Жер заңнамасын бұзған әкімдер жауапкершілікке тартылады - Махамбет Досмұхамбетов

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында пайдаланылмаған жер телімдерін мемлекетке қайтару туралы тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл Елбасы мен Президенттің бақылауындағы тапсырма. Меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың пайдаланылмаған немесе мақсатқа сай пайдаланылмаған жер телімдерін анықтап, қайтару, басқа да бұзушылықтарды болдырмау жұмыстары қарқынды жүргізілуі керек», -деп атап көрсетті Махамбет Досмұхамбетов.
Берілген жер телімдеріндегі бұзушылықтар туралы Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев айтты. Мониторинг қорытындысы бойынша проблеманың басым көпшілігі аймақтағы екі ауданда ғана - Махамбет, Исатай аудандарында анықталған. Мысалы, соңғы үш жылда Исатай ауданында 18 мың га жер мақсатқа сай пайдаланылмаған. Махамбет ауданында көрсеткіш бұдан да жоғары – 23,3 мың гектар.
«Сараптама жұмыстары жер телімдерінің заңсыз берілуі аудан әкімдері мен жер қатынастары бөлімі басшыларының кінәсі екенін анықтады, өйткені, рұқсат құжаттарын жергілікті атқарушы органдар береді» , - деді Мұрат Өтешев.
Қоғамдық кеңес төрағасы коммерциялық мақсатта беріліп, кейін меншік иелері жеке құрылыстарын жүргізген жер телімдерін мысалға келтірді. Осылайша көптеген үйлер заңсыз деп танылып отыр. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы қажеттілігіне берілген жер телімдеріне де қатысты. Он мыңдаған гектар жер ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай келеді. Бірқатары сот шешімімен мемлекетке қайтарылған, бірақ проблема әлі бар. Облыс әкімі құзырлы органдарға жердің берілуі мен пайдаланылуына мониторинг пен бақылау жүргізуді тапсырды.
«Біз бар байлығымызды тиімді пайдалануымыз керек. Жер телімдерін беру, заңсыз құрылыс салуға қатысты қабылданған заңсыз шешімдер аз емес. Пайдаланылмаған жер телімдері проблемасы да бар. Әрине бұл мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес, бірақ заңды түрде шешім қабылдауымыз керек. Енді ондай бұзушылықтарға жол бермеу қажет. Онсыз бұл проблема тек тереңдей береді», - деп қадай айтты Махамбет Досмұхамбетов.


Аймақ басшысы қала мен аудан әкімдеріне жер телімдерін беру кезінде барлық құқықтық рәсімдерді сақтау керектігін тапсырды.
«Осы нормаларды бұзған әкімдер жеке жауапкершілікке тартылады. Коммерциялық мақсатқа және ауыл шаруашылығына жер телімдері аукцион, конкурс арқылы берілуі тиіс. Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімі кезек бойынша беріледі. Инженерлік инфрақұрылым жүргізілмеген жер де берілмейді. Заңсыз деп танылған жерлердегі жеке құрылыстарды тоқтату керек», - деп қорытындылады Махамбет Досмұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар