Жетісу өңірінде сервистік-дайындау орталықтардың саны артуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында соңғы 7 жылда 40-қа жуық сервистік дайындау орталығы ашылды. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолға алған бұл жоба ауылшаруашылығын кооперациялауға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сервистік-дайындау орталықтары ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған арнайы механизм. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар Алматы облысының 12 ауданы мен Қапшағай қаласында құрылған. Оларға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, ауылшаруашылығы техникасы алынады. Орталықтар шаруаларға ерте көктемнен күзгі жиын-терінге дейін қызмет көрсетеді. Биыл бұл жұмыс қарқынды жүріп, еңбек өнімділігі 1,5 есеге артты. Жалпы Алматы облысында сервистік дайындау орталықтары қант қызылшасы, жүгері, картоп және дәнді дақылдар бағытында жұмыс істеуде. Облыс бойынша 250 шаруа қожалығы осы ауылшаруашылық құрылымы негізінде топтасты. 700 тұрақты, маусымдық 2500 жұмыс орны ашылды.

Мәселен 2016 жылы Ескелді ауданындағы үш ірі шаруа қожалығы негізінде «Сырымбет» сервистік-дайындау орталығы құрылды. Құны 157 млн теңге болатын 11 бірлік техника алынды. Бұл сервистік орталықтың негізгі бағыты қант қызылшасын өндіру, дейді шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Дүйсенбинов. Биыл орталық күшімен шаруалар Көксу қант зауытына 20 мың тонна қант қызылшасын өткізді.

Елбасының ірілендіру саясатын жергілікті жерде тікелей орындап жатқан «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Бүгінгі таңда 39 сервистік-дайындау орталығы құрылды. Олардың 24-і қант қызылшасын өндіруге бағытталған. «Жетісу» ӘКК департамент директоры Марат Асановтың айтуынша соңғы 7 жылда 7,7 млрд теңгеге ауылшаруашылық техникасы алынды. Шаруалардың алды лизингтік борышын өтеп бітіп, техниканы меншігіне өткізіп алған.

Соңғы жаңалықтар