Жетелі ұрпақ тәрбиелеу үшін баланы қайда апару керек - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат құралдарына апталық шолуын ұсынады.

Жетелі ұрпақ тәрбиелеу үшін баланы қандай орындарға ертіп бару керек - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Ата-ана перзентін өнегелі болуға баулу үшін берер тағылымы мол, пайдалы ортаға ертіп барып, таныстырып отыруы керек. Сонда есейгенде жетелі адам болуына жол ашады!, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-та бала тәрбиесі туралы жазылған мақалада жетелі ұрпақ өсіру үшін ата-ана баланы жас кезінен жан-жақты жақсылыққа баулуы керек екені айтылған. Біз төменде осы мақаланың ықшамдалған өзекті деген тұсын ұсынамыз.

***

Белгілі педагог маман Тау Шиңжын «баланың ой-санасына, қос қолына, екі аяғына, жеке кеңістігіне, өзіне тиесілі уақытына шектеу қоймау керек. Олар еркін тұрмысқа кенелсе, балалар еркін өмірден шынайы тәрбие алады» дейді.

Балаға білім беру сыныптағы сабақ пен мектеп ауласында, отбасында ғана шектелмеуі тиіс. Балаңызды жетелі азамат болсын десеңіз, болашақ өміріне бағдар сілтейтін төмендегідей ерекше орындарға жетелеп апарғаныңыз жөн.

1. Баланы егіс алқаптарына апарып, еңбек ету арқылы егіншілік жұмыстарының қиындығын ұғындыруға талпыныңыз.


Қазіргі қоғамда сабақты үздік оқитын оқушылардың арасында бидайды сарымсақ деп танитын, сәбіздің топырақта өсетінін білмейтін, жержаңғақ ағашта өседі деп ұғатын балалар көптеп кездеседі...

Сондықтан баланы егіс алқаптарына апарыңыз, диқандардың топырақты қалай босататынын, тұқымды қалай себетінін, алқапты қалай суаратынын, өнімді қалай жинайтындығын көрсетіңіз. Мүмкіндігінше еңбекке баулып, қолынан келетін жұмыстарды істетіңіз. Бала бұдан ауыл шаруашылық өнімдерін танып-білумен қатар, егіншілік жұмыстарының қыр-сырын өз көзімен көреді.

Еңбек тәрбиесінің теориясын жасаушылардың бірі К.Д.Ушинский «Балалар жұмыс істейтін бау-бақшасы мен аз да болса жері жоқ мектеп шын мәніндегі мектеп бола алмақ емес», - деп атап көрсеткен.

2. Спорт ғимараттарына барып спортпен шұғылданып, бәсекеге толы жарыстарды көріп ерік-жігерді шыңдаңыз.

Грекиядағы Олимп тауына: «Дені сау адам болғың келе ме? Онда жүгір. Ақылды-зерек болғың келе ме? Онда жүгір», - деген сөз жазылған.

Қазіргі қызықты компьютерлік ойындар, сабақ пен тапсырма ауыртпалығы баланың көп уақытын алады. Көптеген балалардың қимыл-қозғалыс жасайтын уақыты аз. Сондықтан өсіп-жетілу кезеңінде балаларды спорт орталықтарына ертіп апарып түрлі спорт ойындармен белсенді шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып, ерік-жігерді шыңдап, өзіне деген сенімділігін арттыру аса қажет.

3. Кітапханаға апарып кітаптармен сусындату.


Балалар жазушысы Яң Хұңиың былай дейді: «Кітапхана тамаша орын, оған жиі барған адам өмір бойы игілікке кенелтеді. Балалар сыныпта отыра бермесін, оларды кітапханаға апарып тұру керек! Балалар өздерін кітапханаға апарғандарға өмір бойы алғыс айтатын болады».

Мамандар әлемде үлкен табысқа жеткен 35 адамды зерттегенде, олардағы екі түрлі ұқсастықты байқаған: Бірінші, ата-ана мен бала арасында мейірім мен ерекше сүйспеншілік болған; екіншісі, ата-анасы баласын үнемі кітапханаға апарып, кітап оқуға ынталандырып отырған.

Кітапханада тек кітап ғана бар, баланың назарын аударатын электрондық өнімдер, ойыншықтар жоқ. Сондықтан балалар жым-жырт ортада тыныш отырып кітап оқи алады. Кітапханада кітап түрлері өте көп, бұл баланың қызығушылығы мен ізденісін қанағаттандырып, олардың назарын аударады. Және ол өзіне ұнайтын кітаптарды таңдап оқи алады.

4. Университет ауласын аралатып, болашақ мамандық ордасын таныстыру.


Балаларды мынадай сұрақтар үнемі мазалауы мүмкін:

Не үшін оқимыз?

Келешекте қандай адам боламын?

Мектептен кейін қайда барамын, қандай дайындықтар жасауым керек?

Баланың танымын кеңейтіп, мінез-құлқын көркем ету үшін, танымал көрікті орындарды, отанының әсем тау-өзендерін көрсетіңіз. Ал егер баланы болашақта үздік маман болуға, білікті-білімді болуға жетелегіңіз келсе, университет ауласына ертіп барыңыз. Себебі, университетте білімді, алғыр, қайсар, еркін, жалынды жастар бар. Университет қарым-қабілетімен, қажыр-қайратымен білім алып шыңдалып шығатын ордасы. Арманға қанат қағатын орны. Сондықтан бала осындай ерекше ортаны көріп шабыт алады, жалынды жастарды өзіне үлгі етеді.

5. Балаңызға өз жұмыс орныңызды көрсетіңіз

Егер мүмкіндік болса баламызға өзіңіз жұмыс істейтін ортаны көрсетіңіз. Баламыз бұл ортадан да өзі білгісі келетін сұрақтарына жауап таба алады. Біз қоғамда не істеп жүрміз, отбасының түрлі қаржылық шығындарын ата-ана қалай жұмыс істеп, нәпақа тауып жатыр? Қоғамдағы әр жұмыстың орны мен маңызы, қажеттілігі т.б сұрақтар бұдан кейін баланы мазаламайтын болады. Жалпы алғанда баланың танымы жақсы жаққа қарай өзгереді.

Шынайы өмір болмысынан ақиқат туындайды, тұрмыстан тәрбие қалыптасады. Балаңыздың көруі, үйренуі, әрекеті, бастан кешіруі, сезінуі үшін жоғарыда аталған орындарға ертіп апарыңыз!


Қарақалпақстанда «Ақындар аллеясы» ашылып оған Абай ескерткіші орнатылды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Қарақалпақстанның Мойнақ ауданы орталығында жаңадан «Ақындар аллеясы» ашылып оған әдебиетте өшпестей із қалдырған Әлишер Науаи, Әжинияз, Бердақ, Күнқожа, Абай, Пушкин және Мактумқули сынды ақындардың бюст ескеркіші орнатылды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.


«Бас прокуратураның қолдауымен бой көтерген осынау аллеядағы ақындар бюсты қасына мәңгілік мөрлі туындыларынан бір шумақтан өлеңдері жазылған. «Ақындар аллеясы» жастардың рухани және мәдени деңгейін көтеретін, оқуға деген қызығушылығын арттыратын, сонымен қатар көрші халық ақындарының өмірі мен шығармашылығымен танысатын ерекше кешенге айналды. Бұл аллеяда алдағы уақытта түрлі мәдени шаралар мен түрлі көрмелер өтіп тұратын болады», - деп жазады «ӨзА» агенттігі.


Алтай аймағы «Мәдени және табиғи мұра күнін» атап өтті - «Алтай ақпарат » сайты


Қытайдың Алтай қаласындағы «Аққайың паркінде» Шыңжан өлкесінің «Материалдық емес мәдени мұра апталығы» мен Алтай аймағының «Мәдени және табиғи мұра күніне» арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды altxw.com сайты.


«Аталған іс-шарада Алтай аймағының Материалдық емес мәдени мұраларын жазбаша және сурет көрмесі арқылы жұртқа таныстырып, көпшілікке оның құндылығы, ұрпаққа аманаттап қорғап, дамытудың маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ, мерекелік шара барысында халық назарына чор және сыбызғы секілді материалдық емес мәдени мұра қатарына енген музыка аспаптарымен ойналған күйлер ұсынылды. Қазіргі күні Алтай аймағында ерекше қорғауға алынған материалдық емес мәдени мұра қатарына халықтық әдебиет, халықтық музыка, халықтық би, дәстүрлі қолөнер, дәстүрлі емшілік, дәрі-дәрмек секілді түрлі салалар енген. Бұның ішінде мемлекет дәрежелі 5 нысан, өлке дәрежелі 42 нысан, аймақ дәрежелі 175 нысан бар», - деп жазады «Алтай ақпарат» сайты.


«Алтын адам» 26 елді аралады - TRT


Түркі өркениетінің ерекше жәдігерлерінің бірі, 2500 жылдық тарихы бар «Алтын адам» үш жылда әлемнің 26 елін аралады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

««Алтын адам» - 1969 жылы Қазақстандағы Есік қорғанынан табылған. Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Қазақстан осы керемет жәдігерді әлемге таныстыру мақсатымен, 2017 жылдан бері «Алтын адамды» әлемді шарлауға аттандырды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, «Алтын адам» үш жылда 26 елдің мұражайларында көрмеге қойылған. Өткен жылы Анкара мен Ыстанбұлға да келген. Оған түрік ағайындар өте үлкен қызығушылық танытты. Әзербайжан мен Татарстанда да «Алтын адам» көрмесі жұрттың ерекше ықыласын оятты. Қазақстан жерінен алғашқы «Алтын адамнан» басқа қазірге дейін осындай 7 жәдігер табылған. «Алтын адам» көрмесіне енді Еуропа елдерінен де көптеп сұраныс түсуде», - деп жазады TRT.


Неміс депутаты 101 жасында зейнетке шықты - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Германияның Кирххаймболанден қаласы кеңесінің депутаты Лисель Хайз, жасы 101-ге келген шақта зейнетке шықты, деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

«Депутат Лисель Хайз жасы үлкен болғандықтан емес, денсаулығының сыр беруіне байланысты, көзінің көруі мен есту қабілетінің төмендеуі жиналыстарда қатысуына кедергі келтіргені үшін отставкаға кетуге шешім қабылдағаны жөнінде жазады «Deutche Welle» басылымы. Лисель Хайз 2019 жыл 100 жасқа келген шағында саясатқа бет бұрып, депутаттық мандатқа ие болған екен. Коронавирустық пандемия кезіндегі карантиндік шаралардың жеңілдеуіне орай өткен кеңестің жиынында Лисель Хайзды шығарып салу ресми рәсімі өткен», - деп жазады «ӨзА».


Иран мен Қазақстан Парламенттерінің екі елдің достық қарым-қатынасын нығайтудағы рөлі қуатталды - «Фарс » ақпарат агенттігі


Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Иран мен Қазақстан Парламенттерінің екі елдің достық қарым-қатынасын нығайтудағы рөлін қуаттады, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

«Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің мәдениет және қоғамдық қатынас департаментінің хабарлауынша, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мұхаммед Бағер Қалибафқа жіберген хатында Қазақстан мен Иран арасындағы достық қарым-қатынастың одан ары нығая түсетініне үміт білдірді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қалибафты Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы болып сайланғанымен құттықтап: «Екі ел Парламенттерінің өзара қарым-қатынасты дамытуда айтарлықтай үлеске ие екендігі анық»,-деді», - деп жазады Рarstoday.



Соңғы жаңалықтар