Жетісу жастары өңірдің көркем табиғатын көрсете отырып домбыраны насихаттады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу жастары өңірдің көркем табиғатын көрсете отырып домбыраны насихаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 шілде - Ұлттық домбыра күніне орай Алматы облысы жастар саясаты басқармасы қазақ халқының ұлттық брэндіне айналған төл домбыраны насихаттау, Жетісудың көркем табиғаты мен домбыра өнерін ұштастыра отырып, жастардың бойына отаншыл рухты дарыту мақсатында Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйіне бейнебаян түсірді. Аталмыш бейнебаян төл өнерді насихаттаудағы бірегей бастама болып табылады. Жетісу жерінің дарабозы, атақты күйші Нұрғиса Тілендиевтің туындысын елімізге танымал өнерпаздар орындады. Олар: Ержан Есіркепұлы - күйші, «Ұлытау» тобының экс-солисі, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының солисі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері. Нұркен Нұрғалиұлы Әшіров - күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері, Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты. Рүстем Наурызов - «Қазақ өнерінің қайраткері», Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы, күйші, сазгер, бірнеше мемлекеттік дәрежедегі байқаулардың жүлдегері. Ұшқын Жамалбек - әнші, «Алашұлы» тобының экс-солисі, сазгер, күйші.

Бейнежазбада Алматы облысының Көлсай, Қайынды көлдері, Айғайқұм, Шарын шатқалы сынды көрікті жерлерінде домбырашылардың «Әлқисса» күйін орындағандары көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар