасында канал қазылады, сендер сонда барып жұмыс істеңдер. Сол жақтан сендерге, ақша, тамақ, жер де беріледі», - дейді. Өмірі мұндай ыстық күнді көрмеген қазақтар жұмыс басында қырыла бастайды. Біреулер табиғатқа, жұмысқа үйренбегендіктен көп қиналады. Десе де, кейбірі адам өліміне себеп болар су арқылы ауру жұқты деген пікір айтады. Әжемнің айтуынша, бір адамға қазған қабірге сол уақытта қайтыс болған екінші марқұмды да жерледік дейтін. Канал қазу жұмысынан да қазақтар бас сауғалап, жан-жаққа қаша бастайды. Қазақтар Ауғанстанның әрбір қаласына барып сіңіп, күнін көріп тұрақтап қалады. Ауғанстан қазақтары Иран қазақтарына қарағанда бір жерде қоныстанбаған, әр жерде бытырап отырады. Менің аталарым Герат қаласына қарай көшеді.

Осы кезде Қазақстандағыдай қысым Түркімен жерінде де жүргізілген еді. Тарихта Түркіменнің Ханжүнейт деген ханы болған. Ханжүнейт те кеңес қысымынан қашып Иран еліне келеді. Осы уақытта Түркімен басшылары мен менің атам араласады. Атам діни сауатты, түркіше кітаптарды көп оқығанынан болар түркімендердің өтінішімен оларға молда болады. Бастапқыда қазақтар Қотыр сарай деген ескі үйді қалыпқа келтіріп, сол жерде тұра бастайды. Бір күні ауғандар мен қазақтар арасында жанжал болып, Тақан атам ерлігімен көзге түседі. Бір өзі жиырма жігітті бақанмен ұрып, Қотыр сарайдағы жұрттың тынышын алған ауғандарды сабасына түсіреді. Кейіннен ауғандар жиналып келіп мәселенің мән-жайын түсінгеннен кейін екі халық арасында достық қарым-қатынас орнайды. Ауғанстан жерінде 50 жыл тұрдық, «қазақ» деп ауған халқы бізді сыйлайтын.

- Ауған жерінде тұрғанда қазақтар қандай кәсіппен шұғылданды? Күн-көріс қамы қандай болды? Ана тілді, салт-дәстүрімізді сақтай алдыңыздар ма?

- Герат қаласына келіп бірнеше жылдан кейін қазақтар қала орталығының көшелерінен топтасып үй, жер алып қоныстана бастады. Атам түркімендерден қол үзіп, саудамен айналыса бастады. Атам түрік тілін білгеннен кейін және іскерлігімен табысқа жетті. Қаракөл терісін сату, жаңғақ, пісте жинау маусымдарында атама байлар ақшаларын алдын ала тастап кететін болыпты. Атам қиянат жасамай сауданы адал істейді. Табысқа жеткен атам Герат қаласының орталығынан кең сарайдай үлкен үй салады. Менің әлі есімде, ауланың ортасында үлкен үй орналасқан. Үйіміздің жанындағы бес-алты дүкенді жалға беретін едік. Біздің үйдің қасында салынған үйлерде туысқандарымыз тұрды. Бұлай қоныстану атама да жақсы болатын. Өйткені топтасып отырған қазаққа ұры-қары да батпайтын. Соның арқасында Герат қаласындағы сәулетті үйде тұрып, жақсы өмір сүрдік. Атам қазақтар арасынан алғаш қажылыққа ұшақпен барған адам. Қажы атанып келгеннен кейін сырқаттанып өмірден өтті. Ал, әкем атамның жолын қуып, кәсіппен айналысты. Атамның сенімді түркімен досы менің шешеме кілем тоқуды үйретеді. Негізі түркімендер басқа халыққа бұл өнерді үйретуге қарсы болады екен. Кейіннен кілем тоқып сатуды кәсіпке айналдырдық. Біздің үй кілем тоқуды ауғандар мен қазақтарға да үйретті. Кейіннен экспортқа шығып, кәсіптің ауқымы ұлғайды. Түркімендер бізге реніш білдіргенімен оларға да, жергілікті ауғандар мен қазақтарға да бұл кәсіп мол табыс әкелді. Атам 1961 жылы ұшақпен Меккеге барып, анамның бірінші тоқыған кілемін садақа ретінде Меккенің қабырғасына қағып өз парызын орындайды. Атам үйіміздің жанынан үш-төрт қазақ отбасының тұруына тегін үй береді және басқа да қайырлы жұмыстар істеп, 1963 жылы қайтыс болды.

Тақан атамның тағы бір ерлігі, керуен тартып жүргенінде өзіне бір қарт ана ұлы мен түйесін аманаттайды. Жолда сол түйе жоғалып кетеді. Тақан атам түйені іздеуге шығып, малды ұрлаған ауғанмен белдесіп, түйені аман-есен иесіне әкеліп береді. Жалпы қазақтар өте еңбекқор болды, ауған халқынан кем болған жоқ.

Елу жыл Ауғанстанда тұрғанымызда бір қазақ қызын ауғандарға ұзаттық, ал өзіміз ауғандардан көп келін түсірдік. Жат елде жүріп салт-дәстүрімізді ұмытпауға тырыстық. Қазақы қанымызды сақтадық. Үйде қазақ тілінде, сыртта ауған тілінде сөйлесетін едік. Бала күнімізден тіліміз қазақша шықты.

- Сонда сіздер Кеңес үкіметі Ауғанстанға кірген 1980 жылдары сол елде тұрып жаттыңыздар ғой. Осы жерде менің білгім келетін бір мәселе бар. Кеңес әскері кіргенге дейін ауған елі қалай өмір сүріп жатты? Ішкі жағдай неге ушығып кетті? Сол зұлматтан кейін неге Ауғанстан есін жинай алмай қалды?

- Негізі Ауғанстанда діннің әсері үлкен болды. Университет ашу, ғылым-біліммен айналысу, тіпті пойыз жүргізудің өзі басқа діннен келген іс деп, қоғам қабылдамады. Бірақ халық біртіндеп, көрші Иран, Пәкістан елдеріне жұмыс іздеп барып, өркениет белгілерімен таныса бастады. Біртіндеп ел ішінде саяси партиялар пайда болып, олар елде өзгеріс болуын талап етуге кірісті. Негізгі үш ірі ұйым пайда болды. Біріншісі Кеңес үкіметінің коммунистік партиясын, екіншісі Қытайдың коммунистік партиясын, үшіншісі Ұлыбритания мен батыстың саясатын қолдады. Осылардың ішінен Кеңес үкіметін қолдаушы ұйым ел ішінде революция жасап, ақырында Кеңес Одағының әскерлері Ауғанстанға кірді. Сол кезде моджахедтер жастарды өз әскерінің құрамына күштеп әкете бастады. Әскерге алуға екі ағамды ауған моджахедтері үйге бірнеше рет іздеп келді. Үлкен ағам Рафи Кабул университетінде жоғары білім алған қазақтың бірі болды. Ол сол кезде шетелдік қазақтарға арналған «Шалқар» газетін алдыртып оқитын еді. Сондықтан жергілікті тұрғындар оған «Кеңес үкіметімен байланысы бар» деп жалған жала жапқан. Ағаларымды бірнеше ай үйде жасырдық. Әкем шекарада сауда жасап көп жүргендіктен таныстары арқылы үлкен ағамды бала-шағасымен Иран еліне жіберді. Екі рет үйімізге ұры түсіп, бар мал-мүлкімізді тонап кетті. Қолымыздағы үш тапаншаны да тонаушылар әкетті. Жағдайымыз нашарлады. 1981 жылы атам салдырған кең сарайды өте арзанға сатып, Иранға көштік. Иранда күнделікті тамағымызды табу үшін әр түрлі жұмыс істедік. Ағам көзі ашық, оқыған азамат еді. Ирандағы халықаралық көмек беруші ұйымдарға жағдайын айтып, Германияға көшуге квотаға жазылды. Содан, Германияға бару мүмкіндігі болмай, 1985 жылы ағам отбасымен Данияға көшті. Ағам Иранда тұрғанында да Горган қаласы әкімшілігінен купон алып, қазақтарға тарқатып беретін. Купон арқылы базарда азық-түлікті жарты бағасына алуға болатын еді. Сөйтіп ағам Ирандағы қазақтарға да көмек жасады.

Екі ағам, мен және бір қарындасымды ағам Данияға шақыртып алды. Ал бір әпкем тұрмысқа шыққан еді, олар қазір Иранда тұрады. 1993 жылдан кейін Ауғанстаннан Иранға келген қазақтардың біршама бөлігі Түркия еліне көшіп кетті. Қазір Даниядағы біз тұратын жерде өзіміздің туыс-туғандар және оншақты басқа қазақ отбасылары бар. Барлығын қоссақ, біздің мәдени орталықта алпыс шақты қазақ бармыз. Қазақстаннан Данияға шамамен үш жүздей қазақ көшіп келіпті. Біздер солардың елу шақтысын танимыз, араласып тұрамыз.

- Әкбар мырза, сіз бір елден бір елге көшіп жүрген кезде бала болған екенсіз, мектепте оқу да қиынға соққан сияқты. Толық білімді сонда Еуропаға, Данияға келген кезде алдыңыз ба? Қандай мамандықты игердіңіз? Қазір қандай кәсіппен айналысасыз?

- Мен Данияға он бес жасымда келдім. Сол жылы тіл үйрену курсына қатысуды бастадым. Он жеті жасымда алғаш мектеп табалдырығын аттадым. Мен мектепке баратын жылы Ауғанстанда соғыс басталды, Иранға келгесін оқу мүмкіндігі болмады. Жас бала болсақ та жұмыс істеп, ақша таптық. Ауғаннан келген адамдарды Иранда мектепке де алмайтын. Данияға келгесін дат тілі курсынан бөлек, жазғы демалыста наубайханада жұмыс істедім. Үш ай жұмыс істегеннен кейін тілім практикалық жағынан жақсарып қалды. Мені он төрт күн мектепке практикаға жіберді. 8 сыныптан бастап мектепке қабылдандым. Өмірі мектеп табылдырығын аттамаған маған бастапқыда сабаққа ілесу өте қиын болды. Мен кейбір сабақтардың атын да мүлде естімеген едім. Мектепке барғасын білімге деген құштарлығым оянды. Күн-түн демей сабақ оқумен болдым. Жоғары болмаса да, ешбір сабақтан төмен баға алмай мектепті бітірдім. Мектептен кейін өз бейімділігіме қарай техникалық гимназияға түсіп инженер-техник мамандығын игеріп шықтым. Данияда гимназия бітірген жастар бір жыл қоғамда практикадан өтетін, кейбірі шетелге барып жұмыс істейтін.

Мен 1994 жылы Қазақстанға келдім. Оның себебі 1991 жылы Данияға Манаш Қозыбаев деген академик ағамыз келген еді. Келу себебі - Қазақстаннан табылған алтын адамды біз тұратын қалаға көрсетуге әкеліпті. Ағам бұл жайында газеттен оқып біліп, оны әкеме айтыпты. Әкем маған Қазақстаннан келген азаматтарды тауып, үйге шақырып келуімді тапсырды. Ол кісілердің қай қонақүйге түскенін білмедім, сосын қаланың орталығына келіп көшеден іздей бастадым. Көшеде келе жатып түрі қазаққа ұқсайтын бір ағамызды көзім шалды. Қасына барып ағылшын тілінде «сағат неше болды?» деп сұрадым. Ол кісі сасқалақтап жауап бере алмады, содан барып «қазақ» деп едім, мені қуана құшағына басты. Ой бауырымдап сол жерде таныстығымыз басталды. Ол кісі менімен бірден еріп кеткен жоқ. Қонақ үйінің жанынан кездесетін жерді көрсетіп, қай уақытта келетінін айтты. Айтылған уақытта көлікпен межелі жерге барып, Манаш Қозыбев пен тағы бір ағамызды үйге әкелдім. Мен Манаш ағаларды іздеуге кеткенде әкем ағама қой сойып әкелуді тапсырыпты. Қалада тұрамыз, ағам ауылды жерге барып қой сойып әкеліпті. Қандастарымызды Дания елінде қазақы дәстүрмен қарсы алдық. Анам атажұрттан келген қонақтарына қазақы ет әзірледі. Әкем астан кейін келген қонақтармен жақын танысты. Мені ағаларымыз айтқан қазақ елінің тарихы жөніндегі әңгімелер толғандырды. Сол күннен бастап Қазақстанға деген қызығушылығым оянды. Манаш ағам әкемнен не қалауыңыз бар дегенінде, әкем менің болашақта Қазақстанға баратынымды айтты. Және елге барғасын Акбарыма жақсы бір ана тәрбиесін көрген қызға таныстыруын өтінді...

Сөйтіп, 1994 жылы гимназияны бітірдім. Сол жылы газеттен Қазақстан мен Данияның Арал теңізі балығын аулау туралы жоспарын көріп қалдым. Арал теңізінде өсетін камбала балығын өсіруді, аулауды және шаруашылыққа қажет құрал-жабдықтары беріледі екен. Осы жобаның жауапты адамдарымен хабарласып, мен де Қазақстанға барғым келетінін айттым. Ол кісілер келісім беріп, тоғыз адам 1994 жылы Қазақстанға келдік. Мен елге құр қол келмейін деп гимназиядан саяси, экономика, ғылыми бағыттағы кітаптарды алып келдім. Әкелген кітаптарымды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне тапсырдым. Университет ректорының орынбасары Рублина деген ханым студенттерге Дания туралы айтып беруімді өтінді. Үш жүзге жуық студентке Дания жайлы айтып бердім, кейін студенттермен жақын араласып кеттім. Университетте жұбайым, балаларымның анасы Ләйлімен таныстым. Сөйтіп екі жыл Қазақстанда қалып қойдым. Себебі, Ләйлі университеттің соңғы курсын аяқтайтын еді. Обал болмасын деп оқуын бітіруін күттім.

Студент бола жүріп қосымша наубайханада жұмыс істедім. Данияда жұмыс істеген сағатыңа қарай ақша төленетін. Қазақстанға барғанымда қалтамда өзім жинаған 10 мың доллар қаражатым болды. Осы ақшаммен Қазақстанда екі жыл тұрып, үйлендім.


Инженер болуды армандаған менің ойым екі жыл Қазақстанда жүргенімде өзгерді. Себебі ол кезде Қазақстан экономикасы өте төмен еді. 1996 жылы Данияға келгесін Орхос экономикалық университетіне оқуға түстім. Ол Дания елі мен Еуропадағы ең үздік оқу ордаларының бірі еді. Арманым Қазақстан экономикасын көтеруге қызмет ету болатын. Университетті бітіргесін Қазақстанға барып жұмыс істеуге мүмкіндігім болмады. Себебі Қазақстанда жұмыс істеу үшін Дания азаматтығынан шығып, Қазақстан азаматтығын алуым керек болды. Отбасым осында қалатын болғасын Қазақстанға бара алмадым. Қызмет жолымды Данияның «Grundfos» деген компаниясының сату бөлімінен бастадым. 4 жыл сонда жұмыс істедім. Бұл компанияда 14 мың жұмысшы бар еді, жылына 3 миллиард еуроға сауда жасайтын еді. 2009 жылы «Grundfos» компаниясының бөлімшесі Қазақстанда ашылды, мен осы бөлімшенің ашылуына қызмет жасадым. Компания бөлімшесінің жылдық сауда мөлшері 11 миллион долларға дейін жетті. Бірақ, басқа мемлекеттерге қарағанда бұл қаражат тым аз еді. Мен бастығыммен келісіп, Қазақстанға бөлімшенің басшысы болып баруды ойладым. Бірақ, бастығым ауысып кеткесін, кейінгі келген басшы менің жоспарымды қолдамады. Жоспарым орындалмайтын болды дедім де, «Vestas» компаниясының сатып алу бөліміне сарапшы болып ауыстым. 2017 жылы Дубайда жұмыс істеуіме ұсыныс түсіп, сол жақта еңбек еттім. Данияға қайтып келгесін «Siemens» компаниясының орталық кеңсесіне жұмысқа кірдім, қазір сонда қызмет істеп жатырмын.

- Сіз Данияда қандастарымыздың басын біріктіріп, қазақ мәдени орталығын құрған екенсіз. Бұл елде шамамен қанша қазақ тұрады? Жиі бас қосып тұрасыздар ма? Атамекенмен қарым-қатынас қалай? Қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар?

- Дания мемлекетінде халық қоғамдық шараларға жиі араласады. 2005 жылы Дания еліндегі қазақтардың басын біріктіріп, қазақ мәдени орталығын құрып, заңды тіркеттім. Қазір Еуропа қазақтарының мәдени орталықтарымен бірлесе тығыз жұмыс істейді. Еуропадағы қазақтардың құрылтайына қатысып жүріп, қоғамдық шараларды белсенді ұйымдастыратын інілерімнің біріне Даниядағы мәдени орталықты басқару қызметін бердім. Өзім Еуропа қазақтары мәдени орталығының жұмысына араластым. Еуропа қазақтары жылына бір рет жексенбі күнді белгілеп, жиналатын едік. Қолымыздан келгенінше Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп спорттық, мәдени, әдеби, рухани шараларды өткіздік. Финляндиядан Әйкен апа (тарихшы), Швейцариядан Серік (дәрігер), Германиядан Назым Сақай (ғылым докторы) төртеуіміз жиналып, «Наурыз» тобын ашып, жұмыс істеп жатырмыз. Үш жылдан бері қазақтардың басын қосып, Германияның Гамбург және Нурымбе қалалары, Бельгияның Антверпен қаласында Наурыз мерекесін үзбей өткіздік. Биыл Германияның Кассель қаласында «Наурыз» мерекесін тойлауды жоспарлаған едік. Енді бұйырса келесі жылы өткіземіз. Осы шараларға белсенді қатысып жатырмын. Еуропадағы қазақтар бір-бірін дұрыс танымайды және арамызда өзге ұлт өкілдерімен үйленген азаматтар да бар. Сол себепті барлық қандастарды бір-бірімен таныстырып, атажұрттағы жаңа жылымыз «Наурыз» мерекесін көрсін деген ниетпен жұмысты қолға алдық. Кейінгі ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетуге күш салып жатырмыз.

Шетелде тұратын азаматтар туған еліне көмек қаражат жіберіп жатады. Мысалы, Түрік кәсіпкерлері елдеріне қаржылай көмек береді. Осы мақсатта бірнеше азамат Қазақстандағы қандастарымызға көмек жіберу жұмысын бастадық. Дания мемлекеті тарапынан да қаражат берілуін ұйымдастырып жатырмыз. Себебі, Дания жыл сайын белгілі бір мөлшерде шетелдегі мемлекеттерге көмек жібереді. Соңғы уақытта Қазақстанда баспанасыз қалған және ауруға шалдыққан қос азаматты Facebook желісінен көріп, қолымыздан келгенінше қол ұшын создық. Елдегі ауқатты ағалар мен інілеріміз де қолындағы барымен бөліссе деген тілегім бар.

Атажұртпен қай уақытта болсын байланысты сақтағымыз келеді. Өзім осы мақсатта жиырма жылдан бері үзбей жүмыс істеп келемін. 1995-1996 жылдары атажұрттағы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында алты ай жұмыс істеп, машинкамен жазу жазып отырған апайларға компьютер қолдануды үйреттім. Ол уақытта еліміз тәуелсіздік алып, халқымызға бостандық тигеніне жүрегіміз жарыла қуанған едік. Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болған Қалдарбек Найманбаев, Талғат Мамашев ағаларымызбен Еуропа қазақтарының бірнеше құрылтайын табысты өткіздік. Қазір жан-жақта жүрген Еуропа қазақтарының басын қосып, мәдени шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Оны ұйымдастыруға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» да мұрындық болмақ. Әлемді жаулаған індетке байланысты карантин кезінде «Отандастар қоры» өткізген 12 мамыр күнгі онлайн конференцияда көптеген тамаша ұсыныстар айтылып, жоба-жоспарлар ортаға салынды. Мен «Отандастар қоры» ұсынып отырған «Қазақ картасы» атты жобаны қолдаймын. Себебі аталған жоба шеңберінде көптеген кедергілерді еңсеруге мүмкіндік туар еді. Қазақстан егемендік алған уақыттан бері осы мәселені қозғаған едік. Бізге екі азаматтық беріліп атажұртымызға емін-еркін барып тұруымызға, кәсіп ашып, жұмыс істеуімізге жағдай жасалғанын қаладық. Енді міне, «Қазақ картасы» арқылы алыстағы қандастардың атажұртқа баруына жол ашылады деген ақжолтай хабарды естідік. Шетелдегі қандастарымыз Қазақстанда тұрақтап тұруына, жекеменшігіне үй, жер алып кәсіп ашуына да жағдай жасалар еді.

«Адам мың жасамайды, ұрпағы мың жасайды» дейді халқымыз. Туған ел мен жердің қадірін алыстағы қандастарымыз жақсы біледі. Біздің қолымыз жетпеген игілікті жұмыстың шапағатын ұрпағымыз көріп, «Қазақ картасы» іске қосылса деген тілегім бар.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!


Сұхбаттасқан Еркін Байғабылұлы.


Соңғы жаңалықтар