Жезқазғанда Абай туралы спектакльдің премьерасы өтті

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрында наурыз айының басында драматург Иранбек Оразбаевтың (Иран-Ғайып) Абай туралы пьесасы бойынша қойылған «Мен ішпеген у бар ма?..» спекталінің премьерасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спектакльде Абай мен Құнанбайдың, әке мен баланың арасындағы күрделі өзара қарым-қатынас арқылы ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың шексіз қарама-қайшылығы сияқты күрделі мәселелер көрініс тапқан.

«Ұлы Ақынның 175 жылдығына арналған спектакль арқылы көрермендердің назарын Абай өмірінің философиясы мен трагедиясына тағы да аударғым келді. Екіншіден, басқаларға мүлдем ұқсамайтын «өз Абайымды» қойғым келді. Біз Абай – философ, данышпан дейміз. Алайда, ол бәріміз сияқты ет пен қаннан жаралған адам. Бірақ мен оның прогрессивті ойларымен өз заманынан озғанын көрсеткім келді. Иә, тіпті туыстары мен жақын-жекжаттары оның жанын толық түсіне алмады. Сондай-ақ, өмір бойы надандықпен, өткеннің қалдықтарымен күрескен Абайды көрсеткім келді», - дейді қоюшы режиссер Теміржан Жанботаев.

Сахнада Абай бейнесін екі актер сомдады: Нұржан Бейісбеков жас ақынның мінезінің қалыптасуын жеткізді, ал ҚР еңбек сіңірген әртісі Серік Бұлғақбаев қалыптасқан ұлы ойшылдың сан қырлы тұлғасын қайта жаңғыртты.

«Біздің қала үшін – бұл үлкен оқиға, үлкен премьера. Абайды ойнау - кез келген қазақстандық актердің арманы деп ойлаймын. Біз барынша тырыстық, қиындықтар болды. Біздің қойылым көрермен көңілінен шықты деп үміттенеміз», - деді Нұржан Бейсбеков.

Аталмыш пьеса 40 жыл бұрын жазылған.

«Абайдың 150 жылдығына орай Мәскеуде болды. Еліміздің көптеген театрларында қойылды. Бірақ С. Қожамқұлов атындағы театрдың спектаклі мені ерекше толқытты. Мен сахналарда түрлі Құнанбай образдарын көрдім – барлығында ол қатал адам бейнесінде сомдалады. Бірақ Құнанбайдың да жүрегі бар, ол да ұлына алаңдайды. Бүгін мен Бақытжан Ыбыраевтың орындауында осындай бейнені көрдім», - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы-драматург Иран-Ғайып.

Абай мұрасын насихаттағаны үшін театр басшысы Досхан Сәкен «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінің қоюшы режисері Темірлан Жанботаевқа Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының «Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы» мерейтойлық медалін табыс етті. Бұл марапатқа сондай-ақ Серік Бұлғақбаев Абай бейнесін сомдағаны үшін, ал Бақытжан Ыбыраев Құнанбай рөлін ойнағаны үшін ие болды.


Соңғы жаңалықтар