Жетістікке бастайтын білім мен мәдениеттің ынтымақтастық арнасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады.

***

Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын - білім мен білік жолы болып табылады. Барлық саланың қарыштап дамып, өркендеп өсуі білім, ғылым мен мәдениеттің даму қарқынына байланысты екендігі сөзсіз.

Білім пен мәдениет саласында белсенді ынтымақтастық орнаған екі ел Қазақстан мен Қытайдың арасын ертеден келе жатқан достық, әріптестік қатынастар байланыстырады. «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының бірлесуімен екі ел арасындағы экономикалық әлеует артып келеді. Қос бағдарламаның өзара әрекеттесуі тек екі елге ғана емес, бүкіл аймаққа оң әсерін тигізіп жатыр. Бүгінде жоғары деңгейдегі қарқынды диалог жалғасын табуда. Әсіресе, білім саласында атқарылған шара аз емес. Әріптестігімізді нығайтуға арналған кездесулер мәдениет және білім беру саласында ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындары арасында студенттермен және оқытушы-профессор құрамымен алмасу, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жетекші профессорларды шақыру секілді түрлі бағыттары бар ынтымақтастық одан ары кеңейіп отыр.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы XI ғасырдағы ең ірі жобалардың біріне айналып отыр. Бұл бастама алғаш рет Қазақстан жерінде жарияланды. Нақтырақ айт­сақ, 2013 жылы Қытай көшбас­шысы Си Цзиньпин «Жібек жолы­ның экономикалық бел­деуін» жүзеге асыру идеясын Астанада, «Назарбаев Уни­вер­ситетінде» әлем назарына ұсынды. Шын мәнінде, Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасын іске асыруда Қытайдың Еуразия кеңісті­гіндегі сенімді әріптесі болып табылады. Қазақстан қазіргі таңда «Жібек жолы» баста­масын жүзеге асыру бары­­сын­да маңызды рөлге ие. «Бір белдеу, бір жол» - жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі. Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады, - деді Президент Н.Ә.Назарбаев.

Білім берудің сапасын көтеруде, мәдениетаралық байланысты дамытуда және Қытайдың жоғарғы оқу орындарымен серіктестікті дамыту барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің қызметі зор. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің міндеті шетел азаматтарына тек тіл үйретіп қана қоймай, халқымыздың ата-бабадан келе жатқан ізгі қасиеттерін бойына сіңіріп, ата-бабадан қалған өшпес мұраны дәріптеп, мол қазынамен таныстыру болып табылады.

Орта ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн: «Өнер, білім - қос қанаты адамның, осыменен білерсің тілін ғаламның», - деп жазып кеткеніндей,  шетелдік азаматтарды қазақ және орыс тілдерін меңгеруге ынталандырып, тілдерді биік дәрежеде оқытатын, кәсіби әрі шебер білім беру әлемінде жоғары деңгейде аянбай еңбек етіп, білім беретін орта - кафедра. Осы уақытқа дейін кафедраның ғылыми және әдістемелік базасы дамып, көптеген шетелдік азаматтардың білімін көтеріп, қияға самғатты. Шетелден келген студенттер білімнің бастауын осы ұстаздардан алып, биік белестерге көтерілуде.

Ғылыми әрі кәсіби дәрежелері жоғары,  білікті де білгір оқытушылардың тынымсыз ізденістерінің, қажырлы еңбектерінің нәтижесінде кафедрамызда студенттердің әр түрлі деңгейдегі білімге деген сұраныстарын қанағаттандыру, қызығушылық танытқан шетелдік азаматтардың таным көкжиектерін кеңейту бағытында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

 Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы әлемнің озық, заманауи және таңдаулы үлгілері негізінде шетелдік жастарға жаңа деңгейдегі сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейді. Бұл кафедра 30 жылдан астам уақыт бойы білім әлемінде желкен керіп келеді.

Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін нәрсе - білім» деген екен. Әлемнің әр түкпірінен келген жүздері басқа болғанымен жүректері білім мен өнерге құштар, тілдері басқа болғанымен тілектері тоғысқан шетелден келген жастар осы кафедрада бір үйдің баласындай тату-тәтті білім алып жатыр.

Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі білім алып жатқан шетелдік студенттердің 80% Қытай Халық Республикасынан келген. Жыл сайын жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында ҚХР келген 100 тыңдаушы ҚР жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін тілдік дайындықтан өтеді.

«Бір белдеу, бір жол» жобасын және «Нұрлы жол» бағдарламасын қолдай отырып, шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деңгейіндеҚытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Конфуций институтының қолдауымен Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының қытайлық студенттерінің қатысуымен түрлі тақырыптарда бірнеше кездесулер өтті. Басқа Алматы қаласының ЖОО-нан шақырылған қонақтар және ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің оқытушылары мен студенттері, сонымен қатар осы факультетті бітіріп кеткен бұрынғы бітірушілер қонаққа шақырылды.

Факультетте өткен кездесулер барысында Қазақстандағы қытай студенттерінің әлеуметтік бейімделу мәселелері, сыртқы академиялық мобильділік бағдарламасын дамыту және ұлтаралық және дінаралық диалогты тереңдету туралы талқыланды. Сонымен қатар тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру, ғылыми, мәдени байланыстар орнату туралы ұсыныстар жасалынды.

Сонымен қатар, «Бір белдеу, бір жол» жобасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Поэзия - сезім айнасы» атты қазақ, орыс және қытай тілдерінде өлең оқу сайысы өтті.

Сайыста Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер қазақ, орыс және қытай тілдерінде атақты қазақ, орыс, қытай ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сайыс екі бөлім бойынша өтті. Сайысқа қатысушылар бірінші бөлімде өлеңді мәнерлеп оқып, екінші бөлімде сұрақтарға жауап берді. Сайыс нәтижесінде үш орын жүлдегерлері анықталып, құнды сыйлықтармен марапатталды.

Кездесулер және сайыс аясында бірнеше концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламаларға Қытай елінен білім алу үшін Қазақстанға келген студенттер қатысты. Бұл концерттік іс-шараларда қытайлық студенттер ән орындап, би билеп, қазақтың және орыстың атақты ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқи отырып, қазақ және орыс тілдерін меңгерген деңгейлерін, өз білімдерін, өнерлерін көрсете білді.

Дәстүр бойынша іс-шаралар соңында кафедраның мұражайында сақталу үшін әрі тарих үшін жалпы фотосуреттерге түсті. Әрбір шара соңында келген қонақтар факультеттің көп жылдық тарихынан сыр шертетін мұражайды аралап, қонақтарға арналған қолтаңба журналына өз лебіздері мен алғыстарын жазып қалдырды.

«Бір белдеу, бір жол» жобасын және «Нұрлы жол» бағдарламасын қолдау аясында өткен салмақты кездесулер мен «Поэзия - сезім айнасы» атты қазақ, орыс және қытай тілдерінде өлең оқу сайысы рухани-мәдени тұрғыда қытайлық студенттердің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.

Бұл атқарылған жұмыстар қытайлық студенттердің рухани-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы, әрі студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы әрі маңызды іс-шаралар болды.

nullnullnull

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру

дайындығы кафедрасының доценті, филология

ғылымдарының докторы А.Е. Саденова 

Соңғы жаңалықтар