Жоғарғы сотта бала тәрбиесіндегі дауларды шешу мәселесі талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов еліміздің жоғары сот органының кезекті жалпы отырысын өткізіп, жиын барысында бірнеше нормативтік қаулының жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес, Жоғарғы Соттың төрт нормативтік қаулысының жобасы талқыланды. Жоғарғы Соттың судьясы Зәуре Кейкібасова «Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулы жобасымен таныстырды.

«Біз «тәрбиелеу» сөзін тар мағынада түсінбеуіміз керек. Балаларға қатысты дауларды шеше отырып, біз олардың дүниетанымы мен болашағына ғана емес, халқымыздың келешегіне де ықпал етеміз», - дейді ол. 

Зәуре Кейкібасова қандай жағдайларда ата-ана құқықтарынан шектеу және алимент өндіруден бас тарту шарасы қолданылатынын, ата-анасының бірі тұрақты тұру үшін Қазақстанның шегінен тыс кететін балалардың тұрғылықты жерін анықтау туралы істерді қарау кезінде туындайтын кейбір мәселелер туралы айтып берді.

Ал Жоғарғы Соттың судьясы Сара Жармұхамбетова «Соттардың баланың туу тегін анықтауға байланысты істерді қарауы кезінде заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулы жобасын тілге тиек етті. Ол өз ата-анасын білу құқығы Баланың құқықтары туралы конвенцияда бекітілгенін атап өтті. Бала өзінің биологиялық ата-анасын білуге, отбасында тұруға және тәрбиеленуге құқылы. Судья атап өткендей, ер адамның әкелігін мойындау ерікті тәртіпте баланың анасының келісімінсіз белгіленеді. Бұл ретте, анасы қайтыс болған, оны әрекет етуге қабілетсіз деп таныған, оның тұрғылықты жерін анықтау мүмкін емес және ол ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайларда қамқоршылық және қорғаншылық органдарының келісімін алу қажет.

Жоғарғы Соттың судьясы Лаура Ағыбаева «Қылмыстық істерді бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе жаңа институт - бұйрықтық іс жүргізудің мақсаты, ерекшеліктері туралы айтып берді. Нормативтік қаулы жобасы сотқа дейінгі сатыда және сотта істі қарау кезінде бұйрықтық іс жүргізуді қолдану нормаларын түсіндіруден тұрады. Л.Ағыбаева атап өткендей,нормативтік қаулыны қабылдау бұйрықтық іс жүргізу сот практикасындағы даулы мәселелерді шешуге, практикада іс жүргізудің осы түрін кең қолдануға, процесті жеңілдетуге мүмкіндік беріп, судьяларға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және бұйрықтық іс жүргізуді қолдану бойынша олардың құқықтарын іске асыруда азаматтарға пәрменді жәрдем көрсетеді.
null 

Жоғарғы Соттың судьясы Асқар Смайлов «Өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды таратудағы сот тәжірибесі туралы» нормативтік қаулыға түзетулер енгізу жобасын ұсынды. Қаулыны әзірлеу заңнамаға өзгерістер енгізуге байланысты туындап отыр. 

Соңғы жаңалықтар