Жер үйде пеш жаққан кезде өрттен қалай сақтану керек - маман кеңесі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары үйді пешпен жылытқан кезде өрттен қалай сақтану қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қыс кезінде жер үйлерде өрт шығудың негізгі себептерінің бірі – жылыту пештері болып отыр.

Осы жылдың 11 айындағы көрсеткіш бойынша өңірде пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан 284 өрт тіркелді, бұл жалпы өрт санының 15%-ын құрайды.

«Демалыс күндері үй иелері монша жаққанда да жиі өрт шығып жатады. Осы ретте тұрғындарды аса сақ болуға шақырып, жылыту пештерінің талапқа сай болуы қажеттігін ескертеміз» деп хабарлады ведомство өкілдері.

Мамандардың айтуынша, пеш құбыры мен мұржасының тым жоғары температурада болуынан от тұтануы қаупі бар.

Бұдан бөлек, түтіндіктегі жарықтан газ бен ұшқынның жанғыш материалдарға таралуынан жалын шығуы ықтимал.

«Өрттің және иіс тиюдің алдын алу үшін бірқатар сақтық шараларын қаперіңізде ұстаңыз. Пеш пен мұржа сыланған, ақталған болуы қажет. Жылыту маусымы кезінде мұржаны екі айда кемінде бір рет тазалау керек. Пештің маңайына, үстіне киім жайып, аяқ киім кептіруге, жиһазды пешке жақын қоюға тыйым салынады. Сонымен қатар пеш жаққан кезде отты тез тұтататын сұйықты пайдалануға, жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға болмайды. Пешті үнемі тексеріп, саңылауы болса бітеп тастаған абзал» дейді мамандар.


Соңғы жаңалықтар