Жоғары білімді биотехнолог синтетикалық есірткі өндіріп, саудалаумен айналысқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қарасора-2021» жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында елорда полицейлері «Мефедрон» және «Амфетамин» ретінде белгілі синтетикалық есірткілерді өндіретін кезекті есірткі зертханасын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Есірткі зертханасы мен оны әрі қарай сатуға арналған интернет-дүкен елорданың қымбат тұрғын үй кешендерінің біріндегі жалдамалы пәтерде орналасқан.

«Өндірісті» ұйымдастырушы 27 жастағы дипломы бар биотехнолог болып шықты. Ол өзінің алған білімін синтетикалық есірткілерді өндіру мен сатуға қолданған.

Тінту барысында күдіктіден синтетикалық есірткілерді дайындау формулалары жазылған дәптер, электронды таразы, психобелсенді заттарды өндіру үшін химиялық компонеттер, психотроптық заттар қатпарланған колбалар, буып-түюге арналған полиэтилен пакеттері, есірткі сатушы қолданған дербес компьютер, сонымен қатар 10 грамм сатуға дайын тұрған «синтетик» анықталған.

Күдікті есірткілерді өзінің жеке интернет-дүкені арқылы «байланыссыз әдіс» бойынша сатқан. Тапсырысты орама ретінде қоғамдық орындарға, орталық саябақтарға, тіпті балалар алаңдарына қалдырып отырған.

Осылайша, жедел-тергеу шараларын жүргізу кезінде күдікті елорда саябақтарының бірінде полиция қызметкерлеріне оралған есірткілер сақталатын жерлерге нұсқаған.

Жүргізілген операция барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан синтетикалық есірткінің 60 дозасын тәркіледі.

Қазіргі кезде күдікті қамауға алынды. Оған ҚР ҚК-нің 3-бөлімі 297-бабы «Есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша айыптаулар ұсынылды. Бұл 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін бап және ол кінәлі адамның мүлкін тәркілеуді қарастырады.

Осы жылдың басынан бастап бұл – елордалық полицейлер анықтаған екінші есірткі зертханасы. Одан бөлек, алты айдың ішінде заңсыз айналымнан 45 кг түрлі есірткі құралдары тәркіленді. Олардың ішінде «героин», «наша», «марихуана» және «синтетикалық есірткілер» бар. 12 қылмыстық іс қозғалған.

Бұл жерде өлімге әкелетін заттарды сатумен айналыстан қылмыскерлерді ұстауда азаматтардың көмегі бар екенін айта кету керек.

Осылайша, жылдың басынан бастап 51 тұрғыннан есірткі сататын интернет-дүкендердің жарнамасы бар граффити суреттері туралы хабарлама (барлығы өшірілген) келіп түскен.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар