Жетісайда ашылған халықтық кеңсе ел игілігіне жарап жатыр – полиция

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай ауданында ашылған халықтық кеңсе ел игілігіне жарап жатыр. Бұл туралы халық алдында есеп берген аудандық полиция бөлімінің бастығы Ермахан Әбдраманов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есеп беру жиынына ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті Жетісай ауданы бөлімінің бастығы Арман Қожабаев, Жетісай ауданының прокуроры Нұрғали Асқанбеков пен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асан Маханбетов, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов пен бөлім басшылары, мектеп директорлары мен ауыл әкімдері және ауыл билері қатысты.

Халықпен кездесуде полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі аудандағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның сөзінше, жалпы 565 қылмыс тіркеліп, қылмыстың ашылуы 89 пайызды құраған.

Тағы бір айта кететін мәселе - ауданда жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде 77 ауыр және аса ауыр қылмыстың 62-сі ашылған. Бұл - жалпы қылмыстың ашылуының 85,5 пайызы. Ал қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмысы 80 пайызға кеміген.

«Қазіргі таңда өңірде өзекті мәселелердің бірі - мал ұрлығы болып тұрса, бұл бағытта әрбір әкімшілік аумақта профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде Жетісай өңірінде мал ұрлығы бойынша былтыр да, биыл да 22 дәйектен тіркеліп, бірқалыпты болып отыр. Сондай-ақ, заңсыз ойын бизнесінің алдын алу мақсатында Жетісай АПБ қызметкерлерінің арнайы рейдтік жұмыстарын жүргізу барысында 7 ойын-сауық мекемелері жұмыс атқарғандығы анықталды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша іс қозғалып, процессуалдық шешім қабылдау үшін мемкірістер департаментіне жолданған»,- деді Ермахан Әбдраманов.

Ауданның бас полицейі сондай-ақ, үнемделген қаражат есебінен аудандық полиция бөлімінің жанынан халықтық кеңсе құрылғанын айтып өтті. Қазіргі таңда аталған кеңсе мамандары 276 азаматты қабылдап, оларға құқықтық көмек көрсеткен.

Соңғы жаңалықтар