«Жетімдер үйінсіз Жетісу» - сауабы мол, шапағаты шексіз жоба

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгінде мемлекетімізде жетімдердің санын азайту үшін, яғни, балалар үйін болдырмау мақсатымен әр алуан игі шаралар атқарылуда. Тағдырдың тауқыметіне тап болған балалар да өзге балалар сияқты отбасында тәрбиеленіп, білім алуға құқылы. Алайда, бала болашағын ойлап бас қатырмайтын көкек аналар, перзент алдындағы парызын жете түсінбейтін жетесіз әкелер саны әлі азаймай отыр.

Енді қайтпек керек? Осы көкейтесті мәселе жөнінде «ҚазАқпарат» тілшісі Алматы облысы Панфилов аудандық білім бөлімінің тікелей осы іске жауапты бас маманы Роза Мұқаметбайқызы Ыстайға жолығып, ой-пікірімен бөліскен еді.

- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Астана қаласында өткен VIII Азаматтық форумда барша азаматтарға өнеге болатын мәселе көтерді. Онда Тұңғыш Президент Аналар үйі мен жетімдер мәселесі өзін қатты алаңдататынын айтып, Қазақстанда балалар үйі болмауы тиіс дегенді алға тартқан еді. Ал ол үшін не істеу керек ?Біздің балаларымыз мұхиттың ар жағындағы танымайтын елге барып өссе де, ертең елін, жерін сағынады. Бірақ, олар бөтен адам болып келеді. Мемлекетіміздің қиын-қыстау кезеңдерінде біз бұл мәселені назардан тыс қалды. Өзіміздің мұсылман дінінде де, қазақшылықта да «Жетімге қол созсаң, жұмақтан шығасың» деген бар ғой. Сондықтан, өзінің екі-үш баласы бар адам тағы бір баланы сол балалар үйінен алатын болса, тек жақсылыққа кенеледі деп санаймын», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Міне, осы мәселе төңірегінде бірауық ойланып, оны іске асыруға көңіл бөлетін болсақ Қазақстанда жетімдер саны азая түсері сөзсіз.

Елбасының жоғарыда айтқан бастамасына орай, түрлі деңгейдегі алқалы жиындарда толғақты ой, тұщымды пікір айтылып, көптеген шаралар атқарылып жатыр. Соның ең бастысы - Білім және ғылым министрлігінің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп отбасылық нысандарды дамыту бойынша жүзеге асырып жатқан жобасы. «Жетім балалар үйінсіз - Жетісу» жобасы қолға алынғалы бері Алматы облысында жетім балалар саны азайып, балалар үйлерінің саны қысқарып келеді. Осындай игі шараның арқасында қамкөңіл балалар аялы алақан мен отбасының жылуын сезініп отыр. Бұның бір көрінісін Жаркент өңірінен де байқауға болады деп сенімді түрде айта аламын.

- Мәселен, бұл бағытта Жаркент өңіріндегі жұмыс барысы қандай?

- Бұл бірегей жобаны Алматы облыстық әкімдігі мен облыстық прокуратура «Балалар үйінсіз - Жетісу» атауымен 2017 жылы қолға алға болатын. Осының аясында Панфилов ауданында да жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың отбасылық түрлерін дамытуды насихаттау күн тәртібінен түскен емес. Баланы асырап алатын отбасыларды табу, сондай-ақ, патронаттық тәрбиешілердің, қамқоршылар мен қорғаншылардың, ең бастысы - отбасы үлгісіндегі балалар үйлерін ашқан азаматтардың тәжірибесін таратуға барынша назар аударып келеміз. Осы мақсатты орындау жолында аудандық прокуратурамен бірлесе отырып кездесулер мен семинарлар өткізіп, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырып жүрміз.

- Балаларды орналастырудың отбасылық түрлері туралы тарата айтыңызшы ?

- Жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырулың бұл түріне қамқорлыққа (қорғаншылыққа) алу, патронаттық тәрбие және асырап алу, сонымен бірге отбасылық балалар үйі жатады.

- Қарапайым жұрт түсінбеуі мүмкін, патронат тәрбиеші деген кім сонда ?

- Патронат тәрбиеші - білім беру ұйымдарындағы, медициналық немесе басқа да ұйымдағы баланы тәрбиелейтін адам. Патронат тәрбиешіге тәрбиелеуге берілетін балалардың жалпы саны үштен аспайды. Баланы патронаттық тәрбиеге алуға тілек білдірген адам «Патронаттық тәрбие туралы» ережеге сәйкес құжаттар тапсырып, шарт жасасады. Оған балаларды бағып, тәрбиелегені үшін ай сайын айлық төленумен бірге, баланың киім-кешегіне, тамағына, тағы басқа керекті заттарына мемлекет белгілеген көлемде жәрдемақы төленеді. Бұл қаражат патронаттық тәрбиеленуші 18 жасқа толғанша беріледі.

- Ал, отбасы үлгісіндегі балалар үйінің өзгешелігі қандай және оны қалай ашуға болады ?

- Мұндай үлгідегі балалар үйіне жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдау тәртібі басқаша. Оған қабылданатын балалар саны төрттен кем болмауы керек. Сосын балалар саны оннан аспауы да тиіс. Мәселен, егер Сіз отбасылық балалар үйін ашқыңыз келсе, құжат жинап, аудандық білім бөліміне арыз жазасыз. Арызбен бірге жұбайыңыз екеуіңіздің біліміңіз туралы құжаттарыңызды, неке туралы куәлігіңізді, жеке куәлікті, егер он сегіз жасқа толған балаларыңыз болса, нотариус арқылы олардың келісімін, соттылығыңыз жоқ екендігі туралы және мекенжай анықтамаларын, денсаулық туралы анықтаманы өткізесіз. Сонымен бірге, отбасылық балалар үйін ашуға ең керекті құжат - тұрғын үйдің техникалық төлқұжатының көшірмесін де өткізесіз. Балалар үйін ашқан ата-анаға мемлекет жалақы төлейді, сонымен бірге балалар үйін қаржылай қамтамасыз етіп отырады.

- Осындай нысанда ашылған балалар үйі ауданымызда бар ма ?

- Әрине, бар. Сүптай ауылында «Бергенбековтер» отбасылық балалар үйі ашылды. Бұл үйдің отағасы да, отанасы да - мұғалім. Олар төрт бала тәрбиелеп отыр. Бұл балалардың барлығы да ауыл балаларымен бірдей білім алып жатыр. Панфилов ауданы Басқұншы ауылында тұратын Тәнекеева Бақыт деген апай да «Айналайын» балалар үйінен екі қыз баланы қамқорлығына алып, өз отбасында тәрбиелеуде. Жаркент қаласында тұратын кәмелетке толмаған Ефимов Даниел Николаевич анасы қайтыс болғаннан кейін (әкесі туралы мәлімет жоқ) Талдықорған қаласындағы уақытша бейімдеу орталығына орналастырылған болатын. Бақыт Есмұратқызы бұл қамкөңіл бүлдіршінді де одан әрі балалар үйіне өткіздірмей, өзінің отбасылық қамқорлығына алды. Жетім балаларға жүрек жылуын сыйлағысы келген, жаны жайсаң мұндай жандар ауданымызда аз емес. Жаркент қаласынан жуырда тағы да осындай екі отбасылық балалар үйін ашу жоспарланған.

- Ниеттеріңіз өте оңды екен. Дегенмен, бала асырап алу - аса күрделі іс екені де бесенеден белгілі. Осыған орай, қиыншылықтар да кездесіп қалатын шығар ?

- Әлбетте. Өмір болған соң бәрі де болады. Күтпеген жерден күрмеуі қиын түйіндер де тап келіп жатады. Сондай себептердің салдарынан өткен жылдары балалар үйінен алынған үш баланы бұрынғы мекемесіне қайтаруға тура келді. Бұл жағдай бізге де, балаларға да оңай тиген жоқ. Біздің де жүрегіміз қатты ауырды, жаны жаралы балалар одан да қиналып қалды. Бірақ, амал қанша... Осындай мәселе ендігіәрі болмаса екен деп тілейміз. Сол үшін де азаматтарды жан-жақты ойланып, салмақтап барып шешім қабылдауға шақырамыз. Әр баланың артында оның тағдыры тұрғанын ұмытпау керек. Бір айта кетерлігі, мұндай келеңсіздікке ұрындырған азаматтар «қара тізімге» ілінеді де, бұдан былай олардың балалар үйінен бала асырап алуына мүлдем жол берілмейді.

Сөз соңында айта кетейін, балаға үлгі болатын жақсы ата-ана болу қиын, ал бала асырап алушы ата-ана үшін ол одан жүз есе жауапты дүние. Мұндай жауапкершілігі зіл батпан міндетті мойнына алу арқылы жетімдерді жебеп, отбасылық жылу сыйлап жүрген жүрегі жұмсақ, мейірімі мол жандарға Алла разы болсын айтамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Нұрәділ Бегімбет

Соңғы жаңалықтар