Жергілікті маңызы бар мәселелер неғұрлым жедел шешіледі - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрлігі аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігін кеңейтуге қатысты құжаттың қабылдануына орай жаңа қадамдарға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, биыл 30 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылды.

«Заң бірқатар нормативтік құқықтық актілерге аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің кіріс базасын кеңейту, бюджеттік рәсімдерді оңайлату, әкімшілік-аумақтық бірліктерге қойылатын талаптарды жетілдіру, дербестікті кеңейту және жергілікті өкілді әрі атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейтуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді», - делінген министрлік мәліметінде.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту үшін бюджеттің IV деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрі берілетін болады. Бұдан басқа, бюджеттік рәсімдер жеңілдетіледі. Атап айтқанда, ауылдық округ әкімі аппараты үшін бюджетке жиырма пайыздан аспайтын көлемде түзету енгізіледі. Түзету жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша жүргізіледі.

Бюджет кодексіне қаржы жылы ішінде аудан мен ауылдық округ бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемінің өзгеруіне жол бермейтін нақтылаушы норма енгізіледі.

«Тағы бір түзету әкімшілік-аумақтық бірліктер санатын өзгерту тәртібін анықтайды. Қала мәртебесінің өзгеруі сәйкес келмеген жағдайда бес жыл ішінде, ауылдар – үш жыл ішінде жүзеге асырылатын болады.

Заңда мәслихат пен олардың депутаттарының мәртебесін арттыру, атап айтқанда, мәслихат сессиясының төрағасы лауазымын тарату және оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру көзделген», - деп атпалып өткен хабарламады.

Құжат Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.

Бұл тұрғыда қабылданған шаралар өңірлердің дербестік және жауапкершілік деңгейін арттыруға әрі жергілікті маңызы бар мәселелерді неғұрлым жедел шешу үшін бюджеттік рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар