ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Жан әкем, мен өзіңді 67 жыл өткенде іздеп таптым!

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жау қолынан қаза болған жауынгер әкем Шәкір Ақпанбетовтің жерленген жерін 67 жыл өткенде барып тауып алған едім...

Алапат соғыста хабарсыз, із-түссіз кеткен боздақтар қаншама? Елде қалған жақын туыстары оларды «кебін емес, кебенек киіп кетіп еді», - деген үмітпен сарыла күтті. Олар үміт отын өшірмей, әлі де күтуде. Күтумен өтіп жатқан ғұмыр әлі де жалғасуда. Хабарсыз кеткендердің дерегі әлі де шығып, аптап ыстықтағы бір желпінтіп өтетін самал жел іспетті жарымжан көңілдерді бір жадыратуда.

Хабарсыз кеткен әке дерегін арада 70 жылға жуық уақыт өткенде естіп, көңілімді демдеп, сонау Ресей жеріндегі бауырластар зиратына жерленген әкесінің басына барып зиярат етіп қайтқан адамдардың бірі мен едім. Әлі де болса, беттері сарғайған құжаттар мен фотосуреттерді көргенде жан әкем есіме оралып, бойымды сағыныш сезімі билейді.

Өзім жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы өңірінің тумасымын. Әкем Шәкір Ақпанбетов 1942 жылы Октябрь ауданының Кеңес ауылынан әскерге шақырылды. Айы күні жетіп отырған анам Рақия соның алдында ғана бір ай бұрын әпербақан бригадирдің дауысынан шошып, түсік тастап, қайтыс болып кеткен-ді. Шешеміздің ғапыл қазасынан басымызға түскен қайғы бұлты сейілмей жатып, әкеміз қан майданға жол тартты. Осылайша ағаларым Қинаят пен Нұрмұхамбет үшеуіміз 74 жастағы әжеміз Балкүмістің панасында қалдық. Ол кезде мен 10 жастамын, бірақ соғыс ойын балаларын ерте есейтті ғой.

Иә, жанды да, тәнді де қаңтардың аязындай қарыған сол бір қытымыр кезең қалайша есінен шықсын? Көздері жаутаңдаған үш балаға қамқор болып жүрген Балкүміс әжей қыршын кеткен келіні мен әскердегі баласын ойлап, көз жасын сығып алады анда-санда. Оған қосылып, бізде еңіреп жылап аламыз.

Әкемнің соңғы хаты 1942 жылдың қараша айында келді. «Жеңіл жараланып, қайтадан сапқа тұрдым, таяу күнде ұрысқа енгелі тұрмыз», - деп жазыпты сол хатында, кейін хабар-ошар сап тыйылды. Сонан не керек, арада 1 жыл өткенде, 1943 жылы қара қағаз келді. Оның өзін жоғалтып алдық қой кейін. Уақыт қандай да болсын жараны емдеп жазады ғой. Жыл өткен сайын қайғы жүгі де бірте-бірте жеңілдеді. Бірақ өзім ойлаушы едім, шіркін-ай, әкемнің жерленген жерін тапсам ғой деп. Әйтеуір басына барып дұға қылып қайтсақ та дәтке қуат қой. Соғыс аяқталған соң хабар салып, іздестірем бе деп жүрген Қинаят ағам жол апатынан қайтыс болып, басқа да жағдайлар киіп кетіп, бір сәті түспей қойды. Қолдан келері жыл сайын 9 мамырда әкемнің аруағын еске алып, дұға бағыштаймын. Алайда, сығырайып жанған майшамның сәулесіндей кеудедегі үміт оты өшпей келіп еді. Ақыры сол үміт оты жарқырай жанды.

... - Мама, мен атамыздың жерленген жерін таптым, - деп немерем Әділбек телефон шалғанда әуелгіде не болғанын түсінбей қалған едім. (Немерем мені әлі күнге дейін осылай атайды)

- Құлыным-ау, не дейсің, қайдан дейсің, шын ба? - деп абдырап қалдым.

Сөйтсем, компьютер алдында жиі отыратын немерем Әділбек ғаламтор арқылы атасы Шәкір Ақпанбетов жерленген зиратты тауыпты. Сол қуанышын әжесіне жеткізгелі асыға телефон шалып тұрған беті екен. Бұл 2009 жылдың маусымы еді. Алғашында сенбегенім рас. Бірақ немеремнің компьютердегі атасына қатысты барлық деректерді тақылдатып, нақпа-нақ айтып бергенде сенбеске шарам қалмады. Үйде жалғыз отыр едім, «Шынымен табылдың ба әкетайым-ай», - деп ебіл-дебілім шығып, нешеме жылдар бойы кеудеде запырандай жиналған шерімді тарқатып еңіреп тұрып жылап алдым.

Қаншама жылдар бойғы арманым аяқ астынан орындалған соң жедел жол қамына кірістім. Ендігі мақсат-тілек біреу ғана. Ол әке рухына тағзым етіп, бейітіне зиярат етіп қайту.

Немеремнің интернеттен алып берген құжат жазбаларында: «РСФСР, Воронеж облысы, Краснолесный поселкесі, Графская стансасы, №35 бауырластар зираты. Бұл жерде 79-шы темір жол батальонының, 5-ші темір жол бригадасының жауынгерлері жерленген. Олар 1942 жылдың шілде айында қаза болған», - деген сөздер жазылған. Зиратта жерленген жауынгерлер тізімінде қызыл әскер Ақпанбетов Шәкір 7-ші болып тұр. (Мұнда Ақтанбетов деп қате жазылған). Одан кейін қатардағы жауынгер Жұма Авизов, сержант Иван Абрасов, лейтенант Дмитрий Аверьянов... тізім осылайша жалғасып кете береді. Барлығы 209 жауынгер. Туған жерлерінен топырақ бұйырмай, жат жердің бүйірін томпайтқан қайран боздақтар!..

Сөйтіп, 2010 жылдың шілде айында Ресейдегі Воронеж жеріне табанымыз тиді. Ол жаққа бармас бұрын әскери комиссариат арқылы деректерді тағы бір анықтап алдық та жолға шықтық. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп деген емес пе, жалғыз өзіме жол жүру қайдан келсін, жаныма немере сіңілім Әлима мен кіші ұлым Жанболат ерді.

Графская стансасы Воронежден небары 20-30 шақырымдай ғана жерде екен. Сол арадан бізді Краснолесный поселкелік кеңесінің қызметкері Марина Николаевна Воронина есімді жылы жүзді әйел күтіп алып, зират басына ертіп жүрді. Енді сол кездегі жүрек толқынысымды тілмен айтып жеткізе алмаймын. Алдымнан әкем шығып, «Құлыншағым келдің бе? - деп маңдайымнан иіскеп, құшағына басатындай бір түрлі алакүлік күй кештім. Көңілім ұйқы-тұйқы, көзімде жас...

...Әке қабірінің басында томпиған төмпешікті құшақтап ұзақ жыладым. «Жан әкем, менің келгенімді саған Алла Тағалам сездірсін, перзентіңнің сартап болған сағыныштан топырағыңа тамған көз жасын балаңның өзіңді аймалауы деп білерсің. Жаным әкем, осыншама кешіккеніме ренжімессің, осы күнді қаншама күткенімді сезсең етті?» деп егілдім. Әбден шерімді тарқатып, мауқымды басқан соң арнайы алып келген туған жердің топырағын әке қабіріне төгіп, сол жердің бір уыс топырағын орамалға түйіп алып, бар білген аят сүресін оқып, орнымнан тұрдым.

Бұдан кейін бауырластар зиратынан шыққан соң әкемнің бір тамшы да болса қаны тамған жер ғой деп стансадағы госпитальге бардық. Сонан соң әскери комиссариатқа барып, арнайы алып келген сәлем-сауқатымды тапсырдым. Сол күннің кешінде қайтадан пойызға отырып, елге бет түзедік.

Иә, арада 70 жылға жуық уақыт өткенде табылған әкемнің дерегін тауып, қанша жыл бойы бір хабар болар деп үміт жібін үзбеген перзентінің сартап болған сағыныш сезімін, жүрек толқынысын бір мақалаға сыйдыртып, айтып жазу мүмкін бе?

Графская стансасында болғанымызда Марина Николаевна мына бір жайды айтып еді. Бауырластар зиратына жерленген жауынгерлердің есімдерін жария етуде әскерден жараланып қайтқан, мектепте тарих пәнінен сабақ берген жергілікті жердің бір азаматы көп еңбек сіңіріпті. Ол қаза тапқан жауынгерлердің госпитальде жиналып қалған құжаттарын, жеке кәртішкелерін реттеп, осы бауырластар зиратындағы боздақтардың тізімдерін бір ретке келтірген екен. Ол адаммен кездесуге тағдыр жазбапты, осыдан 2 жыл бұрын қайтыс болып кетіпті. Өкінішке орай, ол кісінің аты-жөнін де анықтап сұрап алмаппын.

Дегенмен, көңілге демеу болатыны - араға 67 жыл салып барып, әке қабірінің табылғандығы. Ендігі жерде артында қалған ұрпақтары алыста жатқан жауынгер әкем Шәкір Ақпанбетовтің бейітінің басына барып дұға оқып, зиярат етіп тұрады бұдан былай. Бұған да шүкіршілік. Осыған тәубе қыламын.

Кәсира Шәкірқызы

Соңғы жаңалықтар