Жеті жасар қазақ баласы Норвегияда антиядролық велошеруге қатысты

None
None
ОСЛО. ҚазАқпарат - Жеті жасар қазақ баласы Альтаир Омаров қазақстандық дипломаттар «Bike for Peace» қозғалысымен бірге Шығыс Норвегия қалаларында ұйымдастырған антиядролық велошеруге қатысты. Бұл шара БҰҰ Қазақстан бастамасы бойынша жариялаған Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орайластырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемде соғыс болмаса деп тілеймін. Әр елдің балалары бір-бірімен еркін ойнай алатын бейбіт әлемде өмір сүргім келеді» деді балақай шеруге аттанар алдында.

Салтанатты старт Брумундаль қаласында, ағаштан жасалған әлемдегі ең үлкен нысан, биіктігі 85 метрден асатын ғимараттың жанында басталды. Шараға Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Еркін Ақынжанов, коммуна мэрі Рингсакер Анита Иле Стин, «Bike for Peace» қозғалысының негізін салған Торе Нэрланд, үкіметтік емес ұйым өкілдері, антиядролық қозғалыс белсенділері мен экологтар қатысты.

Қазақстан елшісі сөз сөйлеп, еліміздің сыртқы саяси бастамалары жайлы әңгімеледі. Оның ішінде әсіресе антиядролық мәселелерге қатысты шешімдеріне көбірек тоқталды.

«Қазақстан тәуелсіздік алған кезде ядролық әлеуеті бойынша әлемдегі төртінші ел болатын. Бұл мемлекет өзіне тиесілі бүкіл ядролық қарудың көзін жойды. Бұл - басқа ядролық елдер үшін көрнекті үлгі» деп атап өтті «Bike for Peace» қозғалысының жетекшісі Торе Нэрланд.

Ол Қазақстанға, оның ішінде Семейге жасаған сапарын жылылықпен еске алды.

Велошеру басталғаннан кейін қатысушылар Хамар қаласын бетке алды. Олар сол қаладағы мэрия ғимаратының алдына келіп тоқтады.

Веложарысқа қатысушыларды қала мэрі Эйнар Бустеруд қарсы алды. Қысқа үзілістен кейін жарысқа қатысушылар Хамардан Штанге шаһарына аттанды. Онда оларды мэр Нильс Рене күтіп алды.

Веложарысқа қатысу аясында Қазақстан елшісі Брумундаль, Хамар және Штанге қалаларының әкімдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Оның барысында елші оларды Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жуырда жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» Жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырды, коронавирусқа қарсы іс-қимыл бойынша біздің ел қабылдаған шараларға тоқталып, ауыл шаруашылығы, «жасыл» экономика, жаңартылған энергия көздері сияқты салалардағы өзара іс-қимылдың тиімді бағыттарын талқылады.

Алты күнге созылатын велошеру барысында қатысушылар Шығыс Норвегияның бірнеше қаласына барады.


Соңғы жаңалықтар