Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарының баспаналарын кері қайтарып алуға қатысты түсініктеме берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында мемлекеттік бағдарлама аясында берілген пәтерлерді кері қайтарып алуда деген әңгімеге қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 2 апта ішінде Жезқазған мен Сәтбаев қаласында баспаналардан тұрғындарды шығаруда деген әртүрлі әңгімелер айтылып жатыр. Бұл әрекеттің жаңа әкімге қатысы жоқ. Жезқазғандағы аталған тұрғын үй 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында салынған. Ондағы пәтерлер әртүрлі санатқа жататын тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілген. Қазіргі уақытта ол жерде қателік кеткені анықталды. Оны бәрі мойындап отыр. Яғни ол тұрғын үй бюджет қызметкерлеріне арналмаған, оларға ол баспана берілмеуі тиіс», - деді Ж. Қасымбек ОКҚ-де онлайн түрде өткен баспасөз мәслихатында.

Өңір басшысының сөзіне сенсек, қателікке қарамастан ешкім берілген баспанадан шығарылмайды.

«Алдымыз қыс, біз қазір ешкімді баспанадан шығармаймыз. Қазіргі таңда түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында аталған қалаларда тұрғын үйлер салынып жатыр. Сол баспаналар алдағы желтоқсан айында және келесі жылдың көктемі мен жазында тұрғындарға берілетін болады. Яғни бұл тұрғындар жаңа үйге көшіріледі. Ешкім де далада қалмайды», - деді ол.

Сондай-ақ, Ж. Қасымбек баспананы үлестіруде қателік жіберген мамандардың жауапқа тартылатынын айтты.

«Тұрғын үйлерді дұрыс үлестірмеу жағдайы 2 қалада орын алды. Бірі Сәтбаев қаласында, онда барлығы 13 отбасы. Екінші Жезқазған қаласында 9 отбасы. Осы орайда аталған іске қатысты және жауапты шенеуніктерге сөгіс жарияланады», - деді облыс әкімі.

Айта кетсек, бүгін елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен онлайн түрде өткен баспасөз мәслихатында тілші Жезқазған және Сәтбаев қалаларында тұрғындардан мемлекеттік бағдарлама аясында берілген баспаналарды кері қайтарып алуда. Енді тұрғындар не істейді деген сұрақ қойған болатын.


Соңғы жаңалықтар