Жерді пайдалануға бақылау міндетті түрде күшейтіледі - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы жерлердің ғарыштық мониторингі бойынша қанатқақты жоба іске асырылуда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пайдаланылмай жатқан жерлер тақырыбына тоқталған министр, «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуын бақылауды міндетті түрде күшейтетін боламыз. Мұнда бізге заманауи ғарыштық мониторинг әдістері көмекке келетін болады, бұларды жүзеге асыруға заңнамалық база дайын. Бүгін көрмеде Сіздерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ғарыштық мониторингтеудің 4 тәсілдемесі таныстырылды. Мұның артықшылығы – ашықтығы мен адами фактордың болмауында. Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы ғарыштық мониторинг бойынша қанатқақты жобаны іске асыру барысында барлық мәселелер реттеледі деп ойлаймын», - деді министр Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Оның сөзіне қарағанда, аталған төрт облыста биылдың 1 мамырына дейін қанатқақты жоба жүргізіледі.

«Жалпы, жерді ғарыштық мониторингтеу қазіргі кезде өзекті болып отыр, алайда, ғарыштық түсірілімдерді бақылаусыз пайдалану күтілетін нәтижелер бермейді. Сондықтан бұл мәселеде мемлекеттік реттеуді пысықтау және келешекте жерлерді ғарыштық мониторингтеудің бірыңғай тұғырнамасын құруға тырысу қажет деп ойлаймын. Бұл жұмыспен біз қазір айналысып жатырмыз», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

С. Омаровтың айтуынша, пайдаланылмай жатқан жерлерді алып қою мәселесін жеделдету үшін министрлік жер, кәсіпкерлік және салық кодекстеріне тексеру кезеңдерін азайтуды және пайдаланылмайтын жерлерді алып қою мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға қысқартуды, сондай-ақ пайдаланылмайтын жерлерге салынатын салықты 20 есеге ұлғайтуды көздейтін түзетулер әзірледі.


Соңғы жаңалықтар