Жер комиссиясы: АШМ жанынан ауылдық аумақтарды дамыту комитетін құру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі арнайы комитет құру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комиссияның экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобы Салық кодексіне ауылшаруашылық жерлеріне түскен салықтарды төртінші деңгейдегі бюджетке аудару бөлігінде өзгерістер енгізу мәселесін комиссияның қарауынан алып тастауды ұсынды.

«Бұл сұрақты күн тәртібінен алып тастауды ұсынамыз. Өйткені аталған мәселеге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тиісті заң жобасы қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатыр», - деді жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев.

Өз сөзінде А.Күрішбаев аграрлық елдерде ауылдық аумақтардың дамуы Ауыл шаруашылығына жауапты министрліктің құзырындағы мәселе екенін еске салды.

«Тағы бір мәселе – ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан ауылдық аумақтарды басқаруды құру комитетін құру. Бұл сұрақ тікелей жер реформасына тиісті болмаса да, ауылдық елді мекендерді дамытуға байланысты. Өздеріңіз білесіздер, ауылдағы жағдай шынында да оңай емес. Жұмыссыздық көбеюде, біраз инфрақұрылымдық мәселелер шешілмей тұр. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған арнайы «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасын қабылдап, АШМ жанынан арнайы комитет ашқанымыз дұрыс болар еді. Былтыр Парламенттік тыңдауда да Парламент Сенаты Үкіметке осындай ұсыныс берген. Көптеген Еуропа мемлекеттерінде, Канада, Аустралия, Ресей, Беларусь және тағы басқа аграрлық елдерде ауылдық аумақтар мәселелері Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында реттеледі. Өйткені аграрлық өндіріс пен ауылдық аумақтарды дамыту біртұтас дүниенің екі бөлігі», - деді комиссия мүшесі.

Оның айтуынша, бұл ұсынысты экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының мүшелері толықтай қолдаған.

Аталмыш шарада Ақылбек Күрішбаев халыққа жайылымдық жер беруде бюрократия өте көп екенін айтқан болатын.

Осы аптада Мәжіліс жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады.

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин осы заң жобасының мақұлдануы туралы пікір білдіргенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар