Жетісайлық көпбалалы ана кәсібін дөңгелетіп отыр

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғыны Айгүл Жансейітова бүгінде мемлекеттік қолдауының шарапатын көруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тігіншілікті кәсіп еткен көпбалалы ана 7 жыл бұрын кәсіпкерлік курстарын оқып, арнайы сертификатын алған.

Әбибулла ауылының тұрғыны қолына куәлік тиген соң, аудандық жұмыспен қамту орталығына құжаттарын тапсырған. Арнайы комиссия мүшелерінің шешімімен оның құжаттары мақұлданып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 505 мың теңге алған. Бір аптада қолға тиген қаржыны тиімді пайдаланып, әрбірі 185 мың теңге тұратын тігін машиналарын сатып алған. Бүгінде орталық базардағы шағын тігін цехын кеңейтіп, өзінен бөлек тағы 4 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Тігіншілерге орташа есеппен 60 мыңның жалақы төлеп келеді.

Айгүл Жансейітованың айтуынша, мемлекет тарапынан тағы да қаржылай қолдау болып жатса кәсібін ары қарай кеңейтуге дайын. Айта кетейік, көпбалалы ана ашқан тігін цехында киімдерді қысқартып қана қоймай тапсырыс бойынша да тігеді. Дизайн мен еңбек ақы тапсырыс берушінің таңдауына қарай жүргізіледі. Кәсіпкер сондай-ақ, тігіншілікке қызығушылық танытқан қыз-келіншектер оқу курстарынан үйретеді.
Соңғы жаңалықтар