Жетісу ауданының 3 жылдық жоспары қоғамдық талқылауға шығарылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Жетісу ауданының тұрғындары көшелер мен аулаларды абаттандыру, жарықтандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету және әлеуметтік нысандарды салу мәселелерінің шешілуін күтіп отыр. Бұл туралы аудан тұрғындарымен есептік кездесуде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов баяндағандай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша аудан тіршілігінің негізгі салаларында оң динамика қалыптасқан. Аудан территориясында 941 өнеркәсіп орны бар. Аудан өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша былтыр бірінші орынды иеленеді.

Мысалы, 2019 жылы ол 4,7%-ға өсіп, 216,7 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар, аудан бөлшек сауда көлемі бойынша 800,2 млрд теңге айналыммен бірінші орында тұр.

Аудан тұрғындары үшін өте өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көліктің жұмысы. Тұрғындардың өтініштері бойынша №№ 17, 56 және 123 бағыттардың сызбаларына өзгерістер енгізілді. № 46-шы бағыттың сызбасы өзгерді. Былтыр 18 қыркүйектен бастап Айнабұлақ-2 ықшамауданына қоғамдық көліктің қызметін көрсету үшін №56 бағыттың сызбасы Көкмайса ықшамауданының соңғы аялдамасынан Айнабұлақ-2 ықшамауданына дейін ұзарды.

Былтыр тамызда Алматы әкімімен кездесу кезінде тұрғындардың өтініші ескеріліп, жаңа №208 автобус бағыты құрылды.

Кемел ықшамауданынан шығып, метроның «Райымбек батыр» бекетіне дейін баратын маршрут Көкжиек ықшамауданын да қамтиды. Бұл бағытты 2020 жылдың ақпан айында іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар, 2019 жылы 13 бағыт бойынша 220 ескі автобус жаңарды. Жаңа үлгідегі 11 аялдама орнатылды. Биыл мұның 30-дан астамы жоспарланып отыр.

Бүгінде ауданның 61 көшесі орталықтандырылған су жүйесінен тыс қалды. Бұл проблеманы таяудағы 3 жыл ішінде шешу көзделіп отыр.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша Көкжиек ықшамауданы мен Есенов көшесі 154/4 мекенжайда полицияның 2 учаскелік пункті ашылды. Полицияның 4 модульді постысы жұмыс жасап келеді. Соның арқасында азаматтардың өтініштері дер кезінде назарға алынып келеді.

Жиі көтерілетін мәселелердің бірі – жарықтандыру. Былтыр 56 көшеге бір жарым мың LED-шамдары орнатылды. Биыл ауданды 100% жарықтандыру жоспарланған.

2019 жылдың тамыз және қараша айлары аралығында 100 ауланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.

Workout-алаңдарға жасақталып, сыртқы жарықтың 564 бағанасы орнатылды және 20 футбол мен баскетбол алаңы салынды. 2020 жылы барлық аулаларды абаттандыру толық аяқталады.

Биыл аудандағы Кемел елді мекенінде күніне 200 адам келетін отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар, №11 емхананы сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеудің, Жұмысшы кентінде 240 адам келетін емхана құрылысын және 50 адам келетін әйелдер кеңесін, Айнабұлақ-4 ықшамауданында 160 орынды балабақша, №43 мектеп жанынан қосалқы нысан, спорт зал мен асхана салудың, № 80, 129 мектеп жанынан сейсмикалық күшейтумен бірге күрделі жөндеу өткізудің жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың наурызының соңына дейін Жетісу ауданын дамытудың үш жылдық шеберлік-жоспары әзірленетін болады. 15 ақпанда құжат қоғамдық талқылауға ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар