«Жиырмалық тобы» елдерінің қаржы министрлері мен орталық банк басшылары қаржы нарығындағы қауіп-қатерлерді талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Д. Ақышев ағымдағы жылы қыркүйекте Қытайда өтетін G20 Саммитінің қарсаңында 23-24 шілдеде Чэнду қаласында (ҚХР) өткен «Жиырмалық тобы» елдерінің қаржы министрлері мен орталық банктері басқарушыларының кездесуіне қатысты. Қазақстандық делегацияны ҚР Қаржы министрі Б. Сұлтанов бастап барды. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Іс-шараға G20 елдерінің және шақырылған мемлекеттердің экономикалық және қаржы блоктары мемлекеттік органдарының басшылары, Халықаралық Валюта Қоры, Қаржылық тұрақтылық кеңесі, ЭЫДҰ және Дүниежүзілік Банк сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты. 

«Тараптар 2016 жылдың екінші жартысындағы әлемнің жетекші экономикаларының өсуінің баяулауымен, әлемдік сауда көлемінің төмендеуімен, Ұлыбританияның ЕО-дан шығуының жағымсыз әсерімен, әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың өсуімен байланысты негізгі қауіп-қатерлер мен тәуекелдерді талқылады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, кездесудің жұмыс сессиялары барысында қаржы секторын реформалау, инфрақұрылымды және инвестицияларды дамыту, «жасыл қаржы», сондай-ақ терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша G20 елдерінің өкілдері бірлескен коммюнике  қабылдады.

«20 тобының» қаржы министрлері мен орталық банктері өкілдерінің алдыңғы кездесуі 2016 жылғы 14-15 сәуірде Вашингтон қаласында өткендігін еске саламыз. 

Соңғы жаңалықтар